Несие • 15 Маусым, 2023

Несиеңізді «демалдырады»

7577 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Несиелік демалыс мерзімі Қазақстанға қайта оралуы мүмкін. Осыдан үш жыл бұрын пандемиялық дағдарыс кезінде қабылданған шешім халықты қолдауға бағытталған Үкіметтің бастамасы ретінде қарастырылғаны айтылған. Бұған дейін несиелік демалыс ұғымы отандық заңнамада бекітілмеген. Бірақ қарыз алушы қиын жағдайға тап болып, банкке хабарласып, ай сайынғы төлемдерді кейінге қалдыруды сұрауға құқылы. Банк өз кезегінде қолдау ретінде клиентке несиені өтеу тәртібін өзгертуді немесе ол бойынша міндеттемелерді орындауды кейінге қалдыруды ұсынып келді.

Несиеңізді «демалдырады»

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Ranking.kz порталының мәліметінше, биыл мамыр айының соңына қарай 90 күн­нен астам мерзімі өткен қарыздар сома­сы былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыс­тырғанда 5,4 пайызға өскен. Мер­зі­мі өткен несиелердің жалпы сомасы 2 трлн­ теңгені құрады.

Өткен аптада Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банктік қарыз шартының талаптарына өзгеріс енгізетін жоба­ны қарастыратынын айтты. Несиелік дема­лыстар қысқа мерзімге беріледі. Әдетте, осы кезеңде банк несие бойынша па­йыздарды есептеуді жалғастырады, бірақ сізден төлемдер талап етілмейді. Несие­лік демалыс аяқталғаннан кейін ай са­йынғы төлемнің мөлшері өзгеріссіз қала­ды, ал төлем мерзімі қарыздың бар­лық сомасын өтеуге қажетті мерзімге ұзар­тылады. Бұл мәселе қолдау тапса, несие­лік демалысты заңдастыру күн тәрті­біне шығады. Мұның алдында мер­зімі 90 күннен асатын несиесі бар отан­дас­тарымызға банктік несие беруге ты­йым­ салуды жоспарланғаны айтылды. Заң жобасы «Ашық НҚА» порталында жария­ланған және 2023 жылғы 6 сәуір­ге дейін қоғамдық талқылау үшін қол­же­тім­ді болды. Құжатты әзірлеуші – Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі.

«Кәсіпкерлік қызметпен байланыс­ты­ емес, банктік қарыз және (немесе) микро­кредит бойынша 90 күнтізбелік күн­нен астам мерзімі өткен берешегі бар жеке тұлғаға банктік қарыз беру­ге тыйым салынады. Бұл тыйым кәсіпкерлік қызметпен бай­ланысты емес жеке тұлғаға банктік қарыз­ды және (немесе) микрокредитті өтеу­ мақсатында банктік қарыз беру жағ­дай­­ларына қолданылмайды», делінген құ­­жатта.

Агенттік өкілдерінің айтуынша, бұл жоба қарыз алушыларға банктік несие бойынша мерзімі өткен берешегін реттеу құқығын кеңейтуіне мүмкіндік береді.

Күні бүгінге дейін олигархтар өз­де­рі­нің «меншікті» банктері арқылы несие­лік төлемдерінің мерзімін шегеріп, несие­лік демалыс алып, банк қаржысын жеке бастарына ыңғайлы етіп пайдала­нып жүргені енді ашық айтылып жатыр.­ Ен­ді несие демалысы керек екенін дәлел­дей­ алған әрбір азамат несиесін жарты жыл­­ға болса да демалдырып алуға құқы бар.

Сарапшылар агенттік бұл шешімді COVID-19 кезінде «демалысқа» кеткен­ клиент­тердің келесі кезеңдердегі «көші-­қонын» бақылау үшін қабылдап жатқа­ны­на сенімді. Егер ЕДБ бұл шешімді құп көрмесе, несие нарығы алдағы жарты­ жылда дефолт мәселесіне тап болуы әбден мүмкін. Төлеу мерзімі 90 күнге кешік­тірілген несиенің салмағы несиелік дема­лыс мерзімінің ауыртпалығынан әлде­қайда ауыр болғалы тұр.

Енді агенттік қарыз жүктемесін кө­те­ре алмай қалған азаматтардың 3-6 ай де­ма­лып, несие кестесіне қайта қолға алуы­на жағдай жасаймыз деп отыр. Тәуелсіз сарап­шы Айбар Олжаев айтып­ өткендей, біз кез келген шешімді қабылдаған эко­но­­­миканың сол кездегі жағдайына, эко­но­­миканың дамуын ынталандыруға назар ауда­руымыз керек. «Экономиканың да­муы­ клиенттердің төлем қабілетіне дем бе­ріп, несиені өтеудің стандартты кес­те­ле­­ріне қайта оралуға, өз еркімен оралуға мүм­­кіндік береді, қажет болса банкке хабар­­ласып, үзіліс алады.

«Бұл шешім – көптен күткен, әлеу­мет­тік ма­ңызы бар әділ шешім. Біздегі проб­ле­ма­лы несиелердің көпшілігі АҚШ дол­лары­­мен берілген. Олардың 20 пайызы ғана негізгі қарыз, 80 пайызы несие үс­тін­дегі үстеме пайыз. Мысалы, несие­ ре­тін­де берілген 50 мың доллар 20 жылдың ішін­де пайызымен 200 мың доллардан асып кеткен. Қарыз алушының алғашқы 7 жыл­дағы төлеген қаржысы негізгі қарыз­ды жабуға жетеді. Ал қалған 13 жыл пайыздық өсімге кетеді. Бірақ банк­тер қа­рыз­ды пайызымен қосып, кол­лек­тор­ларға өткі­зіп жіберген. Үкімет алдағы уақытта осы­ проблеманың алдын алғысы келеді» дей­ді А.Олжаев.

Дегенмен қарыз шартының талап­та­рын­дағы өзгерістердің әсері аз дегенді біраз сарапшылар айтады. Себебі біздің елде жұмсақ түрде қарыз талаптарындағы өзгеріс­тер деген атауға ие болған өзгеріс­тер Ресейде өткен жылдың наурыз айында заңдастырылды. Бірақ Ресей заңын­да несиелік демалыс кезінде де несие пайы­зы­ның есептеле беретіні ашық айтылған. Ал біздің елде несиелік демалыс кездегі банк пайызының жүрер-жүрмесі алдағы талқылаулар барысында анықталады.

Ал келесі сарапшы Мақсат Халық назар аударатын тұстың да осы екенін айтады. Санкцияның қыспағымен несие демалысы туралы шешімге келген Ресейдегі жағдаймен біздің елді салыстыруға кел­мей­ді. Сарапшылар бұл шешімге несие дема­лысы кезінде үстеме пайызға да «дема­лыс» беруге біздің елдің мүмкіндігі жете­тінін алға тартады. Біз мұны не үшін ай­тып отырмыз. Түсіндірейік.

Пандемия кезінде үш айлық несие дема­лысын алғандар үш айлық үстеме пайыз­ды кейін қосып төлегені енді айтылып жатыр. Оның салмақты себебі бар. Біз бұл шешімді пандемия кезінде қабылдадық, банктері скоринг жүйесін осы жүйеге үйлестіруге мүмкіндік болмады. Қазіргі скорниг жүйесі демалыс мерзіміне қарамастан, үстеме пайызды есептеуге негізделген. Басқаша айтсақ, бұл жүйе несиенің көтерме пайызына демалыс беру дегенді білмейді.

Агенттік мұндай тәжірибенің дамы­­ған елдерде барын, несиенің үстеме пайызы несиелік демалыс кезінде де жүре беретінін айтып отыр. Ал тәуелсіз сарап­шылар біздің ел мен АҚШ немесе­ Жапо­ния банктерінің несие пайызын бір-бірімен салыстыруға болмайтынын айтады. Тіпті ол елдердегі 3 пайыздық үсте­ме пайыз несие демалысы кезінде де есеп­телсе де азаматтарының қалтасына біздің елдегідей салмақ салмайды, «Банк бірін­ші кезекте өз пайдасына басымдық береді. Одан бөлек Ұлттық банктің мар­жасы инфляция деңгейімен бірдей жүре­ді. Бірақ несие пайызы туралы жобаны құп көрсе, демалыс мерзімінде де тоқтамайтын несие пайызын қарыз алу­шы­ның төлем қабілетіне қарап шектеу керек. Біздің қаржы жүйесі несие демалысы кезіндегі үстеме пайызды 10-15 пайыз­бен шектеуіне мүмкіндік бар», дейді Мақсат Халық.

Тәуелсіз сарапшылар банк индус­трия­сындағы күмәнді тұстарды қоюлатып жіберген мәселе – проблемалы несие екенін айтады. 2000 жылдардың екінші жар­ты­сынан бастап проблемалы несиенің сал­мағын Үкіметтің демеу қаржысы арқы­лы­ өтеу қалыпты құбылысқа айналды. Үкі­меттің араға 10-15 жыл салып, бұл мәсе­ле қайта оралуына, агенттіктің «несие­лік демалыс» туралы жобаны қол­ға алуына осы фактор себеп болғанға ұқсайды.

Белгілі қаржыгер Бейсенбек Зиябеков кез келген шешімді қабылдарда оның орын­далуының салмақты алғышарты болуы керектігін айтады. Дәл қазір несие­лік­ демалыс берудің әсері, нәтижесі біз күткендей деңгейде болмауы әбден мүм­кін. Біз соған дайын болуымыз керек. «Несие пайызының салмағы халықтың белін қайыстырып жіберді. Тіпті ең төмен пайызбен 18 млн теңгелік несие 15 жылда 60 миллионнан асып кетеді. РФ-да несиелік демалыс мәселесі өткен жылдан бастап ашық айтыла бастады. Ол елде халық қалаған уақытта емес, тек 1 рет қана несиелік демалыс алады. Тіпті, кейбір банктердің әскерилерге де несиелік демалысты беруден бас тартып жатқанын көріп жүрміз», дейді сарапшы.

Сарапшы 2000 жылдардың екінші жар­тысында тәуелсіз сарапшылар проб­лемалы несие тарихына скрининг­ жасау қажеттігін, оның қанша пайызы негіз­гі қарыз, қанша пайызы үстеме па­йыз екенін талдау қажет деген ұсы­ныс­пен шыққанын айтты. Сол кезде қай­тарылмаған қарыздағы негізгі қарыз­ды үкімет төлеп, қалған үстеме пайыз­дан жинақталып қалған қарызды ке­шіру немесе оны банктің құрыл­тай­шыларының қалтасынан төлеу мәсе­ле­сі ашық айтыл­ған­мен қаперге алынбады. «ЕДБ-ға көмек беру әлем­дік тәжі­ри­беде бар. Бірақ бұл мәселе үкі­мет­­тің немесе бас банктің емес, банк құрыл­тай­шыларының есебінен шеші­ле­ді. Дамы­ған елдердегі проблемалы несие­дегі негізгі қарыз бен үстеме пайыз ара­сын­­­дағы айырмашылық аз. Бұл үрдіс ол ел­­дерде банктің құрылтайшысына да, билік­ке де аса қатты білінбейді, банктің жеке қорынан өтеледі. Біз несиелік дема­лыс туралы мәселе көтерместен бұрын, банк құрылтайшыларының жауап­­­­кершілігі туралы заң қабыл­дауы­мыз­ керек. Проблемалы несие мәсе­ле­­сін осы заң арқылы ғана реттей аламыз. ЕДБ портфеліндегі жинақталып қал­­ған проб­­лема – несие, банктің емес, Үкі­мет­­тің проблемасы. Сол проблемалы несие­нің қанша пайызы негізгі қа­рыз, қан­ша­ пайызының үстеме қ­а­рыз екенін анық­тау қиын емес. Банк құрыл­тай­шы­л­а­ры­ның­ жауапкершілігі туралы заң про­б­­ле­­малы несиедегі үстеме пайыз­ды банк­ құрылтайшыларына төлеу­ді­ мін­дет­­тей алады. Несиелік демалыс ту­ра­лы­­ шешімнің орындалуына осы фак­тор­ ке­дер­гі келтіруі мүмкін», дейді Б.Зия­бе­ков.

Сарапшы айтып өткендей, біздің елде қайтарылмай қалған несие туралы­ мәліметтер бар да несиенің қайта­рылу дең­гейі туралы мәліметтерді тіркейтін ортақ жүйе жоқ. Ұлттық банктің пайы­мынша, бұл – жекелеген банктердің проблемасы. Жеке тұлғаларға берілетін несиенің артуы бағаның өсуіне және өндірістің даму мүмкіндігінің төмендеуіне соқтыратын тенденция екені халықаралық тәжірибеден белгілі.

Содан кейін сарапшы айтқан екінші мәселе, әрбір азамат объективті жеке немесе объективті жалпы себептерге байланысты өзінің несиелік жүктеме деңгейін уақытша төмендете алатын ашық механизм болуы керек. Өзгерістер заңдастырылса, бұл жеңілдіктерді жылына 70-80 мың адам пайдалануы мүмкін. Бұл несие жүктемесіне жүгініп жүргендердің 8-10 пайызы. «Біздің елде дағдарыс жағдайында «несиелік демалыстардың» тұрақты механизмін пайдалану тәжірибесі қалыптасқан жоқ. 2020 жылдардағы несиелік демалыс тәжірибесінде аса күрделі жағдайда жүрді.

ЕДБ тәжірибесінде несие пайызы оны пайдалану мерзіміне қарай есептеледі.

Қазір несие портфелінің 1,8-2,0 па­йызы проблемалы несие санатында тұр. Олардың төлем қабілетінің несие демалысынан кейін жақсарып кетуіне ешкім кепілдік бермейді. Демек ЕДБ тағы да Үкіметтен немесе Ұлттық банктен көмек сұрау мүмкін. «Несие демалысының мерзімі емес, несиенің пайызын қысқартуы немесе несиенің бір бөлігін Үкімет есебінен жабу қажеттілігі туындайды. Банктер мұның алдын алу үшін несиелік демалыстан кейін жаңа келісімшарт жасап, несие демалысы кезіндегі үстеме па­йызды жауып жібереді. Несиелік демалыс туралы шешімге Агенттік пен Ұлттық банк қана емес, қарыз алушылар да дайын болуы керек», дейді Б.Зиябеков.

Сарапшының айтуынша, қаржы агент­тігінің «несие беру мерзімін ұзарту» алу үшін негіздердің тізбесін кеңейту тура­лы шешімі АҚШ, Еуропа елдері, Жапо­ния, Ұлыбритания экономикасы дамы­ған елдерде жұмыс істейтін модель­дер­ге жақындататын дұрыс шешім. Бірақ дағдарыс кезінде жағдайды тұрақ­та­н­дыруға мүмкіндік беретін қосымша тетік­тер­ді алдын-ала ойластыру керек. «Біздің несие­ге демалыс берудің нарықтық жүйе әлі қалыптаспаған. Ал банк құрыл­тай­шы­лары проблемалы қарызды Ұлттық банк, Үкімет арқылы өтеуді әдетке айнал­дырып алған. Экономикалық тұрғы­дан қиынырақ кезеңдерге несие беруді кейінге қалдыруға өтініш берген азамат­тар­дың саны 2,5-3 есеге артуы мүмкін», дей­ді Б.Зиябеков.

Ұлттық рейтинг агенттігінің (NRA) банк­тік рейтингтердің сарапшысы Наталья Богомолова несиелік демалыстар азаматтарды, әсіресе табысы төмен адамдарды және айтарлықтай қарыз ауыртпалығы бар қарыз алушыларды қолдау шараларының қисынды жалғасы деп санайды. Оның айтуынша, бұл механизм жаппай дефолттарды болдырмауға көмектеседі, кейбір қарыз алушылар төлем кестесіне қайта орала алады.

Айта кетерлігі, агенттік жобаны тал­қы­лау барысында үстеме пайызға да демалыс беру мәселесін шешіп алу керек. «Қарыз алушылардың басым көпшілігі демалыс кезіндегі қосымша қаржылық жүктемені көтере алмай проблемалық несиеге айналдырып алуы мүмкін. Біз бұл шешімге дайындықпен баруымыз керек», деп сөзін түйіндеді сарапшы.

 

АЛМАТЫ