Айталық, «Қазақтың көркем әдебиетін оқу арқылы мінезімді түзедім» дейтін замандастар баршылық. Олардың көбісі әдеби шығармалардағы басты әрі жағымды кейіпкерлерді үлгі етеді. Қаламгер суреттеген кейіпкердің бойындағы жақсы қасиетті көргісі келеді, сондай-ақ қиыншылыққа мойымауды, сабырлы, шыдамды болуды үйренеді.
Қазіргі таңда батыстың кітаптарына сұраныс көп, алайда алыстан дорбаламай-ақ өзімізде жатқан сандық-сандық бай мұраларымыздың көзін ашып, жаңғыртып, насихаттап, лайықты деңгейде тұтынсақ, нағыз қазақы тұнық тәрбиеден нәр алған болар едік.
Жақсы шығарма ғана оқырманның жүрегіне ізгі қасиеттің дәнін сеуіп, адам жанын тәрбиелей алады.
Бүгінде жастардың дені «Қош бол, қиындық!», «Мен және ақша», «Баю ғылымы», «Өмірге шексіз ғашық» «Бай әке, кедей әке», «Ең бақытты әйел», «Күнкөрістен кет, байлыққа жет» деген сынды кітаптарды оқитынына қарап, көркем әдеби туындылар мотивациялық, психологиялық, қаржылық сауат ашу, тағы басқа да бағыттарда жазылған кітаптардан кейінгі орында тұрғанын түсінесің. Жастардың аталған бағыттағы кітаптарға әуес болуының себебі көп. Бірі әлгі кітаптар депрессиядан шығарады десе, тағы бірі қаржылық қиындықтардан, басқа да сәтсіздіктерден құтқарады деп есептейді. Екінші біреулер инстаграмда «аттандаған» блогерлердей өмір сүруді, солар секілді қыдыру, киіну, тамақ ішуді өмірлік мұрат санап, осы орайдағы ақыл-кеңестер жазылған әлгіндей кітапсымақтарға құмар келеді.
Иә, байлыққа жетудің, депрессиядан шығу жолын іздестірудің, жайлы өмірге ұмтылудың еш айыбы жоқ шығар, бірақ бұл рухани кемелдікке бастайтын жол, амал емес.
Осы орайда өмірдің мәнін байлық пен тоқтықтан іздейтін жастар рухани жұтаңдыққа душар болмаса екен дейсің. Өйткені жастар «ер жігіт елі үшін туады, елі үшін өледі» деп, «ұлтымның бір қажетіне жарасам» деп, жалындап тұрса керек-ті.
Шынында, бүгінде көп жастың болмашыға күйзеліп, сынып қалатыны, психологиялық тұрғыда әлсіз болуы өмірдің мәні рухани байлықта жатқанын ұқпай, оған қарай ұмтылмауында жатыр. Ал рухани байлық, толымды тәрбие, мықты азамат болып қалыптасу дәрісінің қайнары қазақтың көркем әдебиетінде бұрқылдап қайнап жатыр емес пе. Сондықтан қазақ әдебиетінің құдірет-күшіне, әлеуетіне иек артып өсу, жетілу барша жастарға міндет болуы керек. Сонда ғана жастарымыз қалтасы қалың болғанымен, кеудесі қуыс біреу емес, елі сүйіп, жұрт ардақтайтын абзал адам болып қалыптасады.
Тұмар ҚАЙРАТҚЫЗЫ,
Л.Н.Гумилев атындағы
ЕҰУ студенті