04 Маусым, 2010

ӨНДІРІСТІ ӨҢІР ТҮРІК КӘСІПКЕРЛЕРІН КҮТЕДІ

449 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Мамыр айында облыс әкімі Бақытжан Сағынтаевтың басшылығымен облыс кәсіпкерлері мен ірі кәсіпорындар басшылары Түркия еліне барып қайтты. Бұл сапардың мақсаты екі ел арасындағы саяси, сауда-экономикалық және мәдени салалардағы ынтымақтастықтарды нығайту болды. Осы сапар барысында Павлодар қаласы әкімдігі мен Кайсери қаласының әкімшілігі арасында достық байланыс орнату жөніндегі келісімге қол қойылды. Кездесулер адал достық пен тарихи түп-тамыры бір халықтардың арасындағы өзара сыйластықтың  сенімді жалғасы екенін тағы да бір көрсетті. Біздің мем­лекеттердің басшылары өңір және қалааралық ынтымақтастық байланыстардың  қажет екендігін үнемі айтып келеді. Алдағы уақытта Павлодар облысы мен Кайсери провинциясы табысты әріптестерге айнала­тынына сенемін, деді облыс әкімі Б. Сағынтаев.  Енді ғана бастал­ған бұл қарым-қатынас­та­рдан біз үлкен үміт күтеміз, деді Кайсери губернаторы Мевлют Билиджи. Осы жерде экономикалық серіктестік аясын кеңейту мақсатында павлодарлық кәсіпкерлердің Түркия өнеркәсіп және сауда палатасы өкілдерімен кездесулері ұйымдастырылды. Бұдан басқа қонақтарға этнографиялық музей мен қаладағы ең үлкен спорттық кешен көрсетілді. Павлодарлық ресми делегацияның сапары Ыстамбұл қаласында жалғасын тапты. Осы жерде еліміз Премьер-Министрінің орынбасары, Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев пен Павлодар облысының әкімі Бақытжан Сағынтаев Түркия президенті Абдолла Гүлмен кездесіп, екі жақты ынтымақтастықтың келешек перспективаларын талқылады. Бүгінде қос мемлекет арасындағы өзара тауар алмасу 3 миллиардқа жуық долларды құрайды. Осы уақыттан бастап бұл айтарлықтай артатын болды. Пайдалы ынтымақтастықтың қолайлы факторлары көп, бірінші кезекте түріктер үшін де, қазақстандықтар үшін де шетелдік капиталды тарту тиімді. Бизнес орталықтағы келіссөздер залында екі елдің бизнесмендері мен өнеркәсіпті кәсіп­орындардың өкілдері бас қосты. Бизнес-құрылымда өзара қызығушылықтар көп.  Кейбір қазақстандықтар үшін Қара теңіз жағалауынан құрал-жабдықтарды әкелу, түріктер үшін “Павлодарда жасалған” маркасымен химиялық өнеркәсіп өнімдерін елдеріне жеткізу тиімді. Мәселен, әңгіме барысында “Екібастұз ГРЭС-1” ЖШС-нің басшысы Рысқан Сыбам­баев пен “HYDROTECH-FІLTER” түрік фир­ма­сының бас директоры Ілияс Ержанда көптеген ортақ мәселелер пайда болды. “Бұл фирма автомобильдерге арналған, сондай-ақ шағын қуатпен жұмыс істейтін электр стансаларына шақталған сүзгілер шығарады. Бұлар бізде де  пайдаланылады. Оларды сатып алуда көптеген қиындықтарға кездесетініміз рас. Біздің бұл фирмамен келешек ынтымақтастығымыз үлкен және жақсы нәтижелерге қол жеткіземіз деп ойлаймын, деді директор. Түрік кәсіпкері де Екібас­тұз ГРЭС-1 кәсіпорнымен тығыз ын­тымақ­тастық орнатуға мүдделі, сондықтан біздің өндірісті өңірге келуді жоспарлап отыр. Ал, павлодарлық “Нефтехим-LTD” компаниясының директоры Ерлан Құсанов та бұл сапардың бекер болмағанына сенімді. Ыстамбұлдық “Химия өнімдері” фирмасының директоры Мұрат Ак­мозбен мәселелерді талқылап, ынтыма­қ­тас­тықты жақын күндері бастап кетуге екі жақты шешім қабылданды. Одан соңғы екіжақты іскерлік қатынастар Премьер-Министрдің орынбасары Әсет Исе­кешевтің қатысуымен өткен бизнес-форумда сөз болды. Ол Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктеріне ерекше тоқталып, түркиялық кәсіпкерлердің сұрақтарына жауап берді. Осыған ұқсас бірақатар  кездесу Түркияның өнді­ріс­шілері мен кәсіпкерлері ассоциациясында да өтті. Мұндай кездесулерде облыс өндіру­шілерінің өнімін экспорттау үлкен маңызға ие болды. Осы мақсатта делегация түркиялық ірі корпорация “Кибар Холдингтің” құрамындағы “Assan Alumіnіum” атты өндіруші кәсіпорында болды. Мұнда Ұлыбританиядан әкелінетін алюминийді қайта өңдеу жоғары тех­но­логиялық деңгейде жүргізіледі. Биыл Қазақ­стан электролиз зауытының алюминийді жылына 250 мың тонна өндіретіндей жобалық қуатында шығатындығын ескерсек, онда Түркия тарапынан туындаған қызығу­шылықтың біздің аймағымыздағы экспорттың дамуына үлкен түрткі болары сөзсіз. Тағы бір айта кетеріміз, “Кибар Холдинг” корпорация басшылығымен біздің облыста осыған ұқсас зауыт салу туралы уағдаластыққа қол жеткізіліп те қойды. Қазіргі уақытта өн­дірістік қажетті құжаттар мен техникалық жобалар жасалуда. Перизат ШАКЕНОВА, облыс әкімінің баспасөз хатшысы, Фарида БЫҚАЙ. ПАВЛОДАР.