Автор бұл еңбекті жазуға балалардың ойлау қабілетін арттырып, сөйлеу дағдысын дамытатын сапалы көрнекі құралдардың аздығы, сондай-ақ мектеп бағдарламасына «Әліппенің» орнына «Сауат ашу» пәнінің енгізілгені түрткі болғанын айтты. Жеті жылға жуық уақытын оқу-әдістемелік құралын жазу ісіне арнаған автор ұлттық педагогика мен адамгершілік этикаларын білім беру үрдісімен ұштастырудың кемшін тұстары бар екеніне қынжылыс білдірді. Осы орайда ірі қалалардағы кітап дүкендеріндегі балаларға арналған өнімдерге сараптама жасай жүріп, әсіресе бастауыш сыныптарға арналған көрнекі құралдардың аздығына көз жеткіздім дейді автор.
– Елімізде оқулық шығаратын баспалар оқу әдебиетін шығарумен шектеліп, пәнге арналған көрнекі құралдарға жеткілікті көңіл бөлмей келеді. Мектеп мұғалімдерімен әңгіме барысында көрнекі құралдардың жетіспеушілігінен әдістемелік құралдарды өздері қолмен жасауына тура келетінінен хабардар болдым. Нарықты зерттеп, зерделей келе «Әліппені» оқытуға арналған әдістемелік хрестоматиялық көмекші оқу құралын жазу қажеттігіне көзім жетті. Әрине, оқу құралын жазардан бұрын балалар әдебиеті нарығын көп зерттеуге, тиісті министрліктің бағдарламаларымен танысуға тура келді. Бастауыш сынып методикасын зерделегеннен кейін көрнекі құралдың жобасы жасалды. Алайда айтуға оңай болғанмен, балалардың сұранысын, олардың таным-түсінігін меңгеру қиынға соқты, – дейді Ділдәгүл Нұрмаханбет.
Бұған дейін жарық көрген «Әліппе» оқулықтарын, әдебиеттерді, сөздіктерді, әдістемелік кітаптарды зерттеуге біршама уақытын арнаған автор бұл әдістемелік құралдағы тапсырмаларды балалардың мейлінше еркін әрі жылдам меңгеруіне бағыттап отыр.
Көрнекі құралда балаларға әріптерді таныту, оқуға, жазуға үйрету, яғни сауатын ашуда ұлттық салт-дәстүр арқылы тәрбие беру үлгісімен өрнектелген суреттер мен мәтіндер білім берудің дәстүрлі әдістерімен берілген. Бастауыш сыныптағы әдістемелердің барлық талаптарына мән бере отырып, автор көрнекі құралдың мұғалімге плакат және балаларға жұмыс кітабы формасында дайындауға басымдық беріп отыр. Білім беру дағдыларының дәстүрлі әдістемесін қамтамасыз ететін әдістемелік құрал түрлі-түсті суреттермен безендендірілген.
Ділдәгүл Нұрмаханбеттің айтуынша, 5-7 жастағы балалардың ойлау, сөйлеу және жазу қабілетін дамытатын әдістемелік-хрестоматиялық құралды пайдалану мұғалім мен оқушы арасында түсінісу мен іздену формаларына жол ашады. Білім есігін жаңа ашқан баланың сөйлеу, ойлау, жазу дағдыларын дамытуда және жеке тұлғасын қалыптастыруда көрнекі құрал ұстаз бен оқушы арасында маңызды қарым-қатынас құралы іспетті. Сабақта осындай көрнекі құралдарды қолдану баланың дүние танымын арттыруға ықпал етеді. Бұл көмекші оқу құралда балаларға әріптерді таныту, сөздерді, мәтіндерді оқыту, ойлау қабілетін дамыту, сөздік қорын ұлғайту және адамдармен, қоршаған ортамен дұрыс қарым-қатынас жасауға дағдыландыру сияқты тәсілдерге басымдық берілген. Оқу құралында бастауыш сыныптарда қолданылатын айтылым, тыңдалым, оқылым, жазылым қағидалары сақталған.
Автор хрестоматияны жазу ісінде мектеп мұғалімдерінің, оқушылардың ұсыныстары мен қажеттіліктерін басшылыққа алғанын жеткізді. Қазіргі кезде «Әліппенің» әдістемесіне қызығушылық танытушылар мектепке дейінгі дайындық кезеңінде де балалардың білім беру дағдысын арттыруда тиімділігі жоғары болады деген сенімде.