Аймақтар • 14 Маусым, 2023

Шульба су қоймасына қауіп жоқ

244 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Абай облысының аумағын, нақты айтқанда, Бородулиха ауданының ауыл­дары мен Семей қаласына қарасты ауылдардың жалпы жағдайы тап қазір күрделі күйде. Семей қаласының әкімі Нұрбол Нұрсағатов өрттің негізгі ошақтарының бірі саналатын Талица ауылында жүргенімен, әзірге ол жақтан нақты мәлімет түсіп жатқан жоқ.

Шульба су қоймасына қауіп жоқ

Қалай десек те, 15 адамның өмі­рін жал­маған өрт көп шындықтың бетін ашып, салаға салмақты өзгеріс әке­ле­тін­дей.

Қазақстан Республикасы Бас про­курорының орынбасары Жандос Өмір­әлиевтің айтуынша, бүгінде Қылмыстық кодекстің 292-бабы 3-бөлігі «Екі және одан да көп адам­ның қаза болуына әкеп соққан өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу» бойынша қылмыстық іс қозғалған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың тапсырмасы бойын­ша тергеу жұмыс­тарын жүргізу Бас прокуратура құзырына жүктелген. Нақ­тысы орман өртіне қатысты іс Бас прокурордың ерек­ше бақылауында.

«Осы трагедияның ауқымын, эко­логияға келтірілген залалды, ең бастысы, қызметтік мін­деттерін атқару кезінде 14 орман қыз­­меткерінің қаза табуына байланысты лауазымды тұлғаларға қатыс­ты қылмыстық іс қозғадық. Осы қыл­мыстық істі тергеу шеңберінде өз міндеттеріне, қызме­тіне жосықсыз, жауапсыз қараған, соның салдарынан өзіне жүктелген мін­­деттемелерді орындамаған, осындай қай­ғылы оқиға­лар мен адам өлі­міне әкеп соққан бар­лық лауазымды адамдар қатары белгіленетін болады», деп тү­сіндірді Жандос Өмірәлиев.

Оның айтуынша, Төтенше жағ­дайлар министрлігінің бұрынғы басшысы Юрий Ильин, Экология және табиғи ресурстар министрі Зульфия Сүлейменова, Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов сынды лауазымды тұлғалардың іс-әрекетіне әлі ешқандай баға берілмеген.

«Қозғалған қылмыстық іс аясында қызметтік міндеттеріне қатысты тиісті шара қолданбай, соның салдарынан ауқымды өрт пен адам өліміне әкеп соқ­тырғандардың бәрі сөзсіз жауапқа тартылады. Қазір шенеу­ніктердің әрекеті сараланған жоқ, тергеу енді басталды. Айта кетсем, жауапқа тек басшылар ғана емес, орта буын басшылары да тарты­лады, олар қазір өртті сөндіруге атсалысып жатқанын ескердік. Біздің басты мақ­сатымыз – өртті сөндіру. Бірақ алдағы уақытта олар­дан міндетті түрде жауап алынады. Тергеу мерзімі екі ай», деп мә­лімдеді Бас прокурордың орынбасары.

Өрт жайлаған шақтан бері «аты шыққан» Бородулиха ауданына әкім болып бұған дейін Абай облыстық Мә­дениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы қызметін атқарған Айдар Ибраев тағайындалды.

«Қазақстан Республикасы Прези­денті Әкімшілігі мен Бородулиха ауданы­ның мәслихат депутаттарының келі­сімімен және Абай облысы әкімінің өкімімен Бородулиха ауданының әкімі лауазымына тағайындалдым.

Аудан аумағында болып жатқан өртпен күресте жан тапсырған 14 ор­ман­­шының отбасына, туыстары мен жа­­қын­дарына қайғырып көңіл айтамын.

Өртті сөндіруге қатысып жүрген сар­баздар, орманшылар мен әскери қыз­мет­керлерге, еріктілерге, кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарына, әрбір аудан тұр­ғынына ерлігі, қолдауы мен көмегі үшін шын жүректен алғыс білдіремін», деді ол өзінің жеке парақшасында. Жалын жай­паған ауданға жаңадан қызметке келіп жат­қан әкімнің қадамы қайырлы болып, тө­тенше жағдайдың тезірек аяқталуына мол жәрдемі тисе екен деп тілек қостық.

Ал қазіргі уақытта  ТЖМ өртке қар­сы комитет басшысы Нұрболат Дер­бісов Астана және Өскемен қаласы­нан келген әріптестерімен бірлесе қи­мылдап, Шульба су қоймасына төнген қауіп­тің алдын алып үлгерді.

«Өрт сөндірушілердің шұғыл әре­кет­терінің арқасында Шульба ГЭС-іне төн­ген қауіп ауыздықталды», деп мә­лімдеді Н.Дербісов.

 

Абай облысы