Маман • 15 Маусым, 2023

Ізденістен қол үзбеген дәрігер

347 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Медицина саласының сан салалы сатысынан өтіп, мамандықтың қыр-сы­рын жетік меңгерген тәжірибелі маман қай кезде де қадірлі емес пе? Әсіресе ел егемендігі­нің елең-алаңындағы қиын-қыстау шақтарда, шыңдал­ған сала мамандары бүгін­де ел ағасы болып, жастар­ға бағыт-бағдар көрсетіп келе­ді. Жоғары санатты хирург-дәрігер Бағдат Алатаев та өзінің күнделікті қарбалас жұмысынан бос уақыт та­уып, жастарға білген-түйге­нін үйретуден әсте бір жалық­қан емес.

Ізденістен қол үзбеген дәрігер

Ол Жамбыл облысының Шу ауда­нына қарасты Белбасар ауылында туып, бала кез, балаң шағынан медицина саласының маманы болуды армандады. Кейіпкеріміз сол арманның иірімімен 1990 жылы мектеп бітір­геннен кейін С.Ж. Асфендияров атын­дағы Қазақ ұлттық медицина уни­верситетіне оқуға түседі. Содан сол бір киелі шаңырақты 1996 жылы емдеу ісі мамандығы бойынша бітіріп шығады.

– Қарапайым шаруа отбасынан шықсақ та, бала кезімізден медицина саласына баруға ынталы болдық. Қалауымыз орындалып, біз оқуға түскен жылы оқу орнында қазақ бө­лімі ашылды. Егемендіктің лебін сез­гендей болдық. Қарап отырсақ, сол тұста қазақ факультетінің алғаш­қ­ы қарлығаштары – біз, біздің қатар­ластарымыз екен. 1994 жылдан Алматы клиникалық шұғыл көмек көрсету ауруханасының хирургия бөлім­шесінде орта буын маманы болып жұмыс істедім. Сонда жай жүрмей дәрігерлерден тәлім алып, шама-шарқымызша тәжірибе жинақтадық. Еңбек жолымызда ұстаздық еткен аға әріптестерге алғыс айтамыз. Аудандық ауруханада бөлім меңгерушісі болған Әлібек Сәдуақасов сынды білікті мамандардан үйренгеніміз көп. Қазір де үйренуден қол үзгеніміз жоқ, – деп өткен шақты еске алды дәрігер.

1996 жылы оқуын тәмамдаған соң Бағдат Алатаев Алматы облысы Іле аудандық орталық ауруханасында дәрігер-хирург болып жұмысын бас­тады. Білікті хирургтерді торуылдап жүретін жастарды кім жек көрсін? Бағдат Алатаевтың өзі де еңбек жолын медицинаның кіші қызметінен бастағанын үлкен олжа деп есептейді. Ол Астанаға 2004 жылы қоныс аударғанда Целиноград аймақтық клиникалық ауруханасына жұмысқа қабылданған. Бұл – қазіргі облыстық №2 аурухана. Мұндағы дәрігерлер қазір де облыс төңірегіндегі 7 ауылдық елді мекенге көпсалалы хирургиялық көмек көрсетеді. Бағдат Алатаев осы ауруханада биыл наурызға дейін табан аудармай еңбек етті. Оның 9 жылында хирургия бөлімінің меңгерушісі болды. Жұмыс қауырт. Облыс төңі­регіндегі аймақтарға шұғыл шақырту түссе, дәрігерлер лезде жиылып, санавиация­мен хирургиялық көмек көрсетуге шығады.

– Шалғай ауылдарға күрделі опе­­­ра­циялар кезінде баратынбыз. Күн­­діз, түн деген жоқ, кез келген уақыт­та шақырады. Қазір де үйре­нейік, білейік деген ниетпен Рес­публика­лық диагностикалық орта­лығының жуырда ашылған көпсалалы хирургия бөлімшесінде дәрігер-хирург бо­лып ауысып, сонда еңбек етемін. Кей­де, салаға келіп жатқан жастарға қарап, өзіміздің бозбала кезіміз ерік­сіз еске түседі. Бірақ «Ұстаздан шәкірт озар» деген бар. Өзіміз де біраз шәкіртке білгенімізді үйретіп, белін будық. Негізі, өзімнің жұмысымнан тыс уақытта Астана медициналық университетінде жалпы хирургия пәнінен сабақ беремін. Білім саласына араласқанымызға да 15 жылға жуықтапты. Өзіміз сабақ берген шә­кірттердің бірқатары қазір жақсы қызметте жүр. Меніңше, хирург болу үшін талап пен талант, интуиция керек. Осы үш керегі түгел адамнан мықты дәрігер шығады түбінде. Дәрігер болған соң өміріңнің соңына дейін оқып, ізденесің. Күннен-күнге медицинаға жаңа технологиялар қо­сылып жатады. Бірақ бұл бұрынғы, дәстүрлі әдістерді қолданбау керек деген сөз емес. Себебі операция барысында түрлі келеңсіз жағдайлар болмайтынына ешкім кепілдік бере алмайды. Сонда дәстүрлі әдіске көшуге тура келетін сәттер тууы мүмкін. Өк­ше­мізді басып келе жатқан ізбасар жастарға да айтарым осы, медицина саласын таңдаған соң үйренуден қашпау керек. Тәжірибе ешқашан артық болмайды, – деп жастарға кеңе­сін айтты Б.Алатаев.

Білікті дәрігердің айтуынша, опе­­ра­цияның жеңілі болмай­ды. Сон­дық­­тан хирургтер әр опера­цияға ойын жинақтап кіріп, барынша сал­қын­қандылық танытады. Күмән­да­ну­ға тағы болмайды. Бұл дәрігер­лер­дің өзге саладағы мамандардан басты артық­шылығы десек те болатын шығар.