Еліміздің футбол федерациясы 2002 жылы УЕФА құрамына қосылғалы бері Қазақстан кәрі құрлықтың бірқатар құрамасымен жасыл алаңда кездесіп үлгерді. Еуропа чемпионатының осы іріктеуіндегі қарсыластарымыздың үшеуімен біздің жігіттердің бұған дейін бірнеше мәрте түрлі деңгейдегі турнирлерде жолдары түйіскен. Ал Солтүстік Ирландия және Словения құрамаларымен алғаш рет ойнамақ. Наурыз айындағы іріктеудің алғашқысында Словения футболшыларымен «танысып», өкінішке қарай, елордадағы «Астана Аренада» өткен ойында 1:2 есебімен жеңіліп қалған болатын. Енді, міне, 19 маусымда еліміздің ұлттық құрамасы да, жанкүйерлер де Солтүстік Ирландия футболының қарым-қабілетін байқап көреді.
Алдымен, 16 маусымдағы қарсыласымыз – Сан-Марино құрамасына тоқталып өтсек. Жергілікті маман Фабрицио Константини жаттықтыратын Сан-Марино құрамасымен Қазақстан футболшылары бұған дейін де топтық кезеңде ойнаған. 2020 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеуінде біздің жігіттер Сан-Мариномен бірге I тобына түсіп, екі матчта да ірі есеппен жеңіске жеткен еді. Астанада өткен алғашқы ойында жерлестеріміз қарсылас құраманың қақпасына жауапсыз төрт гол соққан болса, Сан-Маринодағы қарымта кездесуде 3:1 есебімен тізе бүктірген болатын.
Фабрицио Константинидің алдағы екі ойынға шақырған футболшыларының тізімін қарайтын болсақ, қорғаушылар – Филиппо Фаббри («Ольбия»), Симоне Франциози («Валфоглия»), Данте Росси («Тропикал Кориано») және шабуылшылар – Филиппо Берарди («Саммаурезе») мен Никола Нанниден («Ольбия») басқаларының бәрі жергілікті чемпионатта ойнайды. Ал аталған футболшылар Италия чемпионатының төменгі лигаларында доп тебеді екен. Солтүстік Ирландия құрамасының негізі ағылшын чемпионатында ойнайтын футболшылардан жасақталған. Яғни алдағы екі ойында Магомед Адиев шәкірттерін екі түрлі ойын күтіп тұр деп айтсақ та болатын шығар.
Өйткені Сан-Марино көршілері Италия сияқты көбірек қорғанысқа көңіл бөліп, «гол соқпасақ та өз қақпамызға гол өткізіп алмайық» деген тактиканы ұстанады. Сан-Мариноның кейінгі алты ойынына қарайтын болсақ, бір ғана матчта гол соғуға шамалары жеткен екен. Өз қақпасына 10 гол өткізіп алған.
Ал Солтүстік Ирландия ағылшындар сияқты стандартты жағдайларда, әуедегі допқа таласта басымдық танытып, гол соғуға тырысады. Сонымен қатар олар алыс паспен ойнап, қаптал арқылы шабуылға жиі шығады. Майкл О’Нилл шәкірттері кейінгі төрт ойынның екеуінде жеңіске жетіп, екеуінде қарсыластарына жол берген. Атап айтар болсақ, Косово (2:1) мен Сан-Маринодан (2:0) басым түсіп, Грекия (3:1) мен Финляндиядан (1:0) жеңілген.
Отандық белгілі футбол функционері және ардагер футболшы Болат Есмағамбетов Қазақстан құрамасын алда осы іріктеудегі ең қиын екі матч күтіп тұрғанын айтады. «Біздің жігіттерді осы іріктеудегі ең маңызды әрі ең қиын ойындар күтіп тұр. Сан-Марино және Солтүстік Ирландиямен өтетін матчтарда жинақы ойын көрсету керек. Сан-Мариноны аутсайдер деп менсінбей қарауға болмайды. Өздеріңіз білесіздер, наурыз айында даниялықтар бізді менсінбей ойнап, нәтижесінде өздері содан опық жеп, бүкіл әлем алдында масқара болды. Сондықтан бізге барынша байқап ойнаған дұрыс. Бірінші матчта Қазақстан құрамасы фаворит саналғанымен, Солтүстік Ирландиямен өтетін екінші матч одан да қиын болады. Өйткені олар да Еуропа чемпионатына жолдама алғысы келеді. Біздің жігіттер Сан-Мариноны жеңіп, Солтүстік Ирландиямен тең түссе, біз үшін керемет нәтиже болар еді. Егер, біздің құрама осы екі ойында төрт ұпай жинайтын болса, онда Еуропа чемпионатына шығу мүмкіндігімізді сақтап қаламыз», дейді Б.Есмағамбетов.
Қазақстан құрамасы бұл іріктеуде «H» тобында Дания (3:2), Финляндия, Словения (1:2), Солтүстік Ирландия және Сан-Мариномен Еуропа чемпионатының жолдамасын сарапқа салып жатыр. Ал келесі жылғы кәрі құрлық біріншілігі 14 маусым мен 14 шілде аралығында Германияның Берлин, Кельн, Дортмунд, Дюссельдорф, Франкфурт, Гельзенкирхен, Гамбург, Лейпциг, Мюнхен және Штутгарт қалаларында өтеді деп жоспарланған.
Ал чемпионатқа іріктеу кезеңдерінде өз топтарында бірінші және екінші орын алған құрамаларға тікелей жолдама беріледі.