Осы дүбірлі той қарсаңында ақын өмірінің ашылмаған қырларын таныту мақсатында архивтен алынған тың материалдарды оқырман назарына ұсынып отырмыз. Олар негізінен Солтүстік Қазақстан облыстық архивінен табылды. Жуырда оларды осында өткен Саяси қуғын-сүргін күніне арналған ғылыми-практикалық конференцияда жерлесіміз, тарих ғылымдарының докторы Бүркітбай Аяған жариялады. Бұл материалдың жарыққа шығуына облыстық архив басшысы Сәуле Мәлікова ықпал етті.
Өркениеттің өріне шыққан халық Мағжан секілді ақындарының шығармашылығын ғана емес, өнегелі өмірін, тағылымды тағдырын, қоғамдық істері мен әрекеттерін, атқарған қызметін де жетік білуі керек. Сонда оның азаматтық, адамгершілік қырлары да ашыла түседі. Ардакүрең ақынның жырлары ұлтының тағдырына шырылдап, болашағына қатты алаңдап жазылғанын халық жақсы біледі. Бірақ Мағжан жырларымен ғана емес, белсенді қайраткерлік істерімен де халқына пайдасын тигізуге ұмтылған екен (Шіркін-ай, оның осы әрекеттері қазіргі шенеуніктерге үлгі болса ғой). Әсіресе, аштық жылдарында ол қырылып жатқан халқына басын бәйгеге тіккен батылдықпен көмек көрсеткен.
Большевиктер өкіметінің лаңымен Қазақстандағы алғашқы аштық 1921-1922 жылдары болғаны белгілі. «Сол жылдарда Ақмола губерниясында 1 млн 21 мыңдай тұрғын болса, соның 471 мыңнан астамы аштыққа ұшыраған. Соның ішінде, осы губернияға қарайтын Петропавл мен Көкшетау уездерінде 62 мың қазақ және 30 мың орыс аштық азабын тартқан. Халық бір нәпақа табу үшін қалаларға ағылған», дейді Бүркітбай Аяған.
Осы жылдарда Мағжан Қызылжар қаласында болған. 1919 жылы Бүкілодақтық атқару комитеті «Алаш» партиясының басшыларына кешірім жариялағаннан кейін ол Қызылжарда шығып тұратын «Бостандық туы» газетінің редакция алқасының мүшесі болып қызмет етіп жүрген. Жергілікті билік 1922 жылдың 5 мамырында аштықтың зардаптарын жою жөніндегі төтенше комиссия құрады. Аштыққа ұшырағандардың негізгі бөлігі қазақтар құрап, ақын комиссия төрағасының орынбасары болып тағайындалады. Алайда комиссияның істеген барлық қадамдары мен атқарған істеріне негізінен Мағжан Жұмабаев басшылық еткені оның қол қойған қағаздарынан көрініп тұр. Кейде ол өзін Комиссия төрағасының міндетін атқарушы, тіпті төрағасы деп те көрсеткен.
«Помгол», яғни орысша «помощь голодающим» деп атанған бұл төтенше комиссияның жұмысы ұлан-ғайыр болғаны құжаттардан байқалады. Оның губерниялық басшылығымен қатар уездердегі кіші комиссиялары да болған. Төтенше комиссия дегеннің өзі орысша «Чрезвычайная комиссия», яғни «ЧК» деген сөз. Большевиктер өкіметінде ЧК-ның беделі де, өкілеттігі де зор болғаны белгілі. Мысалы, өзінің өкілеттігін пайдаланып Мағжан ПетроКоктың бастығы Ильинге мынадай телеграмма беріпті: «Препровождая при сем телеграмму за №668 Акмолинской губернской Чрезвычайной комиссии – Помгол просить не отказать завтра же таковую передать в гор. Кокчетав на имя уездной комиссии Помгол...» Бұл құжатта Мағжан өзін ЧК-ның бастығы деп көрсеткен. Ал бұл жеделхаттың мәнісі былай. Сол жылдары Петропавл мен Көкшетаудың арасына теміржол тартудың құрылысы қолға алынған. Оны қысқаша «ПетроКок» дейді. Артынан Мағжанның өзі осы жолды сынап, «Шойын жол» деген өлең жазғаны белгілі. Онда мынадай жолдар да бар:
«Бір қаладан шығарып,
Азғантай елді қақ жарып,
Шойынжол сала бастап ед.
Өтіп кетті талай жыл
Бітті ме екен сонау жол?
Пұл жетпей баста тастап ед.
Өтінішім, інішек,
Сол жаққа барсаң, нәсіп боп
Елге барып қайтқайсың.
Басқан анау жол жайын
Басылған анау ел жайын,
Әдейі көріп айтқайсың...»
Ал Помголдың бастығы ретінде Мағжан ПетроКоктың жетекшісі Ильинге көмек қолын созуды бұрын да сұрағаны көрініп тұр. Өйткені теміржол қай кезде бай кәсіпорын ғой, олардың мүмкіндіктері мол. Соңғы жеделхатында да Мағжан Ильинге осындай (таковую) көмекті енді Көкшетау қаласына да беруден бас тартпасаңыз екен деп жазған екен. Жоғарыда айтқанымыздай, ашыққан халық қалалы жерлерге ағылған ғой, Көкшетауға да олардың біразы жеткен болар. Мағжанның «көмек жеткізіңіз» деп шырылдап жатқаны соларды құтқару екені сөзсіз...
Бұдан басқа ол Семей губерниясына Любимов пен Клочков дегендерді, Ақмола уезіне Бебен мен Сальников дегендерді іссапармен аттандырып, оларға ашыққан халық үшін астық, мал алып келуді тапсырады. Сонымен бірге Помголдың құрамына Ерденов, Бегишев, Байғазин, Төкібаев секілді қазақ азаматтарын алдырады. Мәселен, Ерденовті қабылдау туралы бұйрығында мынадай сөздер бар: «Для усиления работ уезда и привлечения кирнаселения в дело борьбы с голодом Губпомгол предлагает немедленно ввести в президиум Упомгола одного представителя местных кирработников. Со своей стороны Губпомгол рекомендует товарища Ерденова. Исполнение сего срочно сообщите Губпомгол. Предакмолгубчкпомгола – Жумабаев» деп қолы қойылған.
Большевиктер өкіметінің Қазақстанда қалай орнағанын осы күні көзі қарақты жанның бәрі жақсы біледі. Ресейдің түкпірлерінен келген «шаш ал десе, бас алатын» оқымаған жұмысшылар, тентек содырлар, бұрын сотталған қарақшылар да билік басында болып, олар билікті қанды қасаппен пайдаланған. Қит етсе сотсыз атып тастау, ұнаған дүниелерді мылтықпен қорқытып, тонап алу кеңес өкіметінің алғашында жаппай жүріп жатқан. Мағжан Жұмабаев солардың арасына азды-көп қазақтарды қосса, тым болмаса жөн айтып, жүгенсіздікті азайта ма деген мақсатпен жергілікті тұрғындарды қосуға ұмтылған сияқты. Мағжанның губерниялық халық сотына жолдаған келесі бұйрық жеделхаты осы ойымызды нықтай түседі: «На основании постановления Губпомгола от 5-го мая для правильной и срочной организации помощи голодающим среди кирнаселения губернии необходимо участие в работах Губпомгола людей, знакомых с бытом и условиями жизни кирнаселения. Губпомгол предлагает Вам срочно откомандировать в его распоряжение на временную работу сотрудника Губсовнарсуда товарища Жамшина.
Подписал Предакмолгубчкпомгола – Жумабаев. Верно: секретарь».
Мағжан Жұмабаевтың туған халқына жаны ашып, аштықтан құтқаруға белсене қатысып, өзінің қолындағы билігін пайдаланып жолдаған осындай жеделхат-бұйрықтары сол 1921-22 жылдарда өте көп болған екен. Сол жылдарда қолына билік тиген кейбіреулер өзінің бас пайдасын ғана ойлап, бастықтарға жағынумен, жағдайын жақсартумен жүріп кеткенін де білеміз. Ал ұлттың ақыны күндіз-түні бел шешпей туған халқы үшін жұмыс істегені құжаттардан көрініп тұр.
Аштық тақырыбын зерттеп жүрген ғалымдарымыздың көбі қазір алғашқы аштыққа көңіл аудара қоймайды. Бәлки, оның бір себебі осы М.Жұмабаев сияқты азаматтардың жанқиярлық әрекеттерінің арқасында аштықтың көлемі жайылмағандығынан да шығар. Ол тіпті елдің Семей сияқты қалаларынан аштыққа ұшырағандарға астық, мал, алтын-күміс сияқты заттар да жинатқан. Бір мезгілдік ыстық тамақ беретін асхана да ұйымдастырады. Мысалы, оған мына бұйрық куә бола алады: «Зав. материальной секцией при губсобесе: Припровождая при сем список голодающих киргиз, находящихся в г. Петропавловске (окололо трехсот человек) губкомпомгол предлагает в спешном порядке организовать отдельную столовую. Причем сегодня же командировать в коммунальный отдел представителя для подыскания подходящего на то помещения. Об исполнении донести Комиссии немедленно.
Зампредгубкомпомгола М.Жумабаев. Секретарь».
Осындай бұйрық-жеделхатты қазақтар (киргиздар деп жазылыпты) үшін шын жанашыр адам ғана жазары белгілі. Басқалардың тап бұлай жаны күймес еді...
Сонымен бірге ақын губерниялық «Мир труда» газетіне орысша мақалалар жазып, аштықтың қаупі мен ауқымы туралы үнемі дабыл қағып отырған. Мысалы, 1922 жылдың 11 маусымында шыққан мақаласында былай дейді:
«...С осени 1921 года наша Акмолинская губерния сделалась ареной смертного шествия немого царя. С тех пор киргизы нашей губернии на почве голода переживают те же испытания и страдания каковым в течение двух лет подвергнуты их братья в верхних губерниях Киргизской Республики».
Газетте «Помголдың» жұмысы туралы да айтып, қай жерден, кімнен, қандай көмектер келіп жатқанын да көрсетіп отырған. Мағжан аймақтарға іссапарға жіберілген қазақтардан аштық қай жерде күрт екенін, қай жердегі көлемі қандай екенін анықтап отырып, жергілікті билікке жеделхат-бұйрықтар жіберіп отырған. Жоғарыда айтқанымыздай, ЧК-ның бұйрықтары сөзсіз орындалатын. Орындалмаса нақты шаралар жедел қолданылатын.
Мағжан Орынбордағы орталық өкіметке де бірнеше жеделхат жазып, аштықтан жапа шегушілерге көмек беруді сұраған. Мысалы, Оренбург ЦК Помгол. По поступающим сведениям голод в Петропавловском и Кокчетавском уездах Баганалинском, Аргинском районах Атбасарского уезда принимает ужаснейшие размеры, имеются случаи трупоедства, поэтому в подтверждение предыдущих телеграмм Губпомгола просим о категорическом возбуждении ходатайства перед ВЦКПГ об окончательном признании указанных районов голодающими».
Ақынның осындай істері оның адамгершілік, іскерлік, патриоттық қырларын аша түсіп, мағжантануға сүбелі үлес қосары сөзсіз. Сондықтан оның Помголда істеген қызметтерін арнайы зерттеп, қол қойған құжаттарын жинақ етіп шығару келер күндердің үлесі.
Мағжан Жұмабаевтың ұлтына жан аямай қызмет еткені, әрине, қызылкөздерге ұнаған жоқ. Бұл жолы оны ұстамаса да туған жерден жыраққа кетуіне ықпал еткен. Сол себепті Мағжан түстікке қоныс аударуға мәжбүр болады. Ал 1923 жылы Түркістан республикасының квотасымен Мәскеудегі Брюсов атындағы көркем әдебиет институтына оқуға жіберілгені белгілі.
Петропавл