Тарих • 15 Маусым, 2023

Берлинде жерленген батыр

715 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, ел қорғаған азамат­тарымызға қатысты деректер күні бүгінге дейін толық ашылған жоқ. Соның бірі – 1945 жылы сәуір айында небәрі 19 жасында Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылған, «Қызыл Ту» орденінің иегері, взвод командирі Пірімжар Наурызбаев туралы дерек.

Берлинде жерленген батыр

Пірімжар Наурызбаев жеңіске санаулы күн қалғанда, нақтырақ айтсақ, 1945 жылы 26 сәуір күні Берлин түбінде қаза тапқан. Екін­ші дүниежүзілік соғыс жыл­да­рын­дағы ерлігі үшін 499 отанда­­сымыз Кеңес Одағының Баты­ры атағын алған. Оның 99-ы қазақ. Осыған дейін өзбек­тер «иеленіп келген» генерал-майор Сабыр Рахимов пен бө­лімше командирі Расул Есетовті батырларымыздың қатарына қос­қанымызға көп бола қойған жоқ. Демек батырларымызға қа­тыс­ты деректердің жаңа мәлі­меттермен толығуы заңдылық.

чсм

Енді П.Наурызбаевты Кеңес Ода­ғының Батыры атағына ұсын­ған құжаттағы деректерге назар аударайық. «1945 жылы 15 сә­уірде Одер өзені бойындағы шай­қас­та взвод командирі, жолдас Наурызбаев өз взводымен бірін­ші болып су тосқауылын бұ­зып, батальонға жол ашты. 1945 жылы 16 сәуірде Линич қаласы үшін шайқаста жау екі қанаттан қарсы шабуыл арқылы біздің жаяу әскердің алға жылжуына кедергі келтірді. Кіші лейтенант Нау­рызбаев ауыр артиллериялық атыс астында жүріп, взводты 2 топқа бөлді. Хаумти су тос­қауы­лынан өткенде оған плацдармды басып алу және ұстау міндеті жүктелді. Жауынгер тапсырманы жоғары деңгейде орындады. Содан кейін Пинвардер деревнясы үшін болған шайқаста шегінген жауды жою міндетін алды. Наурызбаевтың взводы жүз шақты фашисті жойды.

чсми

4 ав­токөлік, тіркемесі бар 2 трактор және 200 мылтықты қолға түсірді. Пвонендорф су желісін кесіп өту арқылы плацдармды басып алып, батальонға жол ашты. Мен Пірімжан Наурызбаевты Ке­ңес Одағының Батыры атағына ұсы­намын. Полк командирі Пин­чук». Ал 1945 жылғы 18 шіл­дедегі «КСРО Қорғаныс Ха­лық Комиссариаты Кадрлар Бас басқармасының бұйрығында» мынадай деректер бар. «Кіші лейтенант Наурызбаев Пірімжар Баймаханұлы 33-атқыштар диви­зиясының 82-атқыштар полкінің атқыштар взводының командирі. 1945 жылы 29 сәуірде соғыста қаза тапты. Армияның Әскери ке­ңесі: «Үкіметтің жоғары награ­дасына – Кеңес Одағының Ба­тыры атағын алуға лайық» деген қорытынды шығарды». Армия әскери кеңесі батырды Кеңес ода­­ғының Батыры атағына лайық деген тұжырыммен №3 армияның аты аңызға айналған қолбасшысы, генерал-полковник Федор Куз­нецов қол қойғанын айта кеткен жөн. Оның әскері бірінші бо­лып Рейхстагқа жетіп, шабуы­л жасап, Берлинді қоршауға қа­тысқан. Демек П.Наурызбаев бас­қарған взводтың 30 жауынгері Рейхстагқа барар жолды ашқаны, жеңілдеткені – Армияның Әскери кеңесі тарапынан мойындалса да тасада қалған шындық. Бірақ П.Наурызбаевқа батыр атағы берілмесе де, бұйырғаны кеңестік әскери марапат – «Қызыл Ту» ордені болды. Ал Рақымжан Қош­қарбаев Рейхстагқа Жеңіс туын тіккені үшін Жауынгерлік Қызыл Ту орденінің иегері болғаны тарихтан белгілі.

Бізге жоғарыда келтірілген құжаттардың көшірмесін ұсын­ған отандық инжинирингтік компанияның Берлиндегі өкіл­дігінің басшысы Андрей Мен­деев Армия әскери кеңесінің қазақ жауынгеріне бұл атақты беруге не үшін қарсы бол­ға­ны туралы мәліметтерді кез­дес­тірмепті.

«Соғыс кезінде мұндай құ­жаттардың түпнұсқалары жоға­лып кетуі де мүмкін. Бірақ Нау­рызбаевты батыр атағына ұсын­­ған ұсыныс Армияның жо­ғары кеңесінің Бас штабын­да тал­қыға түскені анық. Бұл құ­жат­тардың бәрі РФ архив­терінде сақ­талып тұр. Егер сол құжат­тар­мен таныссақ, қарсы топтың қан­дай дәлелдерді алға тартып, ке­дергі болғанын білеміз. Әділ­дікті қалпына келтіруге артында қалған туыстары ғана емес, мемлекет бас­шылары да мүдделі бо­луы керек», дейді Андрей Мен­деев.

Берлинде Екінші дүние­жү­зілік соғыстың соңында қаза тапқан кеңес жауынгерлері жерленген бірнеше мемориалдық зират бар. Қаза болған кеңес жа­уын­герлеріне арналған осындай алғашқы мемориал 1945 жылы 11 қарашада қираған қа­ла­ның орталығында, Рейхстаг ғи­маратына жақын аймақ– Тиргар­тен ауданында ашылды. С­оғыс тарихында сол атпен та­нылған кешенде Пірімжармен бірге қа­зақстандық жауынгер Қы­рым­­баевтың да есімі Берлинге кірген батырлардың бірі ретінде алтын әріптермен қашалып жа­зылған. Андрей Мендеевтің ай­туынша, Германияда соғыс тарихын зерттеушілер Тиргартен мемориалында 2500 сарбаз жерленген деген пікір басым. Бірақ кейбір деректе оның ба­уырлас­тар зираты емес, тек кешен еке­ні айтылады. Алайда мұн­да кейіпкеріміздің аты жа­зыл­ғанымен, сүйегі Берлиннің оңтүстік-шығыс шетіндегі жеке әскери зиратында жерленген.

«Пірімжар 1945 жылы 29 сәуірде қаза болыпты. Ал мен 1965 жылы 29 сәуірде дүниеге келдім. Әуел баста осы сәйкестік назарымды аударды, кейін басына келіп, рухымен сырласатын болдым. Интернеттен іздегенімде ол туралы ешқандай мәлімет таппадым. 19 жасында взвод командирі болған, Кеңес Одағының Батыры атағына ұсы­нылған батыр туралы отандас­тарымыздың білмеуі мүмкін емес деп зиратта жерленген жауынгерлердің картотекасымен танысып, аты-жө­нінің Нау­рызбаев Пірімжан емес, Наурсбаев Присижар болып қате жазылғанын анық­та­дым. 2016 жылдан бері Бер­лин­дегі Жеңіс күнін мерекелеу­ге қатысып келемін. Бұл мере­кеге қазақстандықтар көп қа­ты­сады. Бірақ Наурызбаев туралы білетіндерді кездестірмедім. Кейін Facebook желісінде «Екін­­ші дүниежүзілік соғыста хабарсыз кеткен Қазақстан жа­уын­герлерін іздестіру» тобын тауып, Ақмарал Шолақовамен бай­ланысқа шықтым. Тиргартен монументінде оның есімінің «Нау­рузбаев И.В» деп көрсетіл­гені іздеуді қиындатып жіберді. Кейін монументте есімі көр­се­тілген Наурызбаевтың зират­тағы Наурызбаевпен бір адам екенін монументтің картотекасы арқылы анықтадық. Тиргар­тен өте қысқа мерзімде асығыс соғылған. Қызылорда жағында тұратын жақын туыстары табылды. Германиядағы елшілігіміз Тиргартен монументі мен зира­тындағы Наурызбаевтың аты-жөнінің дұрыс жазылуын ескерсе, батырдың зиратын бақылауға алса деген тілек бар», дейді А.Мин­деев.

Оның айтуынша, батырға қатысты үзік-үзік деректерден оның 19 жаста үзілген батырлық болмысы айқындалып келеді. Жоғарыда айтып өткен КСРО Қорғаныс халық комиссариаты Кадрлар бас басқармасында сақ­талған құжатта «Кіші лейтенант Наурызбаев Пірімжар Бай­маханұлы. Ұлты қазақ. 1925 жылы туған. Мекен жайы Қызылорда облысы, Жаңа Қазалы стансасы, Коммунист көшесі, 33-үй. Әкесі Наурызбаев Баймахан. Әлеуметтік жағдайы – колхозшы. 1940 жылдан комсомол мүшесі. Алматыдағы Шет тілдер институтында 1 жыл, Ташкенттегі жаяу әскер училищесінде оқыған», деген мәліметтер келтірілген. «Екін­ші дүниежүзілік соғыс құр­бандарын еске түсіруге мол қаржы бөлінсе де, нағыз батырлар ескерусіз қалғаны белгілі. Пірімжар Наурызбаевқа туған жері Қазалыда ескерткіш қойы­лып, өзі оқыған мектепке есімі берілуі керек. Тым болмаса өзі оқыған Алматы Шет тілдер инс­титутының Естелік кітабына есімі енсе деймін», дейді А.Мендеев.

А.Мендеев бізбен әңгімесінде Пірімжар Наурызбаев сол туралы кітап, өлең жазып, фильм түсіруге лайықты батыр, туған жеріне жанқиярлықпен берілген нағыз халық қаһарманы екенін айтып өтті. «Мұндай фильмдер популизмнен жоғары тұруы керек. Пірім­жардың бойындағы намыс пен батырлықты қалыптастырған отбасылық факторлар да айтылуы керек. Біздің мұндай батырларды ұмытып кетуге, ескерусіз қал­ды­руға құқығымыз жоқ», дей­ді ол.

Кіші лейтенант П.Наурыз­баев­тың Берлиндегі зираты қа­раусыз емес, аты-жөні алтынмен әдіп­теліп жазылған Батырлар мемориалына жүздеген адам келіп, рухына тағзым етеді. А.Мен­деевтің айтуынша, орден-медаль алып үлгермеген, жиырма жасқа да толмаған взвод командирі П.Нау­рызбаевқа Кеңес Одағының Батыры ата­ғы берілсін деген ше­шім­нің өзі соғыс тарихында өте сирек кездесетін жағдай екен. «Пірім­жар Наурызбаев туралы дерек­терді туған елі, туған же­рінің білмеуі өкінішті», дейді А.Мендеев.

Біз Андрейдің көмегімен П.Нау­рызбаевтың Қызылор­да­ның Қаза­лысында тұратын немере қарын­дасы Сәуле Нау­рызбае­ваның дерегін таптық. Сәуле –  кенже інісінің қызы, батырдың анасының көзін көр­ген. «Әже­міздің айтуы бойын­ша Пірім­жар көкеміз 1945 жылдың 2 мамырында қаза болды деп келдік. Ес білгелі сол күні үйде Құран оқы­латын. 29 сәуір күні қаза бол­ғанын Андрейден біл­дік. Атам Баймахан мен әжем Күл­бахарам 1917 жылы үйле­ніпті. Атам 1976 жылы, әжем 1984 жылы қайтыс болды», деп еске ала­ды Сәуле.

Сәуле Наурызбаева осыдан біраз бұрын Қазалының әскери комиссариатының өкілдеріне хабарласып, көкелері туралы айтып беруін өтініпті. Тіпті сол кезде бір көшеге батырдың есімін беруге уәде берілген. Бірақ Жеңіс күні өт­кен соң, оның бәрі ұмыт қалған. «Көке­мізге қатысты мәліметтерді жаңғыртып, туған жерінде ес­керткіш ашуға қолымыз қысқа. Өзі оқыған мектепке атын беру, 1 жыл оқыған, әскерге ша­қы­рылған Алматыдағы Шет тіл­дері институтына (қазір Абы­лай хан атындағы Қазақ халық­аралық қатынастар және Әлем тілдері университеті) ес­керт­кіш тақта қою үшін көп қа­ра­жат керек. Андрей бізбен әңгі­месінде құжаттың дұрыс толты­рылмауынан көкемізге батыр атағы берілмей қалғанын айт­қан болатын. Егер ол рас болса, ба­тыр атағын қазір де беруге кедергі жоқ. Егер тереңірек зерт­телсе, біраз құжаттың табыла­тынына сенімім мол. Жатқан жері белгілі болса да, басына бара алмай жүрміз. Дүниеге келген, өмірден өткен күндері рухына бағыштап Құран оқытудан басқа қолдан келер қайыр жоқ», дейді батырдың немере қарындасы.

 

АЛМАТЫ