Спорт • 13 Маусым, 2023

Алдыңғы лекте – АҚШ

305 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Жақында «Egemen Qazaqstan»-да Біріккен күрес әлемінің (UWW) жаңартылған рейтингі жайында көлемді екі мақала жарық көрді. Ол жерде біз әйелдер мен грек-рим күресі туралы біраз әңгіме қозғадық. Бүгінгі тақырыбымыз – еркін күрес. Әлемде осы спорт түрінің даму барысы қалай? Қазақ елі балуандарының өнері жанкүйерлердің көңілінен шығып жүр ме? Дәл қазір осы сауалдар төңірегінде әңгіме өрбітудің реті келіп тұр.

Алдыңғы лекте – АҚШ

Еркін күрес шеберлерінің әлемдік рейтингінде Грузия мен АҚШ ба­луандарының өзгелерден мысы басым. ТОП-10-дықта Қап тауының 11 және Американың 10 апайтөсі бар. Иран құрамасының да қарқыны күшті. Парсы елінің 8 пехлеваны сол тізімге еніп отыр. UWW рейтингінде Әзер­байжанның – 7, Моңғолияның – 6, Түркияның – 5, Армения, Қыр­ғызстан, Үндістан, Болгария, Украи­на, Польшаның – 4, Пуэрто-Рико, Ма­жарстан және Словакияның 3 өкілінің есімін кезіктірдік. Көшбасшылар жа­йында айтар болсақ, бұл тартыс­та АҚШ алдына жан салар емес. 10 сал­мақ дәрежесінің үшеуінде амери­калықтар бірінші орында тұр. Түр­кияның екі балуанының өзгелерден тұғы­ры биік. Олардан бөлек, Армения, Иран, Қырғызстан, Словакия және Гру­зияның да сайыпқырандары топ басында келеді. Осы мәліметтерден-ақ, аталған спорт түрі қай мемлекеттерде қарқынды дамып келе жатқанын анық аңғаруға болады.

Қазақстан ұлттық құрама командасы мүшелері арасында ең жақсы нәтижеге Азамат Дәулетбеков қол жет­кізіп отыр. 29 жастағы жерлесіміз былтыр Белградта өткен әлем чемпио­натында қола медальді мойнында жарқыратып, күллі қазақ қауымын қуантқан еді. Азия біріншілігінде ол 2 алтын, 1 күміс және 1 қола медаль иеленді. Биыл Астанада жалауы желбірген сары құрлықтың бас­ты додасына Азаматтың асқан шебер­лігіне тәнті болдық. Барлық қар­сыластарын қапы қалдырған ол финалда ирандық Әлиреза Каримиді жең­генде, Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайына жи­налған жұрттың бөріктерін аспанға атып қуанғаны есімізде.

Соңғы уақытта отандық еркін күрес шеберлері арасында ең нәти­желі өнер көрсетіп жүрген дәл осы Дәу­летбеков екенін жанкүйерлер жақсы біледі. Қазақтың ұлы тек Сло­вакияның намысын қорғайтын осетин жігіті Борис Макоев (әлем чемпионатының күміс және қола жүлдегері, Еуропа біріншілігінің қола жүлдегері) пен Польшаның дүлдүлі Себастьян Езежаньскиден (Еуропа чемпионатының екі дүркін қола жүл­дегері) қалып келеді. Тіпті, ирандық Хасан Яздани (Рио Олимпиадасының жеңімпазы, Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері, әлемнің үш дүркін чемпионы, екі мәрте финалисі, бір мәрте қола жүлдегері, Азия ойындарының жеңімпазы, құрлықтың екі дүркін чемпионы), америкалық Давид Тейлор (Токио Олимпиадасының жеңімпазы, әлемнің екі дүркін чемпионы және бір мәрте күміс жүлдегері, Панамерика чемпионатының екі дүркін жеңімпазы), әзербайжандық Әбубакр Абакаров (әлем және Еуропа чемпионаттарының жүлдегері), испаниялық Таймураз Фриев (әлем чемпионатының қола жүлдегері) сынды атақтары алысқа жайылған жампоздардың өздері біздің Азаматтан төмен тұр.

UWW рейтингінің ТОП-10-дығына тағы бір қандасымыз еніп отыр. Ол – Рахат Қалжан. 57 кило салмақта бел­десіп жүрген балуандар арасында Рахат тоғызыншы орынға тұрақтады. 25 жастағы Қалжан көптеген халық­аралық додаларға қатысып, былтыр Ұланбатырда және биыл Астанада жалауы желбіреген құрлық біріншілігінде күміс пен қола медальді мойнына ілді. Өкінішке қарай, өзге еркін күрес шеберлерінің қарқыны баяу. Әлемдік рейтингте олар мынадай орындарға табан тіреді: Дархан Есенғали (74 кило) мен Болат Сақаев (79 кило) – 11, Нұрболат Абдоллаев (61 кило) – 12, Ризабек Айтмұхан (92 кило) – 13, Юсуп Батырмурзаев (+125 кило) – 14, Бекзат Үркімбай (97 кило) – 15, Жігер Зәкіров (79 кило) – 19 және Санжар Досжанов (70 кило) – 20 орын.

Десек те биыл көктемде Астанада өткен Азия чемпионатында төрт балуа­нымыз жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтеріліп, тағы бір­не­шеуі жүлдегерлер санатынан көрінгені белгілі. Сол жарыста Азамат Дәу­летбеков пен Болат Сақаевтан бөлек, Дархан Есенғали, Санжар Досжанов және Ризабек Айтмұхан секілді дарынды жастар дараланған болатын. Алғашқы екеуі алтын алса, үшіншісі күміс медальді еншіледі. Жалындап тұрған осы жігіттер алдағы уақытта да дүбірлі додаларда ел намысын абы­роймен қорғап, сонымен қатар әлем­дік рейтингтегі жағдайларын да жақ­сартады деп үміттенеміз.

 

Еркін күрестен әлемдік рейтингтегі үздік үш балуан

57 кило:   1. Томас Гилман (АҚШ), 2. Ванхао Зоу (Қытай), 3. Зелимхан Абакаров                        (Албания).

61 кило:   1. Арсен Харутунян (Армения), 2. Рэй Хегучи (Жапония), 3. Реза                                Атри (Иран).

65 кило:   1. Рахман Амузад (Иран), 2. Янни Диакомихалис (АҚШ), 3. Сеюастьян                       Ривейра (Пуэрто-Рико).

70 кило:   1. Ерназар Акматалиев (Қырғызстан), 2. Аллен Редхерфорд (АҚШ),                      3. Таиши Нарикуни (Жапония).

74 кило:   1. Сонер Демирташ (Түркия), 2. Кайл Дэйк (АҚШ), 3. Таймураз                                    Салказанов (Сербия).

79 кило:   1. Джордан Барроуз (АҚШ), 2. Василий Михайлов (Украина), 3. Бекзод                        Абдурахмонов (Өзбекстан).

86 кило:   1. Борис Макоев (Словакия), 2. Себастьян Езежаньски (Польша), 3.                          Азамат Дәулетбеков (Қазақстан).

92 кило:   1. Мириани Майсурадзе (Грузия), 2. Камран Гасемпур (Иран), 3.                                  Осман Нұрмагамедов (Әзербайжан).

97 кило:   1. Кайл Снайдер (АҚШ), 2. Батырбек Цакулов (Словакия), 3.                                        Владислав Байцаев (Мажарстан).

125 кило: 1. Таха Ақгүл (Түркия), 2. Гено Патрашвили (Грузия), 3. Лхагвагерел                          Мұңхтұр (Моңғолия).