Талдықорғанда өткен іс-шараға оңтүстік өңірінің, оның ішінде Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстарының өкілдері қатысты. Ауқымды жұмыстың қорытындысы осы жылдың қараша айында Астанада барлық облыстан келген делегациялардың қатысуымен өтетін Ауыл әйелдерінің VI республикалық форумы болмақшы.
Форум пандемиядан кейін биыл алғаш рет оффлайн форматта өткізілді. Еліміз бойынша барлық мүдделі тарап онлайн байланыспен қамтамасыз етілді. Облыстар әкімдерінің орынбасарлары, сондай-ақ Ауыл шаруашылығы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Ұлттық экономика министрліктерінің, қоғамдық және халықаралық ұйымдардың өкілдері іскер әйелдермен тікелей байланысқа шықты. «Форумды ұйымдастырудағы мақсат – жеке қосалқы шаруашылықтар мен ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамыту, ауыл шаруашылығын қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды әзірлеу, жергілікті өзін-өзі басқару құралдарын дамыту, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру, 2030 жылға дейін жергілікті деңгейде тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу мәселелерін талқылау. Форумға қатысушылар «Coca-Cola Belesteri» жобасының Бизнес негіздері, «Farmer school» мен Кооперацияның фермерлік дағдыларды дамыту бойынша тренингтеріне қатысты. Алда осындай форумдарды батыс, шығыс, солтүстік және орталық өңірлерде өткізу жоспарланып отыр», деді Қазақстанның ауыл әйелдері форумын ұйымдастыру комитетінің төрағасы, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің IV, V, VI шақырылымдарының депутаты Майра Айсина.
Ауыл әйелдері форумының тарихы 2018 жылы Астана қаласында өткен І Республикалық форумнан басталады. Форум 2019 жылдан бастап Қазақстанның әр аймағында өткізіле бастады. 2020 жылдан бері барлық облыста онлайн режімде өтеді.
Қазақстанның ауыл әйелдері форумын ұйымдастырушылар – «Жасыл экономиканы қолдау және G-Global-ды дамыту коалициясы» ЗТБ және «Әлеуметтік динамика» қоғамдық қоры. Оған Қазақстан Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия, облыс әкімдіктері және «Атамекен» ҰКП қолдау көрсетті.