Ұлттық спорт • 14 Маусым, 2023

Жаңа тренд: сәнге айналған садақ ату

781 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Елімізде мерген жастар қатары көбейіп келеді. Бүгінде Дәстүрлі садақ ату спортымен айналысып жүргендердің қатары екі мыңнан асады. Ұлттық құндылықты жаңғырту жолында өңірлерде арнайы орталықтар да ашылып жатыр. Мұндай орталықтардың саны қазір 15-ке жетті.

Жаңа тренд: сәнге айналған садақ ату

Былтыр «Дәстүрлі садақ ату» өнері Мәдениет және спорт министрлігінің бұйрығымен спорт түрі ретінде ресми танылды. Содан бері елімізде респуб­ликалық және қалалық деңгейдегі жарыстар жиі ұйымдастырылып келеді. Бұдан жеңген спортшылар спорт шебері, спорт шеберіне үміткер және ха­лық­аралық жарыстан орын алған жағ­дайда халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанады. Жуырда ғана Астана қаласының чемпионаты өтті. Онда 80-ге жуық сұрмерген бақ сынасты. Жарысқа 18-24 және 24 жастан жоғары азаматтар қатысты.

вап

– Чемпионат төрт түрлі нысана бойын­ша өтті. Олар былай жіктеледі: тү­ріктің пута нысанасы 70 метр (ерлер арасында), 60 метр (әйелдер арасында) (9 оқтан 7 мүмкіндік), Орта Азия нысанасы 35/40 метр (5 оқтан 6 мүмкіндік), қалқан нысанасы 60 метр ерлер, 50 метр әйелдер (7 оқтан 7 мүмкіндік) және Жамбы нысанасы 30 метр (ерлер мен әйелдер) (5 оқтан 3 мүмкіндік). Барлық спортшыларға бірдей төрт нысанада бақ сынау мүмкіндігі берілді. Әр нысана бойынша анықталған жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен бірге 23-27 маусым аралығында Алматы облысының Қарасай ауданында өтетін Қазақстан Республикасының чемпионатына қатысу мүмкіндігіне ие болды. Бұл сайыстың ерекшелігі – қазақтың дәстүрін сақтайтын ұлттық нақыштағы киіміміз. Сайыста тек спорт дамымайды, онымен қоса қазақтың рухы жаңғырып, ұлттық спортқа деген сүйіспеншілік артады. Соңғы үш жылдың ішінде дәстүрлі садақ атуға деген қызығушылық артты. 32 жылдың ішінде қазақтар енді ғана қазақ екенін сезініп жатыр, – деді «Дәстүрлі садақ ату» академиясының негізін қалаушы Диас Ахметов.

Ұлттық спорттың бұл түріне қыз-келіншектерден бөлек, 7 жастан 70-ке дейінгі ақсақалдар да қызығушылық танытып жүр. Солардың бірі – 60 жастағы Асқар Ахметов. Мергеннің садақ атумен айналысып жүргеніне үш жылға жуықтапты.

вап

– Садақ ату – мергендік спортының бір түрі. 1900 жылдан бері жазғы Олим­пия ойындарының тізіміне кірген. Бүгінде осы спорт түрімен әлемнің 140 елінде айналысады. Шыдамдылық, жүйке мықтылығы, өткір көз және қуатты қол – осының барлығы садақпен атқанда жеңіске жету үшін қажет. Әр сайыс – өзімізге сынақ. Қандай дәрежеге жеттік, қай жерден қателік жібердік деген сияқты олқылықты әрбір жарыс сайын түзетіп отырамыз. Дәстүрлі садақ атумен айналысып жүрген ең үлкен жастағы қатысушы болғасын, жас­тармен жаттығу арқылы олардан қуат аламын. Немереммен, баламмен жасты қатысушылар бар, – деді А.Ахметов.

Жарыста республикалық «Дәстүрлі садақ ату» федерациясының спорт менеджері әрі мерген Бақберген Сәлімов аса қырағылығымен жебесін нысанаға дөп тигізіп, көптің арасынан топ жарып бірінші орынды қанжы­ғасына байлады.

– Мұндай іс-шара елордада осымен екінші рет өтіп жатыр. Игі іске Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының, Аста­на қаласы әкімдігінің Спортты олим­пиадалық емес түрлері бойынша дамыту дирекциясының және Астана қаласының «Elorda Sadaq Atu» дәстүрлі садақ ату федерациясы мұрындық болды. Бұл спорт біздің қанымызда бар. Дәстүрлі садақ ату – бұқаралық спортқа бейім спорт түрі. Мұны ұйымдастыруға садақ пен оқ және алаң болса жеткілікті. Сол себепті федерация бұқаралық спорт түріне айналдыруға жұмыстанып жүр. Біз бұған дейін бірінші Қазақстан чемпионатына қолына садақ ұстай алады-ау деген азаматтарды іріктесек, екінші чемпионатқа бір жылдың өзінде, әр өңірден кәсіби мергендер іріктелді. Алдағы уақытта елорда күніне орай, Азия чемпионаты да ұйымдастырылмақшы. Бұрын халық арасында садақ жасайтын шеберлер санаулы-ақ еді. Қазір шетелмен тәжірибе алмасудың, халықаралық жарыстарға кәсіби мергендердің қатысуының арқасында біздің шеберлер Түркия, Мажарстан сынды елдердің садақ жасаушы шеберлерімен тәжірибе алмасып, біртіндеп өз елімізде жасап жатыр. Садақ ату өнерінің арқасында өз елімізде де ұсталық, зергерлік, ұлттық киім сияқты мұраларымыз жаңғырып жатыр. Бір айта кетерлігі ұлттық киімсіз мергендер алаңға шықпайды. Тіпті аяқкиім ұлттық нақышта болмаса, жалаңаяқ жүруге тура келеді. Бүгінде федерация осы ережені қатаң сақтап отыр. Сондай-ақ бұқаралық спортты дамыту бойынша магистрлік жобамызды алып, осы садақ ату спортын ғылыми түрде зерттеуді де қолға алдық, – деді Б. Сәлімов.

Бес қарудың бірі саналатын садақ ату өнерін дамыту алғаш 2019 жылы шілде айында «Sadaq atý» республикалық дәстүрлі садақ ату федерациясы» қоғамдық бірлестігінің ашылуымен басталған. Алғашқыда мергендер сапында 50-ге жуық спортшы ғана болған. Тіпті Алматы мен Астана қаласында садақ атуды екі мектеп қана үйреткен. Міне, араға төрт жыл салып, қажырлы еңбек пен төккен тердің арқасында әр өңірде федерация мен садақ ату мектептері ашылған. Кәсіби спортшылардың саны да мыңнан асқан.

– Алғаш ашылған уақытта кішігірім залдарда жаттығып жүрдік. Қанымызда бар дүние болғандықтан қарқынды дамып, қызығушылық арта түсті. Сосын федерациядан бөлек жекелеген садақ ату орталығын ашу керек болды. Биыл мамыр айында ойымызға алған дүниені іске асырып, «Садақ ату» академиясын аштық. Бүгінде орталыққа келушілердің саны көп. Қолдан келгенше, сабағымызды өткізіп, тарихын таныстырып, одан кейін теориямен таныстырып жатырмыз. Бойдағы рухты оятқаннан кейін садақты қолға беріп атқызамыз. Сол кезде нәтиже мүлдем жоғары болады. Орталықтың негізгі мақсаты – тарихтан сыр шерту арқылы ұлттық дүниемізді жаңғырту, таныту. Оны жастарымызға насихаттау. Осыдан үш-төрт жыл бұрын садақты зерттеп қана жүрдік. Ал қазіргі кезде толық жаңғыру үдерісі жүріп жатыр. Дәстүрлі садақ атумен қатар қазақтың дүниесі жаңғырып келеді. Бүгінде федерация президенті Айдос Мұқатаевқа, Ұлттық спорт түрлері қауымдастығына, Ұлттық және ат спорты түрлері орталығына алғысымыз шексіз. Өйткені олар біз секілді мергендердің ынтасын, еңбегін көріп бағалап, үнемі жәрдемдеседі. Бірі іс-шараларымыздың жүлде қорына, екіншісі Ұлттық құраманың жарыстарға бару шығындарын өтесе, үшіншісі осы бағыттағы жобаларды жүзеге асыруда қолдан келер көмектерін аяп қалып жатқан жоқ, – деді Д.Ахметов.

Жалпы, отандық сұрмергендердің халықаралық аренада да асығы алшысынан түсіп жүр. Мәселен, дәстүрлі садақ атудан ІV Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында ел қоржынына 1 күміс медаль түскен. Сондай-ақ былтыр мамыр айында Түркия елінің Ыстанбұл қаласында жыл сайын өткізілетін «Fetih Kupası» халықаралық турниріне Қазақстанға 14 квота беріліпті. Бұл турнирге садақшылардан ерлер және әйелдер санаттары бойынша қатысқан.

– 2022 жылғы 29 қыркүйек пен 2 қа­­зан аралығында Түркияның Изник қа­ласында өткен ІV Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына 13 садақшымыз бақтарын сынап көрді. «Түрік нысанасы» бойын­ша садақшы Қасымхан Қанат 105 спортшының арасынан шешуші сынға шығып, 2-орынға ие болды. Биыл еліміздің ұлттық құрамасына дәстүрлі садақ атудан 36 спортшы енгізілді, – деді «Дәстүрлі садақ ату» академиясының аға бапкері Диас Ахметов.

Айта кетейік, келер жылы Қазақстан­да V Дүниежүзілік көшпелілер ойын­дары өткізіледі. Дәстүрлі садақ ату­дан Қазақстанның ұлттық құрама коман­дасының мүшелері осы дүбірлі додаға қатысып, бақ сынауға дайынбыз деп отыр.