Экология • 13 Маусым, 2023

«Ecolife» экочелленджі

249 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елімізде «Ecolife» экочелленджі басталды. Іс-шара елордада өтетін Халықаралық волонтерлер форумы аясында ұйымдастырылып отыр. Игі іске Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен «Жас Ұлан» республикалық балалар мен жасөспірімдер ұйымы мұрындық болды.

«Ecolife» экочелленджі

Экочеллендж аясында Ақмола облысының Зеренді ауданындағы Қызыл Кордон ауылында «Birgemiz» республикалық волонтерлер фронт-офисі жобасын іске асырушы «Ұлттық волонтерлік желісінің» жазғы мектебінің волонтерлері мен Қызыл Кордон мектебінің ұжымы мен оқушылары акция өткізді. Олар білім ошағы ауласына ағаштар отырғызып, суарып, тазалық жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ олар аймақтағы орманды қоқыстан тазартты.

– Бұл біз үшін зор тәжірибе болды. Волонтерлермен біздің қызметкерлер, оқушылар танысып, бір-бірімен ақпарат алмас­ты, көп нәрсе үйренді. Біздің жетек­шілер волонтерлерге ағашты қашан және қалай отырғызу керек, баптау жолдары қандай екенін айтып берді. Алдағы уақытта да көмек беруге дайын. Мұндай шаралар экологиялық әл-ауқатты жақсартып, өскелең ұрпақты табиғатты құрметтеуге тәрбиелейді. Сондықтан экоакциялар жүргізіліп жатқанына қуаныштымын, – деді Қызыл Кордон мектебінің директоры Наталья Соболева.

Жалпы, челлендждің мақ­саты – қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыру, таби­ғатты қорғау, сақтау және аялау­ды насихаттау. Бір апта бұрын басталған іс-шара 20 маусымға дейін жалғаса­ды. Оған барлық ниет білдіруші қатыса алады. Арасында креативті идеясы бар, тапсырмаларды толық орын­даған, «экологиялық» қағи­даттарды сақтаған жандар іріктеліп, жеңімпаз анықталады.