Коллажды жасаған Зәуреш Смағұл, «ЕQ»
Біздің түсінігімізде әділеттілік дегеніміз – заңның үстемдігі, әділ бәсеке және жалпыға тең мүмкіндік. Бұл – саламатты қоғамның сұранысы. Мемлекет басшысы осы сұраныстарға жауап беру бағытында жүйелі саясат ұстанып отырғанын атап өткен жөн.
Мұның бәрі «әділетті Мемлекет – әділетті экономика – әділетті қоғам» үштағанынан көрініс тауып отыр. Осылайша, Президент әділеттілік қағидасын қоғамның барлық саласына берік кіріктіруді көздеп отыр. Бұл – аса ауқымды, қоғамдық қолдау мен күш-жігер жұмылдыруды қажет ететін міндет. Аз уақыт ішінде еңсеріле қалатын жұмыс, орнай қалатын жұмақ емес. Дегенмен Президенттің бұл бағдарына деген қоғамдық келісім жоғары деңгейде екенін ескеру маңызды. Бұл – басталған жақсы бастаманың тұрақты, кешенді жүруіне негізгі себеп пен көмек.
Заң үстемдігі – мемлекеттіліктің ең маңызды шарты. Аз ғана топтан тайпаға, одан еңселі елге айналуда заңға жаппай мойынсыну шешуші мәнге ие болғаны тарихтан мәлім. Оны қолданудағы ала-құлалық мемлекеттің негізін шайқалтып, елге деген сенімді, оның болашағына деген үмітті өшіретіні сөзсіз. Сондықтан Президентіміз саяси реформалар арқылы мемлекет пен мемлекеттік институттарға деген сенімді қайтару жолында ауқымды жұмыстар жүргізіп келеді.
Экономиканы дамыту үшін әділ бәсекенің қаншалықты маңызды екені түсінікті. Мемлекет басшысының олигополиямен күрес, аздаған топқа артықшылық беруден бас тарту, экономикадағы мемлекеттің үлесін азайту, салық және тексеріс мораторийі саясаты экономикамызды қиын кезде демеп тұр.
Әлеуметтік саясат жалпыға тең мүмкіндік беру, мұқтаж жандарды жан-жақты қолдау бағдарын берік ұстанып отыр. Көптеген жыл бойы біз Ата заңымызда жазылған «әлеуметтік мемлекет» міндеттемесін толыққанды орындай алмай келдік. Кейінгі жылдары бұл бағытқа айрықша назар аударылып отыр.
Нәтижесінде, саясат жалпыдан жалқыға көшті. Яғни әлеуметтік көмек әрбір адамның жеке өзіне және ошағына дейін жетті. Осының арқасында көптеген отбасының тұрмысы жақсара түскені мәлім.
Қуантатыны, қазіргі таңда жалпыдан жалқыға саясаты проактивті іс-қимылдар форматына көшіп жатыр. Бұған дейін әлеуметтің сұранысына ілесе алмай жүретін шешімдер ендігі жерде алдын ала қабылданатын деңгейге жетті.
Оған Отбасының цифрлық картасы мүмкіндік береді. Яғни мемлекет ақпараттық жүйе арқылы азаматқа тиісті органдарға жүгінбей-ақ мемлекеттік қолдаудың қандай да бір түрін алуды өзі ұсынатын болады. Қазірдің өзінде цифрлық картада шамамен 6 млн отбасы және оның 19 млн мүшесі туралы деректер қамтылып, «отбасы портреті» қалыптастырылды.
Кейінгі жылдары мүгедектігі бар азаматтарға қатысты қолдаулардың еселеп артқанын байқамау мүмкін емес. Бұл бағыттағы заңнамалық өзгерістер табанды жүргізіліп келеді. Нәтижесінде, ол топтардың да әлеуметтену, мемлекеттік көмек алу мүмкіндігі молайып отыр. Осылайша, «әділетті Мемлекет – әділетті экономика – әділетті қоғам» қағидасының орындалу қарқыны көз қуантады деп айта аламыз. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар мемлекет пен халықтың әлеуетін көтерудің төте жолы деп қабылдаймыз. Осы ретте біз аталған бағыттардағы саясат бағдарына қатысты аз-кем ой қосуды мақсат етіп отырмыз.
Барлық саясаттың негізгі объектісі де, драйвері де – адам. Сондықтан кез келген шешім белгілі бір цифрларға қол жеткізуді көздеуден бұрын адамның қажеттілігі мен мүддесін ескеруден туындағаны жөн. Үнемі санның артында қалып қоя беретін жеке тағдыр маңызды. Әрбір саясат адамның өзін дамытуға жол ашқаны абзал. Біз жиі айтатын адам капиталы осылай нығайса керек.
Адам капиталы – үдемелі дамудың бірден-бір тетігі, еселеп пайда беретін фактор, оған салынған инвестицияның қайтарымы өндірістегі қайтарымнан 3 есе көп. Даму жағынан алға кеткен елдер өткен ғасырдың 90-жылдарынан бастап ішкі ресурстардың 70% адам капиталын дамытуға жұмсай бастағанын білеміз. Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметі бойынша АҚШ, Финляндия, Германия, Жапония және Швейцария елдерінде ұлттық байлықтың 80% адам капиталы есебінен жасалады. Салыстырсақ, Ресейде оның үлесі 14% ғана, қалған 72% табиғат ресурстарын пайдалану, 14% физикалық өндіріс есебінен жасалады екен.
БҰҰ-ның 2021-2022 жылдардағы адам дамуы туралы соңғы есебіне сәйкес Қазақстан адам дамуы индексінде 191 елдің ішінде 56-орынға ие болды. Бүгінгі таңда Қазақстанның ұлттық байлығы құрылымында адами капитал ең көп үлесті алады, яғни 42%. Бірақ бұл көрсеткіш әлі де әлемдік орташа мәннен 20%-ға төмен. Сондықтан халықтың әл-ауқатын арттыру бағытында тың тәсілдер іздеу өзекті болып отыр. Осы ретте Президентіміз бастамашы болған жеке кәсіпкерлік бастамаларды ынталандыру, мемлекеттің экономикаға шектен тыс араласуынан бас тарту, бәсекелестікті дамыту, яғни бәріне бірдей мүмкіндік беру, сондай-ақ ұлттық табысты әділ бөлу саясатын жалғастырудың маңызы аса зор.
Әлеуметтік саясат адами капиталды дамытудан бөлек еліміздің демографиялық ахуалын үнемі назарда ұстауға және оны жақсартуға мән бергені маңызды. Бұл ретте әлеуметтік саясаттың негізгі қозғаушы күші жастар екені белгілі. Алдағы онжылдықтарда әлеуметтік-экономикалық жаңғыртуды іске асыру барысы жастардың әлеуметтену факторларына тікелей байланысты.
Мемлекет басшысы жыл сайынғы Жолдауында жастарға ерекше көңіл бөледі. 2022 жылғы 26 желтоқсанда жастардың жасын 35 жасқа дейін ұлғайтуды көздейтін заңға қол қойды. Жастардың жасын ұлғайтуға байланысты оларға көрсетілетін мемлекеттік қолдау көлемі де бір жарым есеге артты. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес 2023 жылдың басына 14-34 жас аралығындағы жастар саны 5 726,0 мың адамды құрады. Оның ішінде 62,2% немесе 3,6 млн адам қалалық, 37,8% немесе 2,2 млн адам ауылдық жерлерде тұрады. Жас топтары бойынша жастардың ең көп үлесі (26,8%) 14-18 және 30-34 жас топтарына тиесілі.
Келесі онжылдықта 2008 жылдан бастап туған ұрпақтың жастар санатына енуі есебінен жас буынның саны тұрақты өсетін болады. Мұндай жағдай әлеуметтік-экономикалық қатерлерге, жұмыспен қамту мәселелерінің ушығуына алып келеді. Демографиялық өзгеріс әсерінен әлеуметтік саясатты қайта зерделеу, демографиялық саясаттың жаңа модельдері керек. Бұндай өзгерістерді қазір дамыған ел деп аталатын барлық мемлекет және қарқынды дамып жатқан ұлттар да бастан өткізген. Мысалы, қарқынды дамып бастаған Шығыс және Оңтүстік-шығыс Азия елдерінде (Қытай, Тайвань, Вьетнам, Сингапур) алғашқы кезеңдерде жастар үлесі басым болған.
Жыл сайын 300 мыңға жуық жас буын еңбек нарығына шығатыны белгілі. Бұл көрсеткіш алдағы бес-он жылдықта екі есеге өсетін болады. Егер мемлекет оларды жұмыспен қамтамасыз ете алмаған жағдайда бұл мәселе жастарды басқа елдерге еңбек көші-қонына қатысуға мәжбүр етеді. Сонымен қатар әлеуметтік жағдайдың қиындауына алып келуі мүмкін.Сондықтан қазірден бастап жастарды жұмыспен қамтудың жаңа тәсілдері мен тетіктерін енгізуге ерекше назар аударған жөн деп есептейміз. Еңбекке қабілетті жастар үлесінің болжалды өсуі басқару жүйесінде елеулі әлеуметтік, экономикалық және саяси өзгерістерге әкеп соғатыны сөзсіз. Сол себепті құрамы ұлғая түсетін әлеуметтік топтың сұранысын қанағаттандыру шешуші мәнге ие болмақ.
Жоғарыда аталғандай, демографиялық дүмпулер ішкі көші-қон мәселесін де өзектендіре түсетіні анық. Осы орайда еліміздегі ішкі көші-қонды реттеу және азаматтарды ынталандыру ісіне көп нәрсе байланысты.
Мемлекет басшысы өз Жолдауында өңірлер экономикалық және өндірістік мамандану, өмір сүру деңгейі, мемлекеттік қызметтердің сапасы бойынша ерекшеленетінін ескеріп, елдің аумақтық дамуы тәсілдерін қайта құру қажеттігін және өңірлік дамуға жаңа көзқарас урбанизация үдерісін басқаруға, «көші-қон толқындарының» кезеңділігін қамтамасыз етуге, ірі қалаларда халық саны мен әлеуметтік шиеленісті болдырмауға мүмкіндік беретіндігін атап өтті.
Кейінгі жылдары ішкі көші-қон мен халықтың тұрақты өсу үрдісі байқалады. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша Қазақстанда жыл сайын миллионға жуық адам ішкі көші-қонға қатысады, оның 55%-ы өңірішілік, 45%-ы өңіраралық көші-қон. 2022 жылғы деректер ірі қалалардың, бірінші кезекте Астана, Алматы, Шымкент қалаларының әлі де негізгі көші-қон ағындарын тартатынын көрсетеді. Тиісінше, ірі қалалардың инфрақұрылымы халықтың реттелмейтін ішкі көші-қон ағынына төтеп бере алмай жатыр. Ал қалған Алматы облысынан басқа өңірлерде көші-қонның теріс сальдосы сақталып отыр. Ең айқын көрініс Түркістан облысында байқалады, онда 2022 жылы көші-қон сальдосы – 16 206 адамды құрады және халқы көбінесе Алматы, Астана қалаларына және Алматы, Маңғыстау облыстарына кетіп жатыр. Бірақ мұндай көшу үрдісіне қарамастан, бір Түркістан облысының халық саны солтүстіктегі төрт облыстың халқының санына жақындап, 2023 жылдың 1 сәуіріне 2 127,4 мың адамды құрады.
БҰҰ болжамы бойынша Қазақстандағы халық саны 2050 жылға қарай шамамен 23 млн-ға жетпек. Егер демографиялық және көші-қон дамуының қазіргі үрдістері сақталатын болса, 2050 жылға қарай елдің оңтүстік облыстарында халық саны 5,2 миллионға артып, ал солтүстік облыстарда осы кезеңге қарай шамамен 1 миллион тұрғынға қысқаруы мүмкін. Осылайша, солтүстік аймақтардағы халықтың тығыздығы оңтүстікке қарағанда 4 есе төмен болатын жағдай туындайды. Елдің даму болашағы тұрғысынан ішкі көші-қонның қазіргі үрдісі қолайсыз. Халықтың басқа аймақтардан бақылаусыз кету үрдісі аясында ірі қалалар мен жекелеген облыстардың халық санының өсуі демографиялық теңгерімсіздікті күшейтіп отыр.
Бұл мәселе, біріншіден, елдің басқа аймақтарымен салыстырғанда туу көрсеткішінің және халықтың ең жоғары тығыздығымен, жер ресурстарының тапшылығымен, жұмыс күшінің жыл сайын артуымен ерекшеленетін елдің оңтүстік аймақтарын қамтиды.
Екіншіден, елдің солтүстік аймақтарындағы халық тығыздығының өте төмендігі, еңбекке қабілетті жастағы халықтың көп кетуі, туу мен экономикалық белсенділіктің төмендеуіне тән. Бұл ретте индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудағы Қазақстанның негізгі өнеркәсіп салалары солтүстік және солтүстік-шығыс аймақтарда орналасқанын ескерген жөн.
Қазіргі уақытта көші-қон ағындарында жасанды тарту орталықтары қалыптасып жатыр. 2014 жылдан бастап жұмыс күші тапшы өңірлерге қоныстандыру бағдарламалары қолданыла бастады. Атап айтатын болсақ, «Мәңгілік ел жастары – индустрияға» – «Серпін-2050», 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы, 2022-2026 жылдарға арналған «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы. Бағдарламалардың мақсаты – өңірлердегі демографиялық жағдайды жақсарту, еңбек нарығындағы өңірлік диспропорция проблемасын шешу. Осыған қарамастан, аталған құжаттарды бүгінгі және болашақтағы үрдістерді ескере отырып, жетілдірудің маңызы зор. Себебі аталған жағдай, түптеп келгенде әлеуметтік саясатты өңірлер бойынша біркелкі жүргізуге едәуір кедергісін тигізіп, мемлекеттік аппарат үшін айтарлықтай сынаққа айналуы мүмкін.
Демографиялық мәселе, тұрақты демографиялық үдерістер, әсіресе Қазақстанның Еуразия орталығында орналасуын ескере отырып, ел қауіпсіздігінің басты құрамдас бөлігі болып қала бермек. Бұл шынайылық ешкімнің таласын тудырмаса керек. Сондықтан Қазақстан үшін сыртқы және ішкі көші-қон әрқашан демографиялық дамудың негізгі мәселелерінің бірі болды. Президент Жарлығымен 1997 жылы көші-қон және демографиялық үдерістерді реттеу мақсатында Көші-қон және демография агенттігі құрылды, кейін агенттіктің өкілеттіктері он бір рет басқа мемлекеттік құрылымдарға берілді. Демографиялық ахуалды жақсарту мақсатында Қазақстанда көптеген мемлекеттік бағдарлама жүзеге асырылғаны белгілі.Дегенмен демографиялық саясат саласындағы нормативтік-құқықтық базаны қалыптастыру әрекеттеріне қарамастан, Қазақстанда демография үдерістерін түсіну жағдайы кемшін соғып тұрғандай. Әсіресе бұл үдерістерді зерттеу мәселелері өзекті болып отырған секілді. Осыған байланысты демографиялық және көші-қон үдерістерін тиімді басқару үшін мамандандырылған орталық, демографиялық зерттеулер институтын құру маңызды деп санаймыз. Елдегі қабылданатын шешімдер, жүзеге асырылатын бағдарламалар, ең бірінші кезекте демографиялық үрдістердің нәтижелеріне негізделуі керек. Онсыз әлеуметтік саясаттың тиімділігін қамтамасыз ету және аталған саясатты Президент белгілеген әділеттілік қағидасы аясында жүргізу қиынға соқпақ.
Демографиялық үдерістерді бақылау және соның негізінде адами капиталдың дамуына жол ашатындай саясат жасақтау – бүгінде үлкен міндет. Маңыздысы, аталған саясаттың негізгі тағаны әділеттілік қағидасы болуға тиіс. Мемлекет басшысының барлық сала мен деңгейдегі басты талабы осы.
Қарап отырсақ, әділеттілік, сенім деген қарапайым ғана ұғымдар. Бірақ бұл ұғымдар мемлекеттің дамуында шешуші мәнге ие. Жалпыға бірдей әділдік ықылым заманда-ақ Әл-Фараби бабамыз аңсаған «қайырымды қоғам» мен орта қалыптастырады. Соның негізінде сенім туындайды. Әділеттілік пен сенім азаматтардың өз Отанында лайықты өмір сүруіне және оны бірлесіп дамытуға деген мотивациясын күшейтеді. Барлығына тең мүмкіндік пен әлеуметтік лифт жасалғанда ғана өзге елден пана іздейтін жандардың қатары сирейді. Сондықтан Президент жария еткен және оған қол жеткізу бағытында сіз бен бізден табанды әрекеттерді талап етіп отырған әлеуметтік әділдік даңғаза ұран, даурықпа сөз емес, Қазақ мемлекеттілігінің берекелі бүгінінің, баянды болашағының негізі екенін терең ұғынғанымыз жөн.
Қырымбек КӨШЕРБАЕВ,
мемлекет және қоғам қайраткері, саяси ғылымдар докторы