Таным • 13 Маусым, 2023

Бақыт индексі қай деңгейде?

2007 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жыл сайын тәуелсіз сарапшылар тобы әлем халықтары арасында сауалнама жүргізе отырып, Бақыт индексінің көрсеткіштерін анықтайды. Бұл индексті анықтайтын зерттеулердің ішінде «World Happiness Report 2023» және «Global Happiness 2023» есептері бар.

Бақыт индексі қай деңгейде?

Осы зерттеулердің нәтижелеріне шолу жасап көрсек. «World Happiness Report 2023» – жыл сайын тәуелсіз сарапшылар әзірлейтін көлемді зерттеу. Ал «Global Happiness 2023» дайындайтын «IPSOS» компаниясы – 90 нарықта жұмыс істейтін және 18 мыңнан астам қызметкері бар ірі маркетингтік зерттеу компаниясы. Ондағы зерттеуде әлемнің 32 елінде, 18-74 жас арасындағы 22 508 адамды қамти отырып «Global Advisor» онлайн платформасы арқылы өткізілген.

20 наурызды Халықаралық бақыт күні деп жарияланғанына 10 жыл толып отыр. БҰҰ Бас Ассамблеясы 66/281 қарарын осы мәселеге арнаған. Бүгінгі таңда мемлекеттердің жетістігін бағалауда халықтың бақытты болу көрсеткіші өзекті. Бақыттың өлшемі туралы мамандар ара­сын­дағы көзқараста да консенсус күшейіп келеді. Бақыт ендігі кезекте үкіметтер орындайтын мақсатқа айналуы ықтимал.

Ұлт бақытын өлшеудің кең таралған жолы – халықтың репрезентатив бөлігі­нің өз өміріне қанағаттануы туралы сауал­дамаға жауабы. Азаматтардың тұрмысы әлеуметтік қамтылған және дені сау болса, олардың өмірге қанағаттану деңгейі де жоғары болады. Қоғамда Аристотель айтқан «эвдемония» (адам іс-әрекетінің негізі оның бақытқа ұмтылуында деп қарастыратын этика бағыты) деңгейі жоға­ры болуы керек, сонда өмірге қанағаттану сезімі қатар жүреді.

Азаматтардың бақыты үкіметтің мақ­сатына айналған соң, бұл институ­ционалдық тәжірибеге де терең әсер етеді. Жұмыс, отба­сылық өмір және жалпы қоғам сапасы секілді денсаулық, әсіресе психикалық денсаулық үлкен басымдыққа ие болады.

Қазіргі кезеңде мемлекет саясатын азаматтардың әл-ауқат өлшемі бойынша бағалаудың өзектілігі артып келеді. 2020-2022 жылдардағы өмір сүру ұзақтығы көптеген елде пандемияға дейінгі кезеңмен шамалас болды. Өмір сүру ұзақтығы бойын­ша Финляндия алты жыл қатарынан 1-орында тұр. Соғыстан зардап шеккен Ауғанстан мен Ливан сауалдамадағы ең бақытсыз елдер болып қалды, мұндағы өмірдің орташа деңгейі ең бақытты он елге қарағанда бес ұпайға төмен (0-ден 10-ға дейінгі шкала бойынша).

Әлемдегі бақыт алшақтығы айтар­лықтай тұрақталып келеді, дегенмен көп­теген Африка елінде бұл көрсеткіш алшақтығы жоғары.

Халықтың әл-ауқаты мен табысының артуы – бақыт индексіне әсер ететін көрсет­кіштердің бірі. Жаһандық ауқымда кедей­лік көрсеткіші COVID-19 таралған үш жылда аздап төмендеген. Бұл құбылыс дағдарыс кезінде сенім мен әлеуметтік қолдаудың адамдардың бақытты болуына қаншалықты әсер ететінін көрсетеді. Оны төмендегі 4 мысалдан көруге болады.

2020-2021 жылдары инфекцияның таралуымен күрескен елдерде өлім-жітім деңгейі төмен болды және әл-ауқат жақсарды. Осы жылдары жаһандағы қайырымдылық деңгейі де артқан. 2022 жылғы деректер просоциалды («басқа адамдарға немесе жалпы қоғамға пайда әкелетін», «көмек көрсету, қайырымдылық жасау») әрекеттер пандемияға дейінгі кезеңмен салыстырғанда шамамен 4/1-ге жиі екенін көрсетеді.

2022 жылы әлеуметтік байланыстар мен өзара қолдау әлемнің алты аймағын қамтитын 7 мемлекетте жалғыздыққа қара­ғанда екі есе жиі кездескен. Бұл екі көр­сеткіш адамдардың басқалармен қарым-қатынасын бағалауда маңызды болды.

Мемлекеттің әл-ауқаты мен тиімді жұ­мысы адамдардың бақытты болуына үлкен әсер етеді. Мемлекеттің әлеуетін оның қаржылай мүмкіндігі (инвестиция тарта алуы); ұжымдық әлеуеті (қызмет көрсе­те білу); құқықтық әлеуеті (заңның үс­тем­дігі) арқылы өлшеуге болады. Аза­мат­тық соғыстың және репрессияның алдын алу да мемлекеттің әлеуеті үшін өте маңызды.

Әртүрлі елде осы көрсеткіштің барлығы адамдардың өз өміріне қанағат­тануымен байланысты. Осы көрсеткіштерді қолдана отырып, мемлекеттерді 3 кластерге жік­теуге болады: ортақ мүддесі бар, ерекше мүддесі бар және әлсіз мемлекеттер. Ортақ мүддесі бар мемлекетте өмірге қана­ғаттану әлсіз мемлекетке қарағанда 2 балға (10-нан) жоғары, ал ерекше мүддесі бар мемлекетте әлсіз елге қарағанда 1 бал­ға жоғары.

Жақсылық жасау мен өзін жақсы сезіну де бақытты болудың көрсеткіші. Бейтаныс адамға көмектесу, ақша беру, қан тапсыру және еріктілік сияқты альтруистік мінез-құлық бүгінде жиі кездеседі. Бақыт пен альтруистік мінез-құлықтың арасында тығыз байланыс бар. Әдетте, альтруистік көмек алған адамның әл-ауқаты жақсарады, бұл елдер арасындағы корреляцияны түсіндіруге көмектеседі. Альтруистік көмектің арқасында адамдардың әл-ауқаты артқан кезде, олар басқаларға ізгілік жасау арқылы көмектесуі ықтимал (1-сурет).

чсм

Үш жылға негізделген Бақыт рейтин­гіндегі мемлекеттердің көрсеткіші 2020-2022 жылдары

 

«World Happiness Report 2023» зерттеуі бойынша әлемдік рейтингте алғашқы үштікке Финляндия, Дания мен Исландия мемлекеттері енсе, Қазақстан 44-орынға тұрақтаған.

Табысы жоғары және орташа елдер­дің азаматтары көңілі толатын көрсет­кіштерде айырмашылық бар. Мысалы, экономикалық дамуға байланысты табысы жоғары елдердің азаматтары өз қауіпсіздігіне, материалдық мүлкіне, өмір сүру жағдайы мен жұмысына көбірек көңілі толады. Ал табысы орташа елдердің азаматтары жалпы сенім мен рухани өмірі, физикалық әл-ауқаты, туыстарымен қарым-қатынасы және өзіне берілетін бағаға көбірек басымдық береді.

Бақыт индексі өмір сүру деңгейі, үкімет жұмысының тиімділігі, елдегі жағдайдың азаматтардың көңілінен шығуы, қоғамдағы өзара көмек көрсету мен гуманизм көрсеткіштері сынды маңызды факторларды қамтиды. Алдағы уақытта әлемдік деңгейде халықаралық ұйымдар мен тәуелсіз сарапшылар тобымен жүргізіліп жатқан мұндай есептер мен көрсеткіштерге назар аудару зерттеуші ғалымдар мен мамандар үшін өзекті бола бермек.

 

Бауыржан СЕРІКБАЕВ,

Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы