Аймақтар • 15 Маусым, 2023

Тоғыз жыл тоқыратты ма?

8550 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Неге екенін білмеймін, тақырыпқа түк қатысы жоқ болғанымен, Шерхан Мұртазаның «араны ашылған қыран не аңды алады, не аңшының өзін алады» деген сөзі еске түспесі бар ма? Айтайық дегеніміз ол емес, соңғы тоғыз жылда аймақта атқарылған, атқарылмаған шаруалар төңірегінде болмақ. Тұрғындардың бірі шығысқа 2014 жылдың қарашасында әкім болып келген Даниал Ахметов аймақты тоғыз жылда тоздырып жіберді десе, енді бірі керісінше, қыруар шаруа тындырды деседі. Ал әлеуметтік желідегі пікірлер туралы сөз қозғамай-ақ қояйық.

Тоғыз жыл тоқыратты ма?

Рас, Даниал Ахметовтей бір жерде табан аудармай әкім болған мемлекеттік қызметкер кемде-кем шығар. Оған дейін шығысты Бердібек Сапарбаев алты жыл басқарып, халқы қимай-қимай қоштасқан.

Хош! Тоғыз жылда Д.Ахметов не істеді? Бұл сұрақты халыққа қойсақ, алдымен жолдың жырын айтады. Айтса, айтқандай. Халықаралық маңызға ие «Омбы – Майқапшағай» күре жолы 2018 жылы басталып, 3,5 жылда халық игілігіне беріледі деп жарыса жаздық. Одан бері бақандай бес жыл өтті. Шаңы шығып әлі жатыр. Сол секілді «Өскемен – Талдықорған» жолының құрылысы да сағыздай созылды. «Өскемен – Алтай» бағытындағы Терең сай (Осинов) асуы­нан төте жолдың құрылысы басталуы басталғанымен, бүгінде тұралап қалған. Сөйтсе, жол салып келе жатқан әккі мамандар байқаусызда орман шаруашылығының жеріне кіріп кеткен екен. Бұл учаскедегі терең сайға көпір салу мәселесі және бар. Өтірік-шынын қайдам, тендер ойнатылып, жаңа мердігер компания анықталыпты. Құрылысы қашан қайта жанданып, қашан аяқталары бізге беймәлім. Жарайды, бұл жол былай тұрсын, шығыстың қалаларына апаратын жолдардың өзі сын көтермейді. Өндірісі өркен, табиғаты көркем Риддер қаласына барып көріңіз. Жеткенше діңкеңіз құриды. Жолы әбден тозған. Әр-әр жерін апамның жамауындай етіп жамағанымен, күрделі жөндеу­ді талап етіп-ақ тұр. Семей қаласы бағытындағы жолды да жөндеу жоспарына енгізілгенінен хабардармыз. Бірақ қашан? Қысқасы, шығыстың жолы туризм саласын шырқ үйіре дамытатындай сайрап жатқан жоқ, қирап жатыр. Соған қарай халық Бұқтырма су қоймасына салынып жатқан көпірдің уақтылы аяқталуына күмәнмен қарай бастады. Естеріңізге сала кетсек, Күршім мен Марқакөл өңіріндегі тұрғын­дар үшін маңызды көпір Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен салынып жатыр. Жоғарыдан түскен тапсырма жергілікті жерде сиырқұйымшақтанып кетпесе игі.

«Жол жоқ десе де болады. Оңтүстік аудандарға, туған жер Тарбағатайға барудан қалдық. Әкімнің тоғыз жыл отыруы – рекорд. Жалпы, әкімдердің ішінде мұндай мерзім жоқ шығар? Мен жамандау немесе асыра мақтаудан аулақпын. Объективті пікір айтайын. Даниал Ахметовтің тұсында мәдениетке көп көңіл бөлініп келеді. Мәселен, «Ертіс концерт» іші кірсе шыққысыз. Өскемендегі театр құрылысы сапалы, сәтті аяқталды. Қаншама археологиялық ескерткіштер зерттеліп жатыр? Көне тарихқа көп көңіл бөледі. Қазақтың сақтардан басталған жеті томдық тарихы басылған екен. Оның басында Даниал Кенжетайұлы тұр деп ойлаймын. Сонымен қатар «Абай әлемі» сериясымен  сапалы, мазмұнды кітаптар шығарылып жатыр. Денсаулық жағы да назардан тыс қалмады. Мамандарды шетелдерде оқытты, өзге өңірлерде жоқ медициналық аппараттар әкелді. Бірақ мемлекеттік тілге қолдау көрсету жағы кемшін. Кадр саясатында да кем­шін тұстар бар. Сапасыз үйлер дегендей, ұсақ-түйектерді айтқым келіп тұрған жоқ», деген қоғам белсендісі Түсіпхан Түсіпбеков өкпесі барын да жасырмады.

Айтуынша, Даниал Ахметов ел алдында менмұндалап тұрған Кировтың мүсінін алып тастап, Қасым Қайсеновтің ескерткішін қоямыз деген екен. Бірақ Қасым Қайсеновтің қасқайып тұратын күні алыс секілді. Биыл 105 жылдық мерейтойы қарсаңында өз атындағы саябаққа Кировты алып, партизан жазушыны тұғырға қондырса, халық бөркін аспанға атып қуанар еді. Кировты қойып, Алтай қаласында Лениннің мүсіні әлі тұр. Мүсін дегеннен шығады, естеріңізде болса, қайбір жылы Даниал Ахметов Өскеменнің жаңа 19-шағынауданына Пушкиннің ескерткішін қоймақ болған. Ақыры, қоғам болып шуласып, баспасөз беттеріне жазып, райынан қайтқан...

Баспасөз демекші, шығыстағы журналистиканың қара шаңырағы – «Шығыс Ақпарат». Кезінде Бердібек Сапарбаев медиахолдинг құруға мұрындық болып, бұл қара шаңырақтың әлеуеті едәуір артқан. Шығармашылығы да шарықтаған. Алайда соңғы сегіз-тоғыз жылда басшы тоқтамады. 2015 жылы М.Бөлдекбаев келіп, ұзақ істеген жоқ. Оның орнына басшылық қызметте тәжірибесі жоқ И.Якунина деген журналист жайғасты. Ол да ұзаққа бармады. Ономастикалық мәселе көтерген журналист Мұратхан Кенжеханұлына сөгіс беремін деп, қазақ қоғамын өзіне қарсы қойды. Сөйтіп, жұмыстан қуыл­ды. Содан бастап басшылары жыл сайын ауы­сып отырды. Кімнен кейін кім кел­гені есі­мізде де жоқ. Әйтеуір, Серік Жеңіс, Нұрбек Бекендер басқарды. Қыл аяғы Ұлттық қауіпсіздік комитетінен зейнетке шыққан Ерлан Смағұлов деген полковникке дейін журналистерге бас болды. Кейін «Шығыс Ақпараттың» тізгінін болашағынан зор үміт күттірген Досжан Омархан ұстап еді, ол да бір жылдан аспады-ау деймін. Басшылардың тұрақсыздығынан ба, журналистердің де күйі кетті.

Кадр тұрақсыздығы «Шығыс Ақпарат­та» ғана емес, әкімдікте де бар көрінеді. Жер-әлемді дүрліктірген коронавирус кезінде шығыстағы Денсаулық сақтау басқармасының басшылары бірнеше рет ауысты. Сол секілді облыс әкімінің баспасөз хатшысы да тұрақтамаған. Соңғы жылдары бұл вакансия бос тұр. Облыс басшысымен иықтаса жұмыс істеуге ешкімнің ниеті жоқ секілді. Сондықтан ба, кім білсін, халық пен биліктің арасын қойып, төртінші билік саналатын журналистер мен әкімдіктің арасы алшақтап кетті.

Иә, айта берсек мәселе көп. Мәде­ниетке көңіл бөлінгенімен, ұлттық спорт саласы ақсап жатыр.

«Ұлттық спортқа ешқандай қаржы бөлінбей жатыр. Төл спортымызды дамыту үшін облыстық деңгейде ұлттық спорттың кәсіби клубын құруымыз керек. Содан кейін шығыстың ұлттық спорт құрамасына жалақы төлесе дұрыс болар еді. Әйтпесе, басқа өңірлердің бәрі жалақы алады», дейді Тарбағатай жасөспірімдер ат спорты мектебінің меңгерушісі, ұлттық спорт жанашыры Сержан Омарбеков.

Ұлтымыздың тілін, ділін шын жақсы көрсек, ұлттық спортқа да көңіл бөлуіміз керек еді. Қолдау болса, ауыл-ауыл­дан мықты спортшылардың шы­ғары сөзсіз. Ковид кезінде тоқтау салын­ған спартакиаданың өтпей қалғаны да көп­шіліктің көңілінде жүрген сұрақ.

Әлеуметтік желідегі мыңдаған пікір, сандаған сауалды сараптап, саралай отырып, шығыстың тамыр соғысын дөп басуға болатын секілді. Тоқетері, шығыс Қазақстанға бір серпіліс керек-ақ...

 

Шығыс Қазақстан облысы