Былтыр Ұлттық құрылтайдың мүшелігіне ендім. Қарағанды облысынан мүшелікке өткеніме қуаныштымын. Мұның маңызы зор. Себебі Қарағанды облысындағы мәселелерді республикалық деңгейде көтеруге, министрліктерге, Үкіметке жеткізуге мүмкіндік алдық.
Ұлттық құрылтай мүшесі болғаннан кейін елдегі жағдайды айтып, оны Президенттің құлағына жеткізуге тиіспіз. Өткен бір жылдың ішінде өте үлкен оқиғалар болды. Президент сайланды, Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауы өтті.
Қазіргі таңда жергілікті жерде қордаланған мәселе көп екеніне көзіміз жетіп отыр. Қаржының қалай бөлінетінін, қалай жұмсалатынын, қалай бөлінетінін, осы бағыттағы ауқымды кемшіліктерге куәміз. Бұдан бөлек, былтырғы және биылғы өрт те халықты мазасыздандырып отыр. Заңдарды, бағдарламаларды қабылдау бір бөлек. Сол себепті алдағы Құрылтайда өзекті мәселелер қозғалатыны сөзсіз. Яғни министрлік, Үкімет тарапынан бақылау жоқ, қадағалау жоқ. Жергілікті мекемелерге берген статистикаға сүйеніп, бүкіл жұмыс жақсы жүріп жатыр деп есептейді.
Министрлер ауылдарды аралап, халықпен кездесіп, мәселені көзімен көруі керек. Тұрғындармен кездеспегеннен кейін осындай апаттар болып жатыр. Құрылтай мүшелерінің міндеті – жергілікті жердегі өзекті мәселелерді Президентке жеткізу. Құрылтайдың мүшесі ретінде ауылға байланысты, оның неліктен дамымай отырғаны туралы, көзім көрген мәселелерді баяндадым. Бұдан бөлек, білім, медицина, өндіріс, жер тақырыбына қатысты салалардағы өрескел кемшіліктерді, бағдарламалардың жетілмеген тұсын көрсетіп, бірнеше ұсыныс жолдадық.
Ләззат ҚОЖАХМЕТ,
Ұлттық құрылтай мүшесі