Президент • 17 Маусым, 2023

Президент су тапшылығына қатысты әкімдерге ескерту жасады

1499 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында Қазақстан азаматтары қоғамдық орындар мен қоршаған ортаға жанашыр көзбен қарауға тиіс екенін тілге тиек етті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Президент су тапшылығына қатысты әкімдерге ескерту жасады

«Тазалық пен ұқыптылық күнделікті өмір салтымызға айналуы қажет. Қалалар мен ауылдардың сәулетті, саябақтар мен ауланың таза болуы, ең алдымен, басқа біреуге емес, өзімізге керек. Жұрттың бәрі өз үйінің жайлы әрі әдемі болғанын қалайды. Бұл – дұрыс. Азаматтарымыз қоғамдық орындар мен қоршаған ортаға да дәл сондай жанашыр көзбен қарауға тиіс», деді Мемлекет басшысы.

Жақында еліміздің ірі қалаларында су тапшылығы байқалғаны белгілі. Осы тұста Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл түйткіл – әкімдердің жұмысындағы нағыз олқылық екенін қадап айтты.

«Қазақстан – бәрімізге ортақ, оның қандай болатыны тек бізге байланысты. Яғни, біз іші де, сырты да бүтін ел болуымыз керек. Жақында ірі қалаларымызда су тапшылығы пайда болды, тұрғындар наразылығын білдіріп жатыр. Бұл да – орынды. Осы түйткіл – әкімдердің жұмысындағы нағыз олқылық. Оны тез арада түзету керек. Әкімдердің қолынан келмесе, тиісті шешімдерді қабылдаймын. Негізгі мақсат – табысты болып көріну емес, шын мәнінде табысты мемлекет болу. Бұл мызғымас қағида болуға тиіс», деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, жаңа қоғамдық этиканы қалыптастырған мемлекетте заң мен тәртіп, сенім және жауапкершілік сияқты құндылықтар үстем болады.

«Елімізде жаңа қоғамдық этика қалыптасуы керек. Онда елдің бірлігі және тұрақтылығы, азаматтардың өзара тілектестігі, әділдік, заң мен тәртіп, сенім және жауапкершілік сияқты құндылықтар үстемдік құруы қажет. Отаншылдық, адамгершілік, білімпаздық, нағыз маман болу, үнемшілдік, еңбекқорлық, ел мен жерге жанашырлық сияқты асыл қасиеттер бәрінен биік тұруға тиіс. Осындай ізгі қасиеттің бәрін бойына сіңірген жанды – Адал азамат деген бір ауыз сөзбен сипаттауға болады», деп түйіндеді Мемлекет басшысы.