Инфографиканы жасаған Зәуреш Смағұл, «ЕQ»
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Үкімет өткен жылғы 30 желтоқсандағы қаулысымен Қазақстан Республикасы көші-қон саясатының 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекітті. Құжатта жұмыс күші артық өңірлердің тұрғындары мен қандастардың жұмыс күші тапшы өңірлерге қоныс аударуын ынталандыру, сондай-ақ солтүстік өңірлерде жаңа жұмыс орындары мен бизнес-жобаларды көбейту мемлекетіміздің көші-қон саясатының маңызды бағытының бірі болып белгіленді.
Үкімет жеті жыл ішінде ауылдық жерлерде 350 мыңнан астам сапалы жұмыс орнын құруды, олардың көбін солтүстік өңірлерде ашуды қарастырып отыр. Мәселен, биыл елімізде жалпы сомасы 100 млрд теңгені құрайтын зәкірлік өндірістік-инвестициялық жобалар ретінде 65 тауарлы-сүт фермасын салу көзделген болса, оның 45-і солтүстік өңірлерде бой көтермекші. Бұл 2 мыңдай адамды, соның ішінде жұмыс күші артық оңтүстік және батыс өңірлерден шақырылған мамандарды тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік бермек.
Осындай өндірісті өркендету қадамдары теріскей аймақтардың оңтүстік және батыс өңірлерден өз еркімен қоныс аударушылар мен қандастар үшін тартымдылығын арттыруға тиіс.
Тағы бір жағымды жаңалық – Үкімет биылдан бастап квота бойынша солтүстік өңірлерге орналасатын қоныс аударушылар мен қандастарды тұрғынжаймен қамтамасыз ету шарасын қолға алып отыр. Нақты айтсақ, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі 2022 жылғы 27 мамырдағы бұйрығымен «Жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін адамдардың ерікті түрде қоныс аудару қағидаларына» экономикалық ұтқырлық сертификаты туралы толықтыру енгізді. Ол – тұрғын үйді сатып алу және салу, ипотекалық несие бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін Қазақстан азаматтарына берілетін ақшалай түріндегі материалдық көмек. Аталған сертификат қоныс аударушылар мен қандастардың тікелей өздеріне тапсырылып, олардың көшіп барған өңірлерінде өз бетінше тұрғын үй таңдауына мүмкіндік береді. Осы мақсатқа биыл республикалық бюджеттен 10,1 млрд теңге бөлінді. Бұған дейін тек демографиялық жағдайы тым күрделі Солтүстік Қазақстан облысында қанатқақты жоба бойынша қоныс аударушыларға арналған тұрғын үйлер салынған болатын. Алайда олардың көбі жергілікті шенеуніктердің тарапынан тиісті талап пен бақылаудың болмауынан сапасыз салынып, қоныс аударушылардың орынды реніштерін туғызған. Енді мұндай берекесіздіктің һәм былық-шылықтың тамырына балта шабылады деп үміттенеміз.
Үкімет алыс-жақын шет мемлекеттердегі этностық қазақтардың атажұртқа оралу үдерісін мүмкіндігінше жеңілдетуге де күш салып отыр. Алыстағы ағайындардың қандас мәртебесін алуға өтінішін Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің шетелдегі мекемесі арқылы «бір терезе» қағидаты бойынша қабылдаудың жаңа тетігі енгізілді.
Мемлекет басшысы өз Жолдауында елімізде жоғары білікті мамандардың тапшылығын азайту мақсатында шетелден дарынды адамдарды Қазақстанға тарту қажеттігін, әсіресе шығармашылық және кәсіпкерлік салада жетістікке жеткен азаматтарды шақыру керектігін де айтты. Үкімет Президенттің осы тапсырмасын орындауды шетелде тұрып жатқан этностық қазақтардан бастауды ұйғарғаны көңілге қонады. Осы мақсатпен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Ата жолы» картасын беру қағидаларын әзірледі. Соған сәйкес биылғы шілде айынан бастап өзге елде тұратын этностық қазақтар аталған құжатты алып, тарихи Отанына оңайлатылған кіру мүмкіндігін пайдалана алады.
«Ата жолы» картасы өздері тұрақты тұрып жатқан шет мемлекеттерде кәсіппен айналысатын этностық қазақтарға беріледі. Осы карта иегерлері Қазақстанда 10 жыл тұруға рұқсатпен қоса, өздері таңдаған өңірде мамандығына сай жұмысқа орналасуға немесе кәсіпкерлікпен шұғылдануға мүмкіндік алады. Олар басқа елдің азаматтары екендіктеріне қарамастан, әлеуметтік мәселелерде Қазақстан азаматтарымен және қандастармен тең құқыққа ие болады. Әрине, оларға Қазақстанның мемлекеттік органдары мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарына сайлау және сайлану, республикалық референдумға қатысу және мемлекеттік қызметке кіру құқығы берілмейді.
Биыл «Ата жолы» картасын 5 мың этностық қазақ алуы мүмкін, ал 2027 жылы олардың саны 40 мыңға жетіп қалар деген үкілі үміт бар. Сол іскер ағайындар тұрғындарының қатары жылдан-жылға сиреп бара жатқан, иесіз жұтаған жетім жері көп солтүстік өңірлерге ат басын бұрса, құба-құп.
Міне, осылайша қазір Қазақстанның көші-қон саясатында көптен күткен бетбұрыс байқалып отыр. Сонымен қатар осы саладағы ойсыраған олқылықтың орнын толтыру үшін қосымша пәрменді шаралар қажет деп ойлаймыз.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне қарағанда, 1991 жылдан бастап 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін 1 млн 107 мың этностық қазақ тарихи Отанына оралды. Соның 881 мыңнан астамы 1991-2011 жылдар аралығында көшіп келді.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін тап болған ауыр экономикалық дағдарыс кезеңінде – 1991-2000 жылдары 183652 қандас атамекенге ат басын тіреді. Ал өтпелі кезеңнің қиындықтары еңсерілген 2001-2011 жылдары ұлы көш ерекше қарқын алып, 697769 этностық қазақ атажұртқа қоныс аударды. 2007 жылы алыстағы ағайындарды қабылдау квотасы рекордтық көрсеткіш 15 мың отбасы болып белгіленген. Қандастар қатарын қалыңдатуға Үкіметтің 2009-2011 жылдарға арналған «Нұрлы көш» бағдарламасы да оң әсерін тигізді. Осы бағдарлама бойынша қандастар үшін Ақмола облысында – «Нұрлы көш», Солтүстік Қазақстанда «Бәйтерек» ауылдары салынып, жүздеген тұрғын үй бой көтерді. Алайда 2011 жылдың аяғындағы қайғылы Жаңаөзен оқиғасынан кейін «Нұрлы көш» бағдарламасы тоқтатылып қана қоймай, Үкіметтің 2011-2014 жылдары қандастардың 10 мың отбасын квота бойынша қабылдау туралы қаулысының күші де жойылды. Соның салдарынан ұлы көш қарқыны күрт бәсеңдеп, 2012-2022 жылдары небәрі 226 мыңға жуық қандас атажұртына оралды. Қандастарды қабылдауға квота бөлу тек төрт жылдан кейін – 2016 жылы ғана жалғастырылып, Үкімет айқындаған өңірлерге орналасуға келіскен 1259 отбасына мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілді. Бұл көрсеткіш 2017 жылы 558 отбасыны құрады. Ал 2018 жылдан бастап квотаны бұрынғыша қандастар отбасыларының санына емес, шетелден көшіп келушілердің нақты санына қарай белгілеу енгізілді. Сөйтіп, 2018 жылы – 2185, 2019 жылы – 2031, 2020 жылы – 1378, 2021 жылы – 941, 2022 жылы 1499 қандас квота алу мүмкіндігіне ие болды. Биыл 1925 қандасқа квота бойынша қолдау көрсетілмекші.
Бұл ретте Үкімет кейінгі жылдары ішкі көші-қонды реттеуге басымдық беріп отырғаны байқалады. 2018 жылы жұмыс күші артық өңірлерден жұмыс күші тапшы өңірлерге ерікті түрде қоныс аударушылар үшін квота 7119 адам болып белгіленгендігі, ал осы көрсеткіш 2019 жылы – 6962, 2020 жылы – 4750, 2021 жылы – 7211, 2022 жылы – 6587, 2023 жылы 6727 адамды құрағандығы – соның айғағы.
Әйтсе де, еліміздің демографиялық жағдайы мәз емес солтүстік және шығыс өңірлер тұрғындарының қатарын қоныс аударушылар мен қандастар есебінен толықтыру барысы көңіл көншітпейді. «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында бес жыл ішінде солтүстік және шығыс өңірлерге 33,8 мың адам қоныстандырылған. Бұл жеткіліксіз болып шықты. Себебі көші-қон статистикасы аталған кезеңде тұрғындар саны Қостанай облысында 22 мыңға (2017 жылғы 879 мыңнан 2022 жылғы 857 мың адамға дейін), Павлодар облысында 10 мыңға (757 мыңнан 747 мың адамға дейін), Солтүстік Қазақстан облысында 26 мыңға (563 мыңнан 537 мың адамға дейін), Шығыс Қазақстан облысында 33 мыңға (1389 мыңнан 1356 мың адамға дейін) азайғанын көрсетті. Қашан тоқтайтыны әлі белгісіз болып отырған осы теріс үрдіс, сайып келгенде, қоныс аударушылар мен қандастарға бөлінетін квота саны аз екенін айғақтайды.
Мұның себебі – көші-қон саласындағы уәкілетті орган болып саналатын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қоныс аударушылар мен қандастарға бөлінетін жылдық квотаны жұмыс күші тапшы өңірлер берген өтінімдерге сәйкес бекітумен ғана шектеліп, осы мемлекеттік маңызға ие бағдарламаны нақты іске асыруды жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне қалдырғанында. Алайда солтүстік және шығыс өңірлердің шенеуніктері жергілікті халықтың саны жылдан-жылға азайып бара жатқанын ойлап «бастарын ауыртпай», қоныс аударушылар мен қандастарды қабылдаудың машақатты жұмысымен айналысуға аса құлшыныс танытар емес. Демек қоғам қайраткерлері мен сарапшылар айтып жүргендей, онсыз да шаруасы шаш-етектен келетін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігін көші-қон саясатын жүзеге асырудан босату және 1997-2004 жылдары қызмет атқарған Көші-қон және демография агенттігін қайта құру мәселесін қарайтын кез жеткен сияқты.
Осы орайда бір кезде Қазақстан үкіметіне дербес көші-қон ведомствосын құруды шарт етіп қойған Корея Республикасы үкіметінің талабы орындалмағандықтан, екі ел арасында еңбек қатынастары саласындағы ынтымақтастық туралы келісім жасалмағанын, соның салдарынан қазір он мыңнан астам отандасымыз таңғы шық елінде заңсыз жұмыс істеп, сондағы көші-қон қызметінің өкілдерінен бой тасалап, қашып-пысып жүргенін де ескермеске болмас.