Кәсіпқой бокс • 15 Маусым, 2023

Головкин титулсыз қалды

260 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Кәсіпқой бокстағы еліміздің даңқты боксшысы Геннадий Головкин (42-2-1, 37 КО) бүкіл алтын белбеуінен айырылды. Осыған дейін IBO чемпиондық белдігін иеленіп отырған отандасымыз бұл титулдан да бас тартты. Бұл туралы Халықаралық бокс ұйымы (IBO) мәлімдеді.

Головкин титулсыз қалды

Ұйым президенті Эд Левин БАҚ өкіл­деріне берген сұхбатында: «Үлкен мақта­нышпен және өкінішпен орта салмақтағы әлем чемпионы Геннадий Головкиннің ресми түрде IBO чемпиондық атағынан бас тартқанын хабарлауға мәжбүрміз. Қазір орта салмақтағы бұл атақ бос тұр», деді.

Геннадий Головкин – Халықаралық бокс ұйымының (IBO) тарихында IBO чемпион­дық титулын ұзақ уақыт қорғап, 12 жыл бойы өзінде сақтаған санаулы бокс­шының бірі. Ол бұл атақты ең алғаш 2011 жылдың 9 желтоқсанында жеңіп алған болатын. Отандасымыз сол жылы амери­калық Лахуан Саймонды бірінші раундта нокаутпен тізе бүктірген еді.

Бұл – 41 жастағы отандасымыздың осы күнге дейін қорғап келген ең соңғы чем­пион­дық белбеуі болатын. Мұның алдында жерлесіміз WBA Super және IBF титулдарынан да бас тартқан еді.