Инвестицияның жаңа деңгейіне өтіп, акцияның құнын көтеру үшін қолданушылар желіде көп уақытын өткізуі керек. Көрсеткіштің барлығы осы критерийге байланысты болғандықтан, оқырмандардың көңілінен шығу үшін бағдарламашыларға көптеген жаңа дүниелер ойлап табуға тура келеді. Демек, компанияның ең басты мақсаты − желі қолданушыларының смартфонға деген тәуелділігін одан әрі арттыру. Мәселен, біз аса мән бермейтін «Like» батырмасы әлеуметтік желінің символына айналғалы қашан. Осы батырманы ойлап тапқандардың бірі – Лия Пёрлман. Маманның сөзіне сенсек, желіні әзірлегендер «Facebook»-ті тәуелділік тудырмай, көпшілікке ыңғайлы платформа ретінде жасағысы келген. Алайда уақыт өте келе Лия «Like» батырмасының адамның өзін өзі бағалауына әсер ететінін байқаған. Осылайша, қарапайым батырмаға деген қарым-қатынас та өзгере бастады. Мысалы, желіге жүктеп салған суреттің «Like» батырмасын аз жинауы адамның көңіл күйін түсіреді. Осылайша, Лия оқырмандардың «Like» батырмасына тәуелді бола түскенін сезген. Содан кейін біреудің пікіріне деген тәуелділік артқан. Мұның арты жақсылыққа апармайтынын білгендіктен, маман қазір осыған қарсы күрес жүргізіп жатыр.
Ал сіз телефоныңызға келетін хабарламаның неліктен қызыл түсті болатынын білесіз бе? Себебі қанық түс адамдардың назарын бірден өзіне аудара алады. Қызыл түс басқа түстерге қарағанда ми қатпарларына бірден әсер етеді. Себебі ол миға маңызды ақпараттың келгенін хабарлайды. Бұл түсті көрген адам бірден әрекет етуге тырысады. Әлеуметтік желіде келетін хабарламалардың көбі осы қызыл түспен ерекшеленген.
Эйза Раскин – әлеуметтік желілердің пайда болуына, парақшалардың визуалды түрде әдемі көрінуіне атсалысқан дизайнер. Ол парақша бетінде ерекше функция ойлап тапқан. Бұрын фото, видеоны көргенде «Келесі» деген батырма алдымыздан шығатын. Лентаны оңға қарай жылжытып, фото мен видеоның біткеніне көзіңіз жететін. Ал қазір бұған біраз өзгеріс енгізілген. Әлеуметтік желіде «Келесі» батырмасы жоқ, оны астына қарай түсіріп жылжыта бересіз. Бірақ оның түбіне ешқашан жете алмайсыз. Лентаны жылжытқан сайын түрлі ақпараттар шығып, одан әрі адамның назарын өзіне аудара түседі. Ал сіз алтын уақытыңыздың қалай өтіп кеткенін аңғармай да қаласыз. Адамның миы болып жатқан үдерістің соңын көрмейінше тоқтаусыз жұмыс істей береді. Демек өнертапқыштар психологияның көмегімен осы тәжірибені қолданушыларға жасап көрген. Бұл өздері үшін сәтті шыққан дүние болса да, өзгелердің уақытын алатынын Эйза жақсы түсінеді. Сол себепті желінің алгоритіміне өзгеріс енгізгеніне қатты өкінетін көрінеді.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, жасөспірімдер күніне 90 рет смартфонға үңіледі екен. Олар үшін «Like» батырмасын көру, басу, қабылдау қалыпты жағдай. Желі қолданушыларынан келген кері байланыс сіз бен бізге қуаныш сыйлайтыны да белгілі жайт. Оның басты себебі – дофамин гормонының бөлінуі.
Психологтердің айтуынша, мұндай тәуелділікті жеңу үшін мәселенің түп-тамырына үңілу керек. Неліктен көпшілікке шынайы өмірден гөрі виртуалды әлемдегі өмір ұнайды? Бұл сезім өзіне сенімсіз, томаға-тұйық адамдарға тән. Өйткені олар өздерін қабылдай алмайды. Сонымен қатар олар адамдармен жақын қарым-қатынасқа түсуге жүрексінеді. Ал виртуалды әлемде адамдармен араласу оңай. Себебі адамнан рухани күш талап етілмейді, кез келген адаммен емін-еркін сөйлесіп, тіл табысуға болады.
Виртуалды қарым-қатынас адамның жанына еш жылулық сыйламайтынын ескерген жөн. Ал шынайы қарым-қатынас жанға жылулық һәм махаббат сыйлайды. Сондықтан ғаламторда өткізетін бос уақытты пайдалы нәрсеге жұмсау маңызды. Өзіңізге қызық бір ермек ойлап табу, спортпен айналысу, бір сөзбен айтқанда, айналаңыздағы адамдарға көңіл бөлу, олардың қандай қажеттіліктері мен қиындықтары барын білуге тырысу керек. Сонда шынайы өмір де толыққанды болады әрі оны виртуалды әлемге айырбастауға ешқандай қажеттілік тумайды.