Тұлға • 14 Маусым, 2023

Қарасөздің хас шебері

346 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Осыдан жарты ғасыр бұрын ару қала Алматы жаз шыға ерекше құлпырып кететін. Оқтай түзу көшелердегі жап-жасыл ағаштар, көздің жауын алатын алқызыл гүлдер алыстан менмұндалайтын. Арықтардағы сылдырлап ағып жатқан мөлдір су қандай еді. Ол кезде қазіргідей көшелерде кептеліс жоқ, трамвай, автобустар толассыз жолаушыларды қалаған жеріне жеткізетін. Алматының сұлу көрінісіне тамсана қарап келе жатқанымда Киров көшесінің бойындағы түшпараханаға келіп қалыппын. Енді бір сағаттан кейін емтихан. Арманымыз – журналист болу. Ол кезде еліміздегі бірден-бір журналис­тер әзірлейтін оқу орны – С.М.Киров атындағы мемлекеттік университетіне оқуға түсу қиынның қияметі болғаны да белгілі.

Қарасөздің хас шебері

1968 жыл. Мезгіл тамыз айы­ның бірінші жұлдызы. Кезекке келіп тұрғаным сол еді, шымыр денелі, өңі кавказ жігіттеріне ке­летін келіс­ті бір жігіт келіп, сы­пайы аман­дасты да бірге тағам алды. Та­ныстық. Марат Қа­банбаевтың да ар­маны журналист болу, сонау Зай­сан ауда­нының Қаратал ауылы­нан келіпті. Бағымыз жанып, екеуі­­міз де студент атандық. Оқу­ға түсе салы­сымен бірінші курс сту­дент­терін жүзім жинауға алып кетті. Бір айдан кейін Алматыға оралып, Виноградов көшесіндегі үш қабатты жатақханаға жайғас­тық. Сонымен студенттік өмірдің ес­­тен кетпес қызықты күндері басталды.

Марат үшінші курсқа дейін бізбен бірге оқыды да, соңынан «Лениншіл жас» газетіне қызметке тұрып, сырттай оқу бөлімге ауыс­ты. Уни­верситетті 1975 жылы аяқ­тады. Марат екеуміз бірер жыл бір жатақханада, жарты жыл «Ар­­­­ман» кинотеатрының жо­ғары жа­ғындағы тау етегіндегі пә­­тер­де бірге тұрдық. Маратпен бірге тұрған уақытта көп нәрсені үйрен­дім десем артық айтқандық емес. Ол бос уақыты бола қалса жазу жа­затын, көркем әдебиетті көп оқитын. Әкесі ерте қайтыс болған, дімкәс анасының жағдайы белгілі, ағыл-тегіл келіп жатқан мол қаржы жоқ. Марат оқуды жақсы оқыды, стипендиясын тұ­рақты алып тұрды. Ол кезде сту­денттердің шәкіртақысы 35 сом. Сол 35 сомды ала салысымен Мә­кең отыз күнге бөліп, ақшасын үнем­­мен жұмсайтын.

1968 жылы университет жа­­нынан тарих факультетінің екін­­ші курс студенті Бағдат Әлім­жановтың ұйымдастыруымен «Қызғалдақтар» атты ансамбль құ­рылып, көрші ауылдарға, Жам­был, Оңтүстік Қазақстан, Атырау облыс­тарына гастрольге шығып жүрдік. Бір жылдан кейін бізге ақыл-кеңес айтуға сазгер Ескендір Ха­­­санғалиев пен әнші Нұрғали Нү­сіпжанов келді. Марат сол жолы екеуінен сұхбат алып, соңынан мақаласын «Лениншіл жас» га­зетіне жариялады. Не­сін айтасыз, «Қызғалдақтар» ансамбл­інің атағы шарықтап шыға келді. 1969 жылы Мәскеуде өткен «Алло, мы ищем таланты» байқауына қа­тысуға мүмкіндік алуымызға сол Марат жазған мақала себеп болды.

1984 жылы Алматы жоғары партия мектебінің тыңдаушысы болып жүргенімізде, Мәкең елден қонаққа келген анамызбен қосып үйіне қонаққа шақырды. Жұбайы Сәуле тәрбиелі, мәдениетті жан, бізді жылы қарсы алып, төрге шы­ғуымызды өтінді. Сол жолы Ма­рат досым маған көп сыр айтты.

Жазу бөлмесіне кіргізіп ал­ған соң «Кермек дәм» деген ро­ма­­нының қалың қолжазбасын көрсетіп, келешекте «Кентавр» деген роман жазу ойында бар екенін айтты. Жоғарыда айтқандай, Мә­кең жетімдік пен жоқшылық тақ­сыретін көп көрді, сырқат ана, шиеттей іні-қарындастарын асырап бақты. Ауылда қара жұмыс іс­теді, кешкі мектепті бітір­ген соң үш жылдай аудандық «Дос­­тық» газетінде қызмет етті. Қи­ын­дықты көп көрген Марат­тың шығармаларындағы кейіп­кер­лердің негізінен замандастары болып келетіні сондықтан болар.

Мараттың балаларға арнап жазған шығармалары өміршең бол­ғандықтан оқырмандары да көп болды. «Арыстан, мен, вио­лен­чель және қасапхана», «Бақбақ басы толған күн», «Жиһанкез Ти­ти», «Қала және қыз бала», «Су­рет салғым келмейді», «Кер­мек дәм» повестері мен әңгімелері, романдары қазақ прозасының жауһарлары саналады. Мараттың публицистикалық мақалалары республикалық газет-журналдарға жиі шығатын. «Қазақ қайда ба­расың?», «Талант тас жарады», «Құралай», «Бұл зиялы – қай зия­лы?», «Блат, қайда барасың?», «Қа­­зақта бір ру бар алқаш деген» деген мақалалары кезінде оқыр­­мандарын дүр сілкіндірді. 1990-жылдардың өзінде Мараттың «Ақмолаға көшкін, ағайын» деген толғандырар тақырыптағы ма­қаласы көпшілікті ойға батыр­ғаны сөзсіз. Марат Қабанбайдың қаламынан туған «Жеңеше», «Қа­бан қарғын», «Құралай», «Тау еркесі», «Қызық пен шыжық», «Жы­лан» деген әңгімелері де қазақ прозасына тың жа­ңалық әкелген туындылар. Ал балалар туралы Мараттың жазған хикаяттары мен әңгімелерін оқыр­мандар іздеп жүріп оқитын.

Осыдан жарты ғасыр бұрын арман қуып ару қала – Алматыда бас қосқан біздің курстастар арасынан талай таланттар шықты. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын – Күләш Ахметова, са­тирик, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Көпен Әмір­бек, ақындар – Қайырбек Аса­нов, Мей­рам Оралов, Мәдина Көбеева, филология ғы­лым­дары­ның докторы, профессор, белгілі жазушы Кәкен Қамзин, журналис­тика саласындағы Пре­зидент сый­лығының лауреаты, респуб­ли­калық «Ұлан» газетінің редакторы болған көсемсөзші Бейсенбай Сүлейменов, ҚазМУ-дың профессоры, Кла­ра Қабылғазина, журналистер Асқанбай Ерғожаев, Жұмагүл Сау­хатова, тағы бас­қа­­лардың есімі оқырмандарға жақсы таныс. Курстастар Ма­рат­тың талантына бас иетін, жаз­ған өлеңдері мен әңгімелерін ең алдымен оған оқытып, бағасын алатын, кемшіліктерін түзететініне сан мәрте көз жеткізгенбіз. Со­лар­­дың ішінде өзі туып-өскен Сауыр, Сайқан тауларындай шоқ­тығы биігі Марат десек, артық айтпаған болар едік. Себебі ол өз елінің табысына қуанып, кем­шілігіне күйзеліп қабырғалы пуб­лицистикалық шығар­маларын дүниеге әкелді. Ма­раттың 2013-2015 жылдары Алма­тыдағы «Тай­мас» баспасынан жа­рық көр­ген 5 томдық шығармалар жина­ғында қара қылды қақ жарған өткір сындары мен көсемсөздері, романдары мен повестері, әңгі­мелері топтастырылған.

Мараттың шоқтығы биік шы­ғармасы – «Арыстан, мен, виоленчель және қасапхана» оқырмандар тарапынан жоғары баға алды. Ол журналдарға басылды, жеке кітап болып шықты. Ал «Пысық болдым, мінеки» атты туындысын Нәдия Әлімбекова орысшаға («Вот он бывалый») аударып, Мәскеудегі «Детская литература» баспасы кітап етіп жарыққа шығарады. Мәдениеті мен әде­биеті дамыған Еуропаның көзі қарақты оқырмандары бұл хикаят туралы естіп, ақыры Алмания оны неміс тілінде басты. «Қарлы құйын» деген атпен жа­рық көрген кітаптың сал­мағы мен парқын түсінген ав­торға көп ұзамай ха­лық­аралық Г.Х.Андерсен атын­дағы сыйлық бе­­ріледі. Бұл – түркі әлеміндегі осын­­дай жоғары атаққа ие болған тұңғыш шығарма. Марат өмірінің соңғы күн­дері қаржы тапшылығын көп көр­ді. Дәрі-дәрмекке ақша таба алмай қиналған кезде өмірлік жары Сәуле Қамзинаға жан сырын айтып, ойымен бөліскен еді.

«Мәкең қысқа ғұмыр кешсе де артына өзінің өшпес шы­ғармаларын қалдырды. Бала­лар­дың жан дүниесін терең зерт­теп, оннан астам шығарма жазған Мәкең тірі болғанда 75 жылдық мерейтойын атап өтуші еді. Екеуіміз небәрі 25 жыл бір­ге тұрдық. Ол ағасы – Оразды, жең­гесі – журналист, ұзақ уақыт Зай­сан аудандық «Достық» газетін іскерлікпен басқарған Әмина Са­қажанованы, бауыры Болатты ерекше жақсы көретін. Ал тағы бір ағасы Хасен қайтыс болғанда қатты қайғырып, ұзақ уақыт кө­ңілсіз жүрді. Ал ұлы Айбек, қыз­дары Айгүл, Алуа дегенде шығар­да жаны бөлек болатын. Айбек бірер жыл бұрын отау құрды, келінім Лаура тәрбие көр­ген, мені ерекше сыйлайды. Ай­гүлдің екі баласы бар, ал Алуа қызметте.

Менен әріптестері, Сіз де сұ­рап жатырсыз, Мараттың «Кен­тавр» шығармасының тағ­дыры туралы. «Кентаврды» жазуға Марат көп уақыт жұмсады. Бір­ақ өзі онша ұната қоймады. Әбді­жәміл Нұрпейісов ағамызға рахмет, толық аяқталмаған романды «Таңшолпан» журналына жариялатты. Бірде Мәкең Бішкекке барып, Шыңғыс Айт­матовқа жо­лығып «Кентавр» романын оқып береді. Шықаң бол­мысы бөлек, жаңа тұрпатта жазылған романды ұнатады, «бауырым, тағы бір қарап, өңдеп шық» деп ақыл айтыпты. Сол жолы Марат Қырғызстаннан көңілді оралды. «Қазақстан тәуелсіздік алып жатыр, демек, жаңа романды осы заманға лайықтап жазу туралы ой келді», – деп қолына қа­ламын қайта алады. Амал бар ма, төтесінен келген ажал оған мұрша бермеді. Мараттың мінезі тұйық, сырын жария ете бермейтін. Бірде Ғабит Мүсіреповпен жолығып, әңгімелескенін айтты. Қазіргі жа­зушылар халық ауыз әдебиетін көп оқымайды, Марат осыны есің­де сақта депті атақты жазу­шы ағасы. Достары, інілері Ма­рат­ты ерекше құрметтейтін, Тұрыс­бек Сәукетаев, Талаптан Ах­мет­­­­жанов біздің үйге жиі келіп, аға­­ларының ақыл-кеңесін тың­дайтын». Балалардың сүйікті жа­зу­­шы­сы, көзі тірісінде ешбір атақ­­­қа қызықпаған, небәрі 52 жыл ғұмыр кешсе де артында мәңгілік шығар­­маларын қал­дырған Марат Қабан­­байды кіндік қаны тамған Зай­сан елі, Өс­кемен жұртшылығы ұмыт­­паған шығар, ең болмаса еске алып, құрмет көрсетіп жатса, несі айып...

Марат – «Ана тілі» газетінде қызмет еткен кезде ана тілінің та­залығы үшін күрескен бірегей жазушы. Ал «Дат» газе­тінде бас редактор болғанда оның қала­мынан өткір сындар мен зама­ны­мыздағы орын алған кем­шілік­тер туралы толғаныстары бі­рінен соң бірі шығып жатты. Көзі тірісінде Марат Қабанбай еш­бір атаққа ие болған жоқ, оны сұраған да емес. Алайда оқыр­мандары қаламы ұшқыр жазушысын ұмытқан жоқ. Өскемен мен Зайсандағы кітапханаларда оқырмандар конференциясы өтті. Осы орайда, талантты жазушы, көсемсөзші Марат Қабанбайдың есімін Өскемендегі балалар кітап­ханасына, кіндік қаны тамған Зай­сандағы бір мектепке, көшеге беріп жатса, ғанибет болар еді.

 

Оңдасын ЕЛУБАЙ,

ардагер журналист

 

ӨСКЕМЕН