Бүгін «Egemen Qazaqstan» газетіне ақын өмірінің ашылмаған қырларын таныту жөнінде Жақсыбай Самраттың «Мағжанның жанқиярлық қызметі» атты мақаласы жарық көрді. Автор қоғам Мағжан секілді ақындардың шығармашылығын ғана емес, өнегелі өмірін, тағылымды тағдырын, қоғамдық істері мен әрекеттерін, атқарған қызметін де жетік білуі керек дейді.
Ардакүрең ақынның жырлары ұлтының тағдырына шырылдап, болашағына қатты алаңдап жазылғанын халықтың жадында жақсы сақталған. Алайда Мағжан жырларымен ғана емес, белсенді қайраткерлік істерімен де халқына пайдасын тигізуге ұмтылған. Ақын әсіресе аштық жылдарында қырылып жатқан халқының қамы үшін басын бәйгеге тіккен.
Саяси қуғын-сүргін күніне арналған ғылыми-практикалық конференцияда тарих ғылымдарының докторы Бүркітбай Аяған тың мәліметтер жариялады. Бұл материалдың жарыққа шығуына облыстық архив басшысы Сәуле Мәлікова ықпал еткен екен.
Большевиктер өкіметінің лаңымен Қазақстандағы алғашқы аштық 1921-1922 жылдары болғаны белгілі. «Сол жылдарда Ақмола губерниясында 1 млн 21 мыңдай тұрғын болса, соның 471 мыңнан астамы аштыққа ұшыраған. Соның ішінде, осы губернияға қарайтын Петропавл мен Көкшетау уездерінде 62 мың қазақ және 30 мың орыс аштық азабын тартқан. Халық бір нәпақа табу үшін қалаларға ағылған», дейді Бүркітбай Аяған.
Дәл осы уақытта Мағжан Қызылжар қаласында болған. 1919 жылы Бүкілодақтық атқару комитеті «Алаш» партиясының басшыларына кешірім жариялағаннан кейін ол Қызылжарда шығып тұратын «Бостандық туы» газетінің редакция алқасының мүшесі болып қызмет етіп жүрген. Жергілікті билік 1922 жылдың 5 мамырында аштықтың зардаптарын жою жөніндегі төтенше комиссия құрады. Аштыққа ұшырағандардың негізгі бөлігін қазақтар құрап, ақын комиссия төрағасының орынбасары болып тағайындалады. Алайда комиссияның істеген барлық қадамдары мен атқарған істеріне негізінен Мағжан Жұмабаев басшылық еткені оның қол қойған қағаздарынан көрініп тұр. Кейде ол өзін Комиссия төрағасының міндетін атқарушы, тіпті төрағасы деп те көрсеткен. Оны дәлелдейтін бірнеше құжаттар мен телеграммалар бар.
Аштық тақырыбын зерттеп жүрген ғалымдарымыздың көбі қазір алғашқы аштыққа көңіл аудара қоймайды. Оған себеп осы М.Жұмабаев сияқты азаматтардың жанқиярлық әрекеттерінің арқасында аштықтың көлемі жайылмағандығынан да шығар. Ол тіпті елдің Семей сияқты қалаларынан аштыққа ұшырағандарға астық, мал, алтын-күміс сияқты заттар да жинатқан. Бір мезгілдік ыстық тамақ беретін асхана да ұйымдастырады. Мысалы, оған мына бұйрық куә бола алады: «Зав. материальной секцией при губсобесе: Припровождая при сем список голодающих киргиз, находящихся в г. Петропавловске (окололо трехсот человек) губкомпомгол предлагает в спешном порядке организовать отдельную столовую. Причем сегодня же командировать в коммунальный отдел представителя для подыскания подходящего на то помещения. Об исполнении донести Комиссии немедленно. Зампредгубкомпомгола М.Жумабаев. Секретарь».
Осындай бұйрық-жеделхатты қазақтар (киргиздар деп жазылыпты) үшін шын жанашыр адам ғана жазары белгілі. Басқалардың тап бұлай жаны күймес еді...
Газетте «Помголдың» жұмысы туралы да айтып, қай жерден, кімнен, қандай көмектер келіп жатқанын да көрсетіп отырған. Мағжан аймақтарға іссапарға жіберілген қазақтардан аштық қай жерде күрт екенін, қай жердегі көлемі қандай екенін анықтап отырып, жергілікті билікке жеделхат-бұйрықтар жіберіп отырған. Жоғарыда айтқанымыздай, ЧК-ның бұйрықтары сөзсіз орындалатын. Орындалмаса нақты шаралар жедел қолданылатын.
Мағжан Орынбордағы орталық өкіметке де бірнеше жеделхат жазып, аштықтан жапа шегушілерге қол ұшын созуды сұраған. Мысалы, Оренбург ЦК Помгол. «По поступающим сведениям голод в Петропавловском и Кокчетавском уездах Баганалинском, Аргинском районах Атбасарского уезда принимает ужаснейшие размеры, имеются случаи трупоедства, поэтому в подтверждение предыдущих телеграмм Губпомгола просим о категорическом возбуждении ходатайства перед ВЦКПГ об окончательном признании указанных районов голодающими», деп жазған Мағжан.
Ақынның батыл қадамдары оның адамгершілік, іскерлік, патриоттық қырларын аша түсіп, мағжантануға сүбелі үлес қосары айтпаса да түсінікті.