Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Бұл туралы «Amanat» партиясы жанындағы республикалық Жастарды қолдау кеңесінің екінші отырысында Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы мәлімдеді. Іс-шараға Мәжіліс депутаттары, сарапшылар, құзырлы органдардың және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты. Жиында жасөспірімдер мен жастар арасындағы буллингтің таралуы және жастардың психикалық денсаулығы мен суицидтің алдын алу мәселелері талқыланды.
– Мемлекет басшысы өскелең ұрпақтың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, балалар арасындағы суицид пен буллингтің алдын алу жөніндегі мемлекеттік бақылауды күшейту қажет екенін айтқан еді. Мамандардың айтуынша, қорлау мен бопсалау элементтері балалардың бойында суицидтік мінез-құлық қалыптастырады. Өкінішке қарай, ДДҰ-ның дерегіне сәйкес, еліміз жасөспірімдер арасындағы суицид саны бойынша әлемде 10-орында тұр, – деді кеңес төрағасы Нартай Аралбайұлы.
Отырыста Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова да буллинг жасөспірімдер арасындағы өте өткір мәселе екенін айтты. Оған жол бермеу мақсатында ведомство биыл наурызда мектепішілік есепке алу тәртібін реттеуді көздейтін әдістемелік ұсынымды бекітіпті.
– Бұл ұсынымдар ерекше назар аударуды және уақтылы әлеуметтік, психология-
лық-педагогикалық көмек көрсетуді қажет ететін оқушыларды ерте анықтауды көздейді. Балалар арасындағы әлімжеттіктің алдын алу және ондай оқиғаларды дер кезінде анықтап отыру мақсатында жыл сайын 11 мыңнан аса педагог оқытылады. Сондай-ақ министрлік балаларды зорлық-зомбылықтан, өз-өзіне қол жұмсаудан қорғау және олардың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз ету мақсатында 2023-2025 жылдарға арналған «Бала қорғау» кешенді жоспарының жобасын әзірлеп, қоғамдық талқылауға ұсынды, – деді комитет төрағасы.
Ал Денсаулық сақтау саласында былтыр еліміздегі 1 456 медицина қызметкері суицидтің алдын алу бойынша арнайы оқытылған.
– Елімізде психиатр тапшылығы 40%-дан 15%-ға дейін төмендеді. 2022 жылы еліміздегі білім беру және денсаулық сақтау ұйымдарының психологтері 411 жасөспірімге қолұшын созды. Жалпы, ел аумағында тұрғындарға 20 психикалық денсаулық орталығында, қалалық емханалар деңгейінде 76 бастапқы психикалық денсаулық орталығында, ауылдық деңгейде 203 психикалық денсаулық кабинеттерінде мамандандырылған медициналық көмек көрсетіледі, – деді денсаулық сақтау вице-министрі Вячеслав Дудник.
Кеңесте прокурорлар 2 жылда уәкілетті, жергілікті атқарушы органдарға 163 қадағалау актісін енгізгенін, 508 лауазымды тұлға жауапқа тартылғанына назар салды. Алайда көрсеткіш өзгермей тұр.
– Былтыр балалар арасындағы суицид біршама төмендегенімен, өкінішке қарай, биыл 5 айда бұл жағымсыз үрдіс 33,3%-ға, яғни 54-тен 72-ге дейін артып отыр. Талдау нәтижесі 13-17 жас аралығындағы балалар өз-өзіне қол жұмсауға мейлінше бейім екенін көрсетті. Балалар көп жағдайда өз-өзіне үйде қол жұмсайды, – деді Бас прокуратураның қоғамдық мүдделерді қорғау қызметі бастығының орынбасары Сәкен Сәмет.
Жиын соңында кеңес төрағасы Нартай Аралбайұлы елімізде жастар мен жасөспірімдер арасындағы әлімжеттіктің, суицидтің алдын алу іс-шаралары жүйелі түрде жүргізіліп жатқанымен, отандастарымыз оң нәтижені сезінбей отырғанын жеткізді.
– Жасөспірімдер мен жастар арасында өктемдік, әлімжеттік бар екенін білсек те, нақты қанша бала оның құрбаны болып жатқанынан бейхабармыз. Мәлімет жоқ болған соң, құзырлы органдардың жұмысын да тиісті деңгейде бағалай алмай отырмыз. Бала – әрқайсымыздың, тіпті тұтас мемлекетіміздің болашағы. Сондықтан оларды толғандырған мәселеге атүсті қарауға болмайды. Бүгін осы олқылықтың орнын толтыруға қатысты бірқатар нақты ұсыныс айтылды. Оның барлығы тиісті мемлекеттік мекемелерге жолданады. Тіпті қажет болған жағдайда заңға өзгерістер енгізуге атсалысамыз, – деді ол.
Айта кетейік, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Талдау және ақпарат орталығы жүргізген мониторинг нәтижелері көрсеткендей, «Қазнетте» былтыр суицидті насихаттайтын ақпаратты таратудың 88 фактісі анықталған. Ал кәмелетке толмаған балалардың жеке басын анықтауға мүмкіндік беретін дербес немесе биометриялық деректерді, өзге де ақпаратты таратудың – 21, азаматтардың дербес деректерін заңсыз таратудың – 100, басқа адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлайтын ақпаратты халыққа жаюдың 147 фактілері әшкереленді.
«Туа білген халық тәрбиелей де білу керек. Ұрпағыңды өмірге әкелген екенсің, оны баули да біл», дейді жазушы Ғабиден Мұстафин. Ендеше, ұрпақ тәрбиесі – ұлттың мойнында.