Аймақтар • 16 Маусым, 2023

Елдің жайын жолына қарап таны

287 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

«Мемлекеттің әл-ауқатын жолына қарап таны» деген тәмсіл бар. Жолы тақтайдай тегіс елдің экономикасы да мықты деген сөз. Ал бұл тұрғыдан Шымкенттен үлгі алатын тұсы жетерлік. Қала республиканың үшінші мегаполисі атанғалы ерекше қарқынмен дамыды. Игерілмей жатқан бос аумақтардың орнына көпқабатты үйлер салынып, жаңа шағын аудандар пайда болды. Бұл үрдіс әлі де жалғасып жатыр.

Елдің жайын жолына қарап таны

Мегаполис тарихында тұңғыш рет бір миллион шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұдан бөлек қаншама мәдени, спорттық, әлеуметтік нысандар бой көтеріп жатыр. Осының барлығы демографиясы жылдан-жылға артып келе жатқан қала халқының рухани-материалдық қажеттіліктерін толық өтеу үшін жасалып отыр. Ерекше атап өтерлігі шаһар республикалық мәні бар жаңа мәртебе­ге ие болғалы инфрақұрылым мәселесіне де көбірек назар аударыла бастады. Оның бір айғағы, орталыққа жақын шағын аудандар мен шеткі елді мекендерге коммуналдық инфрақұрылым­дар тартылды. Соның нәтижесінде көпте­ген тұрғын бүгінде су тасудың, от жағудың азабынан құтылды. Жарық­тың да сапасы жақсарды. Бұрынғы­дай сығырайған шаммен отырмайды. Жел тұрса жарық лып етіп өшіп қала беретін жағдайлар қазір сирек кездеседі. Цифрландыру бағдарламасының жүзеге асуымен әр үйге сапалы интернет кірді. Шеткі елді мекендердің өзінде ұялы байланыс қызметі жақсарып қалған. Ендігі кезекте кәріз жүйесімен қамтамасыз етуге айрықша көңіл бөлініп жатыр. Өйтке­ні шайынды суларға арналған жүйе­нің болуы қалалық мәдениеттіліктің бел­гісі саналады. Миллионнан астам мегаполис тұрғындарының коммуналдық қажеттілігін өтеу үшін бірінші кезекте энергия қуаттылығын күшейту керек. Сондықтан да қала басшылығы бірінші кезекте осы мақсатты жүзеге асыруға кірісті. Соның нәтижесінде магистрал­ды су құбырлары тартылды. Жаңадан қуаттылығы жоғары газ таратушы АГРС пен қосалқы стансалар пайдалануға берілді. Оған қоса кәріз суларын тазартушы қондырғылар орнатылып жатыр. Оның сыртында әр елді мекенге коммуналдық жүйелерді тартудағы қыруар жұмысты қосыңыз. Осының барлығын жасауға мемлекет қаржы аяп жатқан жоқ. Себебі мемлекеттің басты байлығы халық болғандықтан, оған жағдай жасау – Үкіметтің басты міндеті. Енді үй құрылысымен бірге жол салу, ескі жолдарды жөндеу де Шым­кенттің стратегиялық даму жос­пар­ларының біріне айналып отыр. Жол – экономиканың айнасы. Еліміздің оңтүстігіндегі алып шаһардың жолы нашар болуға хақысы жоқ. Олай болу себебі, Шымкент – Орта Азияға кіретін қақпа. Екіншіден оңтүстік өлкесін­дегі қалаларды жал­ғап жатқан ірі мега­по­лис. Жан-жақтан ке­летін барлық кө­лік­тік жол осы шаһардың төңірегі­нен өтеді. Сонымен бірге Шымкент жыл­дам қар­қынмен дамып келе жат­қан қа­ла­лардың қата­рына кіреді. Ха­лық саны­ның өсуі­мен бірге көліктер­дің саны да жылдан-жыл­­ға көбейіп келеді. Сон­дықтан осы өзгерістерге дайын болу үшін қала би­лігі Үкіметтің қолдауымен жолдардың құрылысына бар назарды салып жатыр. Қала тұрғындары өздерін жайлы сезіну үшін шаһарда барлық инфрақұры­лым дамыған болу керек. Коммуналдық-инженерлік жүйеден бастап, жолдар­ға дейін. Тіпті серуендейтін, саялайтын орындардың саны да тұрғындарды то­лық қамтитындай есепке сай болуға тиіс. Бүгінгі қала басшылығының ат­қа­ратын басты шаруасы да, алдағы жос­пары да осы мақсаттарды орындау бо­­лып шығады. Шымкенттің сауда-логис­тикалық орталығы да ауқымды жо­­ба­ның қатарына кіреді. Бұл жоба ма­ңызды болғандықтан, оған Үкімет те назарын аударып отыр. Ал сауда-логис­тикалық орталықтың жұмысы бірін­ші кезекте жолдардың сапасы­на байланысты. Сол себепті жол құры­лысының маңыздылығы өзге инфра­құрылымды дамытуға арналған жобалардан бір мысқал да кем емес. Тіп­ті жолды адамның күре тамырымен байланыстыруға болады. Адам ден­сау­лығының мықтылығы бойындағы қан тамырлардың саулығымен өлшенеді. Сол секілді жолдардың да сапасы нашар болса, әйтпесе өз қызметін атқара алмай жатса, мемлекеттің алға жылжуына кедергісін келтіреді. Осы орайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында жол құрылысының айрықша рөлі жайлы айтып өткен еді.

апр

«Нұрлы жол» бағдарламасының бі­рінші кезеңі табысты жүзеге асы­рыл­ды. Соның арқасында елордамыз­ды өңір­лермен «тармақтану» қағи­даты бойын­ша байланыстыруға мүмкіндік туды. Кө­лік жүйесінің жаңа инфрақұрылым­­дық ұстыны қалыптасты. Еліміздің жа­һан­дық көлік дәліздерімен интеграция­ла­нуы қамтамасыз етіліп, Азия мен Еуро­паны байланыстырған Қазақстанның та­рихи мәртебесі қалпына келтірілді. Деген­мен бұл саладағы бәсекелестік өте күш­ті. Орталық Азия өңірінде пайда бол­ған баламалы жобалар Қазақстанның кө­лік әлеуетін төмендетуі мүмкін. Сол себептен «Нұрлы жол» бағдарлама­сы­ның екінші кезеңі еліміздің көлік-транзит секторының жетекші рөлін бекем­деуге арналуы керек» деген болатын Мемлекет басшысы.

апр

«Алдымызда тұрған міндет – 2025 жылға дейін 24 мың шақырым жолды, яғни республикалық маңызы бар жол­дың бәрін қайта жөндеп, жол бо­йындағы қызмет көрсетумен қамтамасыз ету» дегенді де айтқан еді Президент.

Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметіне сәйкес, Шымкенттің аума­ғына кіретін жолдардың жалпы ұзын­дығы 3247,6 шақырым құрайды. Оның ішінде асфальтбетон жабынды – 2189,5 шақырым, шағал тас – 935,6 ша­қы­рым,топырақ жол 122,5 шақырым. Бү­гін­де қаладағы асфальт жолдың жақ­­сы және қанағаттанарлық үлесі 67,4 па­йызға тең.

Жоғарыда атап өткендей, Шымкент­тің жаңа өркениет биігінде қарыштап дамуы ең әуелі жол инфрақұрылымы­на байланысты оны барынша ілгерілету­де жа­тыр. Осы міндетті орындау үшін жер­гі­лік­ті әкімдікке үлкен жауапкершілік­тер жүктелген. Миллионнан астам тұр­ғы­ны бар шаһардағы ең маңызды мәсе­ле­нің бірі – жол сапасы мен көшедегі көлік қозғалысының реттелуі екені аян. Статистикаға көз жүгіртсек, Шымқала автокөлік саны жағынан елімізде көш бастап тұрған қалалардың бірі болып отыр. Осыған орай әсіресе соңғы жылдары шаһарда жол құрылысы бұрын-соңды болмаған қарқынмен жүргізі­ліп келеді. Мәселен, 2022 жылдың қоры­тындысы бойынша мегаполисте 287,8 шақырымның жол құрылысы іске асырылыпты. Сонымен қатар Қонаев – Рыс­құлов көшелерінің қиылысындағы жол­айрық толығымен салынып бітіп, ел игілігіне пайдалануға берілді. Бүгінде Ташкент – Алматы бағытындағы қала­ны айналып өтетін негізгі магистралды А-2 автомобиль жолын қайта жаңарту жұмыстары атқарылып жатыр. Аталған жолдың ұзындығы 31 шақырым, және жол құрылыс жұмыстары 8 кезеңге бө­лінген. Осы күнде 1-ші және 3-ші кезеңі мен Бадам өзенінен өтетін көпірдің құ­рылысы аяқталды. Биылғы жылы 2-ші және 4-ші кезеңді толығымен аяқтау жоспарланып отыр.

Одан бөлек, 16 шақырымды құ­рай­тын «Оңтүстік айналма жолының» құры­лысы бар. Аталған нысан Шымкент қала­сы аумағымен қатынайтын транзит­тік және басқа да автокөліктердің айналма жолмен қатынап, қала аумағын­дағы көлік кептелісін сейілтуге және көлік қозғалысының қауіпсіздігіне сеп­тігін тигізбек. Оған қоса, жол бойын­да орналасқан елді мекендерде шағын кәсіпкерліктің дамуына ықпал етеді деп күтіліп отыр. Сондай-ақ қаланың оң­түстік бағытындағы жалғыз кірме-шы­ғыс жолына жүктемені азайту мақ­са­тында 15,5 шақырымдық Қонаев даң­­ғылының жалғасы салынып жатыр. Бұл нысан құрылысы 6 кезеңнен тұра­ды. Сонымен бірге Шығыс айналма, Өте­генов, Адырбеков көшелері, Темір­лан тасжолының бойындағы жолаушы­лар өткелі салыну үстінде. Және де Бәй­ді­бек би-Арғынбеков көшелерінің қиы­лы­сындағы 3 деңгейлі жолайрықтың құры­лысы қарқынды салынып жатыр. Халық­қа қолайлы жағдай жасау мақсатын­да 15 мамыр күні Арғынбеков көшесі ашылған еді. Жолайрық құрылысын толық аяқтап, пайдалануға беру биылғы жылдың соңына жоспарланып отыр, дейді мамандар. Келесі кезекте, Бәйдібек би – Арғынбеков көше қиылысының жолайрық құрылысының 2 кезегі іске асырылады. Осы ретте, Жібек жолы – Сайрам, Бәйдібек би – Төлеметов көше­лерінің қиылысында, А-2 автомобиль жолы мен Бәйдібек би даңғылының қиы­лысында жолайрық салу мәселесі жоспарда тұр. Жоғарыда аталған жобалар толық біткен жағдайда Ташкент, Түркістан және Алматы бағыттарына шығатын жолдар желісі жаңа кейіпке еніп, мегаполистің заманауи талаптарға сәйкес көлік ағынын өткізу қабілеті артады.

Қаланың магистралды және ішкі орам көшелеріне орташа жөндеу жұ­мыстары биылғы жылы 236,3 шақы­рымды құрайды деп көзделіп отыр. Яғни 297 көшенің жолы жөнделеді деген сөз. Оның 24 көшесі көлік ағыны жо­ғары әрі қоғамдық көлік қатынай­тын орталық немесе магистралды көше­­лер. Басқарма таратқан мәліметке сәйкес, жол инфрақұрылымын дамыту мақ­са­тын­да 2021-2025 жылдарға арнал­ған арнайы іс-шаралар жоспары бекітіл­ген. Оның негізінде құрылыс жұмыста­рын жүргізуде магистралды көшелерге, сонымен қатар елді мекендердің ішкі орам көшелеріне басымдық берілетіні айтылған.

апр

Көлік саласына келсек, 2020 жылы Шымкент қаласының жолаушылар кө­лігін дамытудың кешенді схемасы бе­кітілген. Осы схемаға сәйкес, 78 бағыт бойынша қоғамдық көліктер жолаушыларды тасымалдау үшін қызмет көрсетеді деп шешілген. Бүгінгі таңда мегаполисте жалпы саны 1 000-ға жуық автобус пен 10 автопарк бар. Өз кезегінде қоғамдық көліктердің 90 пайызы жаңартылған. Бұл дегеніміз Шымқала еліміздегі қо­ғам­дық көліктердің жаңалануы мен са­пасы жағынан алдыңғы қатарда келе жа­тыр деген сөз. Қазіргі таңда, әлеуметтік мәні бар маршруттардың тізімімен 75 бағыт айқындалған. Аталған бағыт­та­ғы автобус маршруттары субсидиялар есе­бі арқылы қала аумағында, сонымен қа­тар шет аймақтарда орналасқан бар­лық шағын аудан мен тұрғын алап­тар­ға дейін жолаушы тасымалы қызме­тін көрсетеді. Жоғарыда айтылған­дай, қалалық тұрақты маршруттарда 600-ден астам автобус жанар-жағармай ре­тінде экологиялық таза газ-метанды пай­даланады. Аталған автобустарды сұйы­тылған газ отынымен қамтамасыз ету үшін 2 газ стансасы салынған, ал үшінші стансаның құрылысы алдағы уақытта аяқталады. Бұдан бөлек, онлайн режімінде қоғамдық көлік қозғалы­сы туралы халықты хабардар етуге мүмкіндік беретін «I-Kolik» мобильді қосымшасы халық тарапынан кең қолданыста. Қазіргі таңда, мо­бильдік қосымшаны пайдаланушылар саны 200 мыңнан асты. Айта кетейік, 2021 жылы Шымкент қаласындағы қо­ғам­дық көліктерге енгізілген «Төлем» элек­трондық билеттендіру жүйесі жолау­шылардың жол ақысын төлеу қыз­ме­тін едәуір оңтайландырды. Қазіргі таң­да, сатылған көлік карталарының саны 700 мыңнан асады, ал күнделікті тран­закциялар саны жұмыс күндері – 380 мың, демалыс күндері – 200 мыңды құрап отыр.

апр

Сондай-ақ мегаполисте 1 886 аялдама орны бар. 2020 жылдан бері жаңа типтегі аялдама павильондарын орнату жұмыстары жүргізіліп жа­тыр. Осы күндері жаңа аялдама па­вильон­дарының үлесі 35,5 пайызға жетті. 2023 жылы 250 аялдама павильонын ор­нату көзделіп отыр. Бұдан бөлек, қа­жеттілігі бар аймақтарға 12 бағдаршам қосымша орнатылады. Қала аумағын­да орналасқан 291 бағдаршам ныса­­нын күтіп ұстау жұмыстары тұрақты түр­де атқарылып келеді. Сонымен қатар алдағы уақытта қала көшелеріне жалпы есепте 400 шақырым жол таңбалары сызылады. 800 метр жасанды жол ке­дергілерін әлеуметтік маңызы бар меке­мелердің алдына орнату алдағы күннің еншісінде тұрған шаруа. Жалпы, жыл соңына дейін құзырлы мекеме жол-көлік қозғалысының қауіпсіздігін арттыру мақсатында 3 500 жол белгілерін орнатамыз деген уәдесін беріп отыр.