Білім • 14 Маусым, 2023

ҰБТ: үш аптаның қорытындысы

326 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Негізгі ҰБТ басталғаннан бері 127 мыңнан астам тест тапсырылды. Оның ішінде талапкерлердің 74 пайызы – қазақ тілінде, 26 пайызы – орыс тілінде, 0,1 пайызы ағылшын тілінде тестілеуден өтті.

ҰБТ: үш аптаның қорытындысы

ҰБТ басталғалы шекті балды 78 пайызға жуық талапкер жинаған. Орташа балл әзірше 69 ұпайды құрады. Ең жоғары балл – 137, оны тестілеудің бірінші аптасында бір талапкер жинаған.

– ҰБТ-ның үшінші аптасында талапкерлер тестілеуді тапсырудың екінші мүмкіндігін пайдаланды. Сондықтан тестті екі рет тапсырып, ұпайларын біліп отырған балалар грант конкурсы туралы сұрақтар қоя бас­тады. Ең жиі қойылатын сұрақ: Грант ұтып алу үшін қанша балл жинау керек? Грантқа шекті балл деген болмайды, барлығы конкурсқа байланыс­ты екенін тағы да атап өткен абзал. Бірақ кем дегенде бағдар болу үшін оқуға түсушілер былтырғы нәтижелермен таныса алады. Мысалы, 2022 жылы «Стоматология» білім беру тобы бойынша бір гранттық орынға 25 үміткер болған, ал грант ұтып алғандардың орташа көрсеткіші 134 балды құрады, – деді Ұлт­тық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.

Айта кетейік, ерекше қажет­тіліктері бар оқуға түсушілер үшін қолайлы жағдай жасаудың нәтижесінде ҰБТ-ға екі аптаның ішінде 370 талапкер қатысты.

Бүгінгі таңда 146 талапкер смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 106 адам шығарылып, олардың нәтижелері жойылды. Бөгде тұлғалар анықталған жоқ.

Айта кетейік, 2023 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтіз­белік жылдың 31 қазанына дейін тестілеудің бейнежазбала­рына талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу факті­лері анықталған жағдайда талап­кердің нәтижелері жойылады.