Бүгін өрт салдарынан қаза тапқан 14 адамның отбасына, сондай-ақ тракторшы С.Н.Архиповтың отбасына Семей қаласы Қарағайлы шағын ауданындағы жаңа пәтерлердің кілті табысталды. Абай облысының әкімі қайтыс болған Саят Нұржігітов пен Амангелді Дүйсембаевтың отбасына 2 және 3 бөлмелі пәтерлердің кілтін тапсырды.
«Өртте зардап шеккендердің отбасыларын қолдау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар біздің тұрақты бақылауымызда. Бүгін біз тапсыратын жаңа пәтерлер барлық қажетті жиһаздармен және тұрмыстық техникамен толық жабдықталған. Біз қосымша көмек көрсетуді жалғастырамыз», деп атап өтті Абай облысының әкімі Н.Ұранхаев.
Айта кетейік, Мемелекет басшының тапсырмасымен қаза тапқандардың отбасына «Қазақстан халқына» қорынан 7 млн теңгеден, сондай-ақ кәмелетке толмаған әр балаға 2 млн теңгеден төленеді. Сонымен қатар 40-тан астам қазақстандық ЖОО өрттен зардап шеккен отбасылардың балаларына грант бөліп, жатақханадан орын беруге дайын. Оған қоса ақылы негізде оқитын студенттер мен магистранттарды грантқа ауыстыру көзделген.