Сенат • 16 Маусым, 2023

Бюджетті жоспарлауда олқылық болмауға тиіс

243 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Сенат cпикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Жиын барысында депутаттар Үкіметтің және Жоғары аудиторлық палатаның 2022 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін қарады. Сондай-ақ «Прокуратура туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заң жобасы бойынша Парламент палаталарының бірлескен комиссиясының құрамына сенаторларды сайлады.

Бюджетті жоспарлауда олқылық болмауға тиіс

Отырысты ашқан Сенат төр­ағасы Абай облысындағы алапат өрттің салдарынан қаза болған орманшылардың отбасылары мен жақындарына көңіл айтты және өңірдегі ахуал Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бақылауында еке­нін атап өтті. Мәулен Әшімбаев Абай облысындағы өрт төтенше жағдай кезінде әрекет ету жүйе­сінің қаншалықты тиімсіз екенін айқын көрсетіп бергенін айтты. Палата спикері жауапты құрылымдар күзде Қостанай облысында болған өрттен сабақ алмағанына тоқталды.

«Егер осындай алапат өртпен алғаш рет бетпе-бет келіп тұрсақ, мәселе басқаша болар еді. Бірақ бізде мұндай оқиғалар жыл са­йын қайталанып отыр. Күзде ғана Қостанай облысында үлкен өрт болды. Соның салдарынан 40 мың гектарға жуық жер өртеніп кетті. Соған байланысты Президентіміз тиісті органдарға нақты мін­деттер жүктеді. Оны орындау үшін Үкімет ауқымды жұмысты қолға алдық деп есеп те берді. Бірақ Абай облысындағы оқиға бүкіл жүйенің уақтылы әрекет етпегенін, тиісті құрылымдар арасында үйлесім мен тәртіптің жоқ екенін көрсетті», деді Мәулен Әшімбаев.

Соған байланысты Сенат төрағасы қазір осы бағытты түбе­гейлі өзгертетін уақыт кел­генін, бұл бағытта Мемлекет басшысының нақты тапсырмалары бар екенін, алдағы уақыт­та тиісті бағдарлама мен басқа да қажетті шаралар қабыл­данатынын атап өтті. Бастал­ған тергеу жұмыстарының қоры­тындысы бойынша да бірқатар іс-шара іске асырылатыны анық.

«Біз осы мәселені келесі жыл­дың бюджетін қарау кезінде де назарда ұстаймыз. Бұл ретте төтенше жағдайлар кезінде әрекет ететін құрылымдарды қар­жыландырудың маңызы зор. Ең бастысы, бөлінген қаражаттың мақсатқа сай, дұрыс жұмсалуын бақылауымыз керек. Егер біз осы бағдарламаны қабылдап, күзде оған миллиардтаған қаржы бөлсек, бірақ келесі жылы осындай оқиға тағы қайталанып жатса, онда оған бәріміз жауапты боламыз. Сондықтан сенаторлар бұл мәселені үнемі өз бақылауында ұстайды», деген Сенат спикері депутаттар жағдайды жақсарту­ға арналған барлық ұсынысты қолдайтынын атап өтті.

Жалпы отырыстың күн тәртібіндегі негізгі мәселе бо­йынша Премьер-министрдің орын­басары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев пен Жоғары ауди­торлық палата төр­ағасы Наталья Годунова баян­дама жасады. Қаржы министрі­нің айтуынша, 2022 жылы ішкі жалпы өнім көлемі 3,3 пайыз­ға өскен. Бұған қызмет көр­сету саласындағы, нақты сектор­дағы өсім, экспорттың тез қарқыны есебінен сауда балансы­ның ны­ғаюы, құрылыс пен қызмет өндірісіндегі жоғары инвести­циялық белсенділік әсер етіп отыр.

«Азық-түлік пен шикізат баға­сының жалпы әлемдік қым­­баттауы аясында еліміздегі инфляция деңгейі де ныса­налы көрсеткіштен асып, 20,3 пайызды құрады. Негізгі капиталға салынған инвес­тициялар көлемі 7,9 пайызға ұлғайды. Жұмыссыздық 4,9 пайыз деңгейінде сақталды. Осындай макроэкономикалық ахуал аясында республикалық бюджеттің атқарылуы мынадай көрсеткіштермен сипатталады. Түсімдер 102,1 пайыз атқарылып, 16,1 трлн теңгені құрады. Шығыстар 98,6 пайызға игерілді және 18,5 трлн теңгеге жетті. Әлеуметтік шығыстардың өзі 2021 жылмен салыстырған­да 987 млрд теңгеге ұлғайып, 8,5 трлн теңгені құрады. Бұл республикалық бюджеттің жалпы көлемінің 46 пайызы. Бюджет тапшылығы ішкі жалпы өнімге шаққанда 2,3 пайыз болды», деді Е.Жамаубаев.

Сала басшысының ай­туын­ша, Республикалық бюд­жеттің меншікті кірістері бойынша жоспар 103 пайыз орындалған. Кірістер құрылымының негізгі үлесі салық түсімдеріне тие­сі­лі. 2021 жылмен салыстыр­ған­да салық түсімдерінің өсімі 3 трлн теңгеге немесе 42 пайыз­­ға жет­ті. Салықтық тексеру­лер­дің тиімділігі 3,2 есе, кеден­­дік тек­серулердің тиімділігі 7 есе артты. Кейінгі 4 жыл ішінде салық­тық-кедендік әкімші­лендіруді жетілдірудің арқасын­да бюджетке 3 трлн теңгеден астам қосымша қаражат түскен.

Қаржы министрі Жоғары аудиторлық палатаның қоры­тындысы туралы баяндап бер­ді. Оның айтуынша, Жоғары аудиторлық палата салық же­ңіл­­діктері есебінен бюджетке түс­пеген қомақты қара­жат­ты көр­сеткен. Осы орайда министр салық жеңілдіктерін ай­қын­дау, оңтайландыру және мониторингтеу бойын­ша Жоғары аудиторлық палатаның ұсынымдары Үкі­мет­тің жұмы­сында, сондай-ақ жаңа Салық кодексін әзірлеу шең­берінде ескерілетінін жеткізді.

«Жоғары аудиторлық палата экспорттық-импорттық ста­тис­тикадағы алшақтық және көлеңкелі экономика бо­йын­ша қабылданған шара­лар­дың жеткіліксіз әсерін атап өт­кен. Жалпы, әлемдік тәжі­рибе­де барлық елде тауар­лар­дың сырт­қы саудасының кеде­н­дік статис­тикасы дерек­терін­де әріптес ел­дермен сәйкес­сіз­діктер бар. Бұн­дай алшақ­тық­тың негізгі себебі сыртқы сауда статистика­сын қалып­тас­­тырудың әдістемелік ерек­ше­лі­гіне қатысты. Деген­мен ал­шақ­тықтарды азайту мақса­тын­да бірқатар жүйелі шара қабылданып жатыр», деді Е.Жамаубаев.

Бұдан кейін сөз алған Жоғары аудиторлық палата төрағасы Наталья Годунова сөз сөйлеп, бірқатар маңызды мәселеге тоқталды. Оның айтуынша, бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыруға қатысты орталық мемлекеттік органдар мен өңірлердегі басшылардың жауапкершілігін енгізу қажет.

«Республикалық бюджеттен және Ұлттық қордан бөлінген қаражатқа тоқталсақ, белгілен­ген мақсатты уақтылы орындау тұрғы­сында басшылардың жауап­кершілігі тиісті деңгей­де емес деп санаймыз. Өңір­лерге аударылған жалпы трансферт­тердің көлемі өсті. Егер ресурс­тарды бағыттасақ, онда осы қаражатқа қатысты тиісті жауап­кершілік те болуы керек», деді Н.Годунова.

Оның айтуынша, министрлік мақсатты трансферттерді өңір­лерге аудара отырып, қаражатты игеру бағытындағы нәтиже бо­йынша өзін жауапкершіліктен босатқан.

«Өңірлер бойынша жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу тұрғысында салалық министр­ліктердің мониторингі іс жүзін­де қарастырылмаған. Бұл ретте әлеуметтік нысандардың жаб­дықтармен қамтамасыз етілуі­не бағалау жүргізілмейді. Ай­мақ­тарға ақша берілді, алайда одан кейінгі мәселе бақылаусыз қалып отыр. Осының салдарынан сапасыз салынған мектеп және басқа нысандар жайында проблема пайда болады», деді палата басшысы.

Оның сөзіне қарағанда, заң­намалық деңгейде бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыруға қатысты орталық мем­лекеттік органдардың басшылары мен бюджет қаражатын игеретін өңірлердегі басшылардың жауап­кершілігін енгізу қажет.

«Былтыр Оқу-ағарту ми­нистр­­лігі құрылыс саласы өздері­нің профиліне жатпайды деген желеумен «Жайлы мектеп» жобасын жүзеге асырудан бас тартты. Нәтижесінде, жобаны «Samruk-Kazyna Construction» жүзеге асырып жатыр. Дегенмен мемлекеттік сатып алу ережелері сақталмауы мүмкін деген күдік бар. Бұл бағытта қомақты қара­жат, яғни 2,6 трлн теңге бөлін­ді. Атап айтқанда, бұл саладағы іс-қимылдарға қатысты тиісті мәселелер пайда болды», деді Наталья Годунова.

Бюджеттің атқарылуы туралы есептерді қарау барысында 2022 жылғы республика­лық бюджеттің негізгі параметр­лері­нің орындалғаны айтылды. Дегенмен депутаттар құжаттың жекелеген тармақтары бойынша бюджеттік тәртіптің осал тұс­тарына назар аударды. Сон­дай-ақ олар экономиканың өсуі мен азаматтардың әл-ауқатына кері әсерін тигізетін бірқатар маңыз­ды және жүйелі проблемаға тоқ­талды.

Өз сөзінде Сенат төрағасы инфля­цияны төмендету және өңір­лерді жылу маусымына сапалы әрі уақтылы дайындау ал­дағы кезеңдегі негізгі мін­дет­­тер екенін атап өтті. Соған бай­­ланысты Мәулен Әшімбаев Мем­лекет басшысы белгілеп бер­ген мақсаттарға қол жеткізу үшін бірлесіп, үйлесімді жұмыс істеудің маңызды екенін айтты.

«Президентіміз өзінің сайлау алдындағы бағдарлама­сын­да алдағы жылдарға арнал­ған бағыт-бағдарды айқын­дап, нақты міндеттер жүктеді. Біз соның бәрін сәтті іске асырып, елдің сенімін ақтауымыз керек. Бұл ретте шағын және орта бизнесті дамыту, жұмыс орындарын құру, агроөнеркәсіптік кешенді қолдау сияқты нақты міндеттер туралы сөз болып отыр. Сондай-ақ энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту, тұрғын үйлер мен жолдар салу, елді мекендерді 100 пайыз сумен жабдықтау және тағы басқа да маңызды мақсаттар бар екені белгілі. Үш жылдық бюджетте осы бағыттарға қажетті қаражат қарастырылған», деді Мәулен Әшімбаев.

Палата спикері Парламенттің зың шығару қызметінде мүд­делі органдармен бірлесіп әре­кет етуіне де ерекше назар аударды. «Бәріміздің алдымыз­да тұрған басты міндет – азамат­тардың өмір сүру сапасын жақ­сарту және еліміздің тұрақты да­муын қамтамасыз ету. Бұл істе Пар­ламент депутаттары Үкі­метке қажетті қолдау көрсетуге қашанда дайын», деді Сенат төрағасы.

Сонымен қатар есептерді қарау кезінде сенаторлар са­лықтық және кедендік әкімші­лендіруді жетілдіруді сөз етті. Шығындарды жоспар­лаудың тиімсіздігіне қатысты да сын айтылды. Бұл ретте, 2022 жылы шығынның басым бөлігі ағымдағы іс-шара­ларға жұмсалғанын, шамамен 10 пайызы ғана дамуға бағытталғанын атап өткен жөн. Сенаторлар стратегиялық және бюджеттік жоспарлау арасындағы байланыстың жолға қойылмағанына да назар аударды. Салдарынан қаржының толық игерілмеуіне жол берілген. Бұл орайда ұлттық жобалар бойынша статистика мысалға алынып отыр. Нақты айтар болсақ, қаржы жағынан толық қамтамасыз етілсе де, тоғыздың жетеуінде тиімділік көрсеткіші төмен. Депутаттар шығыстардың жартысына жуығы әлеуметтік мақсаттарға жұмсалғанын, бұл бюджет саясатының әлеуметтік бағытқа бет бұрғанын көрсе­тетінін айтты.

Отырыс барысында сенаторлар «Прокуратура туралы» Қазақ­стан Республикасының Конс­ти­туциялық заңына өзгеріс­тер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заң жобасы бо­йынша Парламент па­ла­талары­н­ың бірлескен комис­сиясының құрамына Сенат депутаттарын сайлады. Жиын соңында депутаттар өз сауалдарын жолдады.