Шымкенттік «Clutch» тобы «Innovation Project Award» номинациясында үздік үштікке еніп, қола жүлдеге ие болды. Олар жел генераторы мен күн панельдерінен алынатын электр энергияны сақтауға мүмкіндік беретін инновациялық жоба ұсынған болатын. Жел электр стансасын дайындаған қарағандылық «JelToqSun» командасы ел тарихында алғаш рет жарыстың «Champions Award» басты жүлдесінің үшінші орнына қол жеткізді.
– Біз чемпионатқа жарты жылдан астам уақыт дайындалдық. Үш күндік жарыс біз үшін өте қызықты болды. Өйткені мықты қарсыластармен бетпе-бет келдік. Алғашында қобалжығанмен ішкі қорқынышты жеңіп, өз қабілетімізді көрсете алдық. Біз роботтар ойынында көшбасшылар қатарында болдық. Инновациялық жобаны таныстырып, ұйымшылдығымызды көрсете білдік, – деді қатысушылардың бірі Акбар Ермеков.
Жарыс арасында отандық оқушылар «Massachusetts Institute of Technology», «Boston University» және «Harvard» секілді беделді оқу орындарының инженерлік факультеттеріне барып, профессорлармен жеке танысты. Олардың пікірін тыңдап, өз тәжірибелеріне қажет кеңес алды.
Естеріңізге сала кетейік, екі команда да Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен жыл басында «USTEM Robotics» қоғамдық қоры ұйымдастырған «FIRST Central Asia» Орталық Азия ойындарында халықаралық чемпионатқа жолдама алған болатын.
Ақсұңқар ХАБАС,
Л.Н.Гумилев атындағы
ЕҰУ студенті