Қоғам • 15 Маусым, 2023

ТЖМ мен Экология министрлігі қосымша тексеруден өтеді

271 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Наталья Годунова ТЖМ мен Экология министрлігінде қосымша аудиторлық тексеру жүргізілуі мүмкін екенін хабарлады, деп жазады Egemen.kz.

ТЖМ мен Экология министрлігі қосымша тексеруден өтеді

Бұл ретте Наталья Годунова Экология министрлігінің аудиті аяқталғанын атап өтті. 16 маусымда аудит қорытындыларын қарау бойынша отырыс өтеді.

«Менің ойымша, отырыс барысында тағы бір қосымша аудит жүргізу мәселесі талқыланады. Айта кетсем, ТЖМ бойынша әлі аяқталмаған тексеру бар. Былтыр Қостанай облысында, биыл Абай облысында болған өрттер кезінде ТЖМ мен Экология министрлігі тиісті шара қабылдамағанын ескере отырып, біз қандай да бір шешімге келеміз», деп түйіндеді Наталья Годунова.

Соңғы мәліметтер бойынша, Абай облысында 60 мың гектар орман өртенді. Өрт бір аптадан кейін ғана оқшауланды. Қайғылы оқиға салдарынан «Семей орманы» резерватының 14 қызметкері көз жұмды. Кейін құтқарушылар өрт сөндіру жұмыстары кезінде хабар-ошарсыз кеткен тракторшы Сергей Архиповтың мәйітін де тапты. Бұл ретте қалың жұрт ТЖМ мен Экология министрлігін қатаң сынға алды. Ал орманшылық оқиғаның алдын алу үшін қажетті техникамен жабдықталмағаны белгілі болды.