Инфографика • 15 Маусым, 2023

Өңдеуші сала өсім драйверіне айнала ала ма?

3134 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Ұзақ уақыт бойы еліміздің ішкі жалпы өніміндегі өңдеуші сектордың үлесі 10-11 пайызды құрап келді. Тек 2020 жылы ғана көрсеткіш 13 пайызға жетті. Оның өзі, ең алдымен, металлургиядағы жоғары үлесті (43,5%) сақтау есебінен мүмкін болған. Халықтың әл-ауқатын, экономиканың орнықты өсімін қамтамасыз етумен байланыстырылатын сала озудың орнына ортайып, ұсақталып бара жатқандай.

Өңдеуші сала өсім драйверіне айнала ала ма?

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

Кейінгі деректер ішкі жалпы өнімнің айтарлықтай үлесі негізінен металлур­гия, тамақ өнеркәсібі, кокс және мұнай өнімдері өндірісіне тиесілі екенін көр­сетіп отыр. Басқа салалардың (соның ішінде химия, көлік және фармацевтика)­ ықпалы 1%-дан аз болып шықты, ал олардың кейбіреулері (жиһаз, тоқыма, тігін өндірісі) тіпті 0,1%-ға да жете алмады. Биылғы жылдың қаңтарындағы жағдай бойынша елде барлығы 19,9 мың өңдеу кәсіпорны жұмыс істейді. Оның 19,2 мыңы шағын, 501-і орта және 250-і ірі. Жиынтық санының көптігіне қарамастан, шағын кәсіпорындар іс жүзінде экономикаға айтарлықтай үлес қоспайды.

Отандық кәсіпкерлерге мемлекеттік қол­дау негізінен жеңілдетілген қаржы­ла­н­дыру түрінде көрсетілгенімен, іс жүзіне келгенде тиімділігі төмен. Өйткені өңдеуші өнеркәсіптің өндірістік қуаттары сату нарығына қолжетімділіктің шектеулі болуына байланысты толық пайдаланылмайды. Сондай-ақ салықтық жеңілдіктерді жаппай енгізудің өзі барлық мәселені бірден шеше алмайды. Өндіріс уақыт талабына сай үнемі жаңғыртылып отыруға тиіс. Ал әлемдегі инфляция мен қаржының құбылуына байланысты жабдықтың сапасын жақсарту құны тоқтаусыз өсіп келеді. 2021 жылдың соңында экономикалық қызмет түрлері бойынша жоғары тозу деңгейі металлургия өнеркәсібінде ‒ 49,2%-ды, сусындар өндірісінде – 48,8%-ды, машиналар мен жабдықтарды қоспағанда, дайын металл бұйымдарын өндіруде – 45,2%-ды, резеңке және пластмасса бұйымдары өндірісінде – 39,9%-ды, тамақ өнімдерін өндіруде – 38,7%-ды құрады. Өңдеу өнеркәсібінде бұл көрсеткіш 40,6 па­йыз болды. Демек, өңдеуші сектордың экономикасына тартылатын негізгі өндірістік қорларды жаңғырту кезек күттірмейді. Бұл мәселені шешу үшін кәсіпорындарды инвестициялық және инновациялық белсенділікке, сондай-ақ негізгі өндірістік қорларды жаңғыртуға ынталандыру қажет.

Қалыптасқан экономикалық жағ­дай­­да өңдеу өндірісіндегі кіріс пен қай­та­рымның төмендігіне байланыс­ты инвесторлар салаға қаржы салуға құлықсыз. Былтырғы қыркүйекте өңдеу өнеркәсібіне салынған инвестицияның айтарлықтай қысқарғаны белгілі болды. 2022 жылғы қаңтар-шілдеде өңдеу өнеркәсібінің негізгі капиталына инвес­тиция көлемі 720,8 млрд теңгені құрады, бұл алдыңғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ақшалай түрде 13,9%-ға аз. Нақты көлем индексі (НКИ) ‒ барлығы 81,6%. Өнеркәсіпке салынған инвестициялардың жалпы көлеміндегі өңдеу өнеркәсібіндегі үлесі бір жылда 25,1%-дан 20,6%-ға ығысқан. Өңірлік тұрғыда инвестицияның ең көп көлемі, яғни 138,2 млрд теңге Қарағанды облысына тиесілі болды. Бұл жаңадан құрылған Ұлытау облысы бойынша көрсеткіштерді (44 млрд теңге) есепке алғанның өзінде алдыңғы жылдың сәйкес мерзіміндегі деңгейге (193 млрд теңге) бәрібір жете алмайды. Сондай-ақ өңдеу өнеркәсібіне күрделі салымдардың айтарлықтай көлемі Павлодар (91,6 млрд теңге), Ақмола (88,1 млрд теңге) және Жамбыл (57,9 млрд теңге) облыстарына түсті. Өңдеу өнеркәсібінің салалық құрылымында 2022 жылғы қаңтар-шілдеде инвестицияның ең көп көлемі металлургия өнеркәсібіне келді. Бұл 320,6 млрд теңгеге жетіп, алдыңғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 11,6%-ға өсті. Одан кейін тамақ өндірісі (93 млрд теңге), химия өнеркәсібі (82,6 млрд теңге), сондай-ақ металл емес минералды өнімдерді өндіру (80,5 млрд теңге) тұр. 2022 жылғы қаңтар-шілдеде өңдеу өнеркәсібіндегі негізгі капиталға салынған инвестиция көлемінің 76,3%-ы кәсіпорындардың жеке қаражаты есебінен қамтамасыз етілді. 549,8 млрд теңге 2021 жылғы қаңтар-шілдемен салыстырғанда 12,7%-ға артық болды. Оның 86,3 млрд теңгесі – банктік емес несиелер. Жергілікті бюджеттен тағы 12,7 млрд теңге инвестицияланды.

Осындай жағдайда Сенаттың бір топ депутаты ірі кәсіпорындармен, мемлекеттік органдармен, даму институттарымен және бірлестіктермен өндірісті дамыту, кәсіпорындарды қажетті және қолжетімді шикізатпен қамтамасыз ету, нақты жергіліктендіру деңгейін арттыру, өңдеу өнеркәсібіндегі қайта бөлу мәселелері талқыланған оннан астам кездесудің нәтижесінде өңдеуші сектордың дамуына кедергі келтіретін бірқатар проблеманы атады. Олар салада жұмыс істейтін шағын және ірі бизнес субъектілерімен кездесулер барысында жүргізілген талқылаулар негізінде Үкіметке сауал жолдап, саланы шын мәнінде ел экономикасын дамытудың драйверіне айналдыру үшін нақты шаралар қабылдауға шақырды. Мәселен, өңдеуші салада экстенсивтілік және шикізаттық бағыт, жергіліктендірудің төмен деңгейі, қосылған құны төмен өнім өндіруге бағыт-бағдар беру, өнеркәсіптік саясат пен мемлекеттік қолдау тетік­те­рі­нің жетілдірілмеуі, өкілетті мемлекеттік орган­дар мен кәсіпорындар арасында ты­ғыз­ байланыстың болмауы секілді жүйелі кем­ші­ліктер қалыптасқан.

Соңғы жылдары өңдеу өнеркәсібінің өсу қарқыны негізінен елдің әлемдік шикізат нарықтарына (негізгі металдар мен материалдар) қатысуын кеңейту есебінен қамтамасыз етілді. Сонымен бірге өңдеу өнеркәсібінің құрылымында түпкілікті өнім өндіруге маманданған басқа да маңызды салалардың үлесі мардымсыз деңгейде қалып отыр. Ірі жер қойнауын пайдаланушылар шикізат экспортына бағытталған және ел ішінде өңдеуді дамытуға мүдделі емес. Өндірілген алюминийдің 87%-ы, мыстың 99%-ы және қорғасынның 77%-ы экспортқа шығарылады. Жалпы, соңғы 6 жылда металл экспорты 35 пайызға өсті.

Депутаттардың айтуынша, өндірісте импорттық шикізат пен құрамдас бөліктер басым. Мұның нақты мысалын әсіресе машина жасау саласында көруге болады. Мықты мемлекеттік қолдауға қарамастан, еліміздің осы өнімдерге деген сұранысының 80%-дан астамы құрамдас бөліктерді шетелден жеткізу есебінен қамтамасыз етіледі. Ресми деректерге сәйкес, фармацевтика өнеркәсібіндегі импорт үлесі ‒ 63%, жиһаз – 55%, электронды өнімдер – 40%. Осының барлығы Мемлекет басшысы назар аударған жалған жергіліктендіруге алып келеді. Осылайша, өндіріс көлемі артқанымен, нақты локализацияға қол жеткізілген жоқ.

Орта және жоғары қосылған құны бар тауарлар өндірісін дамытудың негізі мемлекеттік қолдаудың кең шараларын қарастырған «Өнеркәсіптік саясат туралы» заңның қабылдануымен қаланды. Алайда жекелеген нормаларды іске асыру саладағы елеулі өзгерістерге әкелмеді. Өткен жылы тауарларды қайта бөлу деңгейін бағалау әдістемесі бекітілген болатын. Осы әдістемеге сәйкес, республикада жоғары технологиялы өндірістерді дамыту машина жасау, химия және фармацевтика төңірегінде құрылады. Ал ЭЫДҰ елдері мұндай өндіріске ғарыш және электронды өнеркәсіпті қосады. «Біз қайта бөлудің жоғары деңгейіне трансформаторлар мен лак-бояу өнімдерін кіргізетін болсақ, дамыған елдер ұшақтарды, компьютерлер мен оптикалық құрылғыларды жатқызады. Көріп отырғанымыздай, айырмашылық өте үлкен. Осындай жағдай орта технологиялы салаларға да қатысты орныққан», деп түсіндірді сенаторлар.

Депутаттар өз сауалында атап көрсет­кенд­ей, индустрияландыру картасына енгізілген жобалардың 60 пайыздан астамының технологиялық күрделілігі орташа және төмен. Жобалардың 20%-дан­ астамының өңдеу өнеркәсібіне мүл­дем­ қатысы жоқ. Бұдан бөлек, Ұлттық банк­тің салалық шолуына сәйкес, 2022 жылдың 4-ші тоқсанында өңдеу өнеркәсібіндегі компаниялардың үштен бірінен астамының жүктемесі 50 пайыздан аспады. «Біз мемлекеттік қолдауды жоғары технологиялық өнім шығаратын кәсіпорындарға бағыттау керек деп есептейміз. Көптеген жеңілдетілген қаржыландыру бағдарламасының ағым­дағы шарттарын тек басым сек­тор­лардағы өндірістік жобаларға бағыттау үшін қайта қарау қажет. Соны­мен бірге даму институттарына үлкен рөл беру керек. Мәселен, қыз­ме­ті­ көптеген кәсіпорын тарапынан қар­жыландырудың қолжетімсіздігіне қатысты әділ сынға ұшыраған Индустриялық даму қорына көңіл бөлген жөн», делінген сауалда.

Қазірде өңдеу өнеркәсібі қаржы инсти­туттары үшін тартымсыз болып қалып отыр. Оған дәлел ‒ «Даму» қоры­ның деректері. Мысалы, 2015-2021 жыл­дар аралығында банктер берген қарыз­дардың жалпы көлеміндегі саланы несие­лендіру үлесі 16,7%-дан 10,1%-ға дейін төмендеген. Отандық өңдеуші кәсіпорындар басшыларының айтуынша, елімізде өндіріспен айналысу тиімсіз, өйткені олар сауда қызметімен бірдей жағдайда. Бизнес салық салу жүйесі мен қаржыландыруға қолжетімділік экономиканың басым секторы ретінде өңдеуші өнеркәсіп үшін неғұрлым тартымды болуы керек деген пікірде. Елдегі әрбір бесінші банк қана (23 банктің 5-і) сауда несие портфеліне басымдық беріп, шағын және орта бизнес жобаларын несиелендіруде.

Сонымен қатар кәсіпорындар өз бетінше, тысқары жұмыс істеп, шикі­зат­пен қамту, тауарларды жеткізу мен сату жолдарын өздері іздеуде. Олардың көп­ші­лігі отандық нарықта бар шикізатты импорттайды. Өзімізде баламасы болса да нарық импорттық өнімдерге толы. «Өнеркәсіптік саясат туралы» заңда жарияланған офтейк-шарттар тиісті деңгейде жұмыс істемейді: ірі жер қойнауын пайдаланушылар жергілікті тауар өндірушілерге бағдарланбаған. Кәсіпорындарда жергілікті қамтуды дамыту бойынша көп сауал бар. Осы мәселелердің барлығын жауапты органдар деңгейінде, сондай-ақ QazTrade және Qazindustry сияқты даму институттарын тарту арқылы пысықтау қажет. Мемлекеттік органдар жоспарланған жобаларды жүзеге асырудың барлық кезеңдерін толық талдамайды, тәуе­кел­дер­ді ескермейді. Сондықтан сенаторлар Үкі­мет өңдеу өнеркәсібін шын мәнінде экономика дамуының бір негізіне айналдыру үшін шаралар қабылдауға тиіс деп есептейді.

Бұл бағыттағы іс-қимылды Жер қойнауы және жер қойнауын пайда­ла­ну туралы кодекске, сондай-ақ «Өнер­кәсіптік саясат туралы» заңға: жер қойнауын пайдаланушыларға шикiзаттың бiр бөлiгiн жеңiлдiкпен iшкi нарықта сатуға бағыт беру; арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар шеңберінде мемлекеттік қолдау алған немесе жеңілдіктері бар компаниялар үшін өзара міндеттемелер белгілеу; Өнеркәсіпті дамыту қорының қызметін өңдеуші өнеркәсіпті дамытуды ынталандыру бағытында қайта құру; отандық тауарларды /қызметтерді/ жұмыстарды өндірушілердің ірі жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуларына кедергісіз қол жеткізуін қамтамасыз етудің нақты механизмін енгізу; жоғары технологиялы өнімдерді шығаратын кәсіпорындарға мемлекеттік қолдау көрсетуге бағыттау жөнінде ішінара өзгертулер енгізуден бастау ұсынылды. Сондай-ақ тауарларды қайта бөлу деңгейін бағалау әдістемесін қайта қарау және оны салалардың және тұтастай алғанда экономиканың нақты жағдайына сәйкестендіру маңызды.

Бүгінде халықаралық институттар, бизнес-қоғамдастықтардың өкілдері мен сарапшылар түріндегі әлемдік қауымдастық шикізат супер-циклі аяқталды және қосылған құны төмен тауарларды сату арқылы экономикалық өсу мүмкіндіктері сарқылды деген пікірде. Осыған байланысты шикізатты сатып алу бағасының кенет өзгеруіне ұшырамайтын, әлемдік саудаға бағыт­талған жоғары технологиялы күрделі өнім шығаруды ұйымдастыру арқылы өңдеу өнеркәсібін қарқынды дамыту мәселесі алдыңғы қатарға шықты. Еліміздің өнеркәсіп құрылымын түбегейлі өзгертудің маңыздылығын Үкіметтің өңдеу өнеркәсібін дамы­тудың 2023-2029 жылдарға арналған жаңа тұжырымдамасы да айқындайды. Индустриялық саясат гео­саяси және экономикалық үдерістердің өзгеріс­теріне бейімделуге қабілетті өңдеуші кәсіпорындарды ынталандыру үшін жағдай жасауға бағытталуы керек. Тұжы­рымдамада белгіленгендей, бірінші бағдар ‒ жоғары қосылған құны бар қайта өңдеу өнімдерін шығару болмақ. Сондай-ақ индустриялық-инно­вациялық және аумақтық дамуды үйлестіру, ішкі мүмкіндіктерді ескере отырып, сыртқы нарыққа бағдарлану, мемлекеттің, қоғамның және бизнестің стратегиялық мүдделерінің өзара теңгерімін сақтау, атаулы, тиімді ынталандыру шараларын қабылдау сынды қағидаттар негізге алынған. Отандық кәсіпорындарды мемлекеттік ынталандыру тетігі жетілдіріліп, қайта қаралатын болады. Жаңа тәсілдің мәні ‒ субъектінің қаржылық тұрақтылығын, техникалық жарақтандырылуын, бизнес-үдерістерін, стратегиясын, сондай-ақ мүмкіндіктері мен нәти­же­лерін қамтитын алдын ала талдау жүргізу болуға тиіс. Мемлекет пен индустриялық-инновациялық қыз­­­мет субъектілері арасында бәсе­кеге қабі­леттілікті арттыру туралы келі­сімдер жасалады. Мұндай келісім саланы мем­лекеттік ынталандырудың кешенді шараларын алуға құқық береді. Сонымен қатар тұжырымдамада жүйелік қолдау, жобаларды қаржы­ландыру, ішкі нарықты дамыту, технологиялық, цифрлық даму шаралары қарастырылған.

Кейінгі жиырма жылдағы жалпы­­ ішкі өнім динамикасы еліміз эконо­ми­касының даму қарқыны тез төмендеп келе жат­қанын аңғартады. Бүгінге дейін өсудің негізгі драйвері болып келген экспорттық шикізат секторы іс жүзінде түгесіле бас­тады. Егер жаңа қозғаушы күштер табылмаса, келесі кезеңде экономиканың тоқырауын ғана емес, құлдырауын да күтуге болады. ІЖӨ өсу қарқынының төмендеуінің себебі стандартты: экс­порттық-шикізаттық модельдің әлеуетін барынша пайдаланып болдық. Ендеше, экономикалық дамудың келесі кезеңіне өңдеуші секторды белсенді дамыта отырып өтуден басқа амал жоқ секілді.