Қазақстан • 17 Маусым, 2023

Ұлттық құрылтайдың келесі отырысы Атырау облысында өтеді

3242 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың екінші отырысын қорытындылады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ұлттық құрылтайдың келесі отырысы Атырау облысында өтеді

«Бүгін мен ұсынған бастамалар – алдағы ауқымды жұмыстың бір бөлігі ғана. Жаңа идеологиялық тұжырымды орнықтыру үшін мемлекеттік аппарат, сарапшылар, ғалымдар, тілшілер, азаматтық қоғам өкілдері – бәрі жұмылуы қажет. Президент Әкімшілігі жұмыс жоспарын әзірлеп, айтылған мәселелерді түгел қатаң бақылауға алады. Біз Әділетті Қазақстанды құрып жатырмыз. Бұл – өте жауапты әрі абыройлы міндет», деді Президент.

Осы тұста Мемлекет басшысы әр қазақстандық елге деген жанашырлығын нақты іспен көрсетсе, ел халқының бірегейлігі нәтижелі болатынын айтты.

«Біз отаншылдығымызды және елге жанашырлығымызды нақты іспен көрсетуіміз керек. «Адал азамат» болуға ұмтылуымыз қажет. Сонда әрқайсымыз Отанымызды өркендетуге үлес қосамыз. Мен үшін Ұлттық құрылтай жұртшылықпен кездесіп, жай ғана пікір алмасатын жер емес. Оны еліміздің мәдени-рухани өрлеуіне жол ашатын шамшырақ деуге болады. Яғни, құрылтай алаңында қоғамның жаңа этикасын және оның жаңа даму үлгісін қалыптастыру мәселесі қаралады. Әрине, бұл – бір күнде бітетін шаруа емес. Ол үшін күн сайын тынымсыз еңбек етуіміз керек. Бір сөзбен айтқанда, мемлекет пен қоғам бірге жұмылып жұмыс істеуі қажет. Бұл ұлтымыздың бойына орасан зор күш-қуат дарытады, өзгеріске деген құлшынысын оятады. Сонда ғана, еліміз көздеген мақсатына жетеді. Осылайша, алдағы онжылдық еліміздің нағыз өрлеу дәуіріне айналмақ. Мен бұған кәміл сенемін», деп ойын жеткізді Президент.

Жиынды қорытындылай келе Президент Ұлттық құрылтайдың келесі отырысын Атырау облысында өткізуді ұсынды.

«Былтыр Ұлытауда, биыл киелі Түркістанда бас қосып, елдік мәселелерді талқыладық. Ел тарихында айрықша орны бар тағы бір аймақ – Атырау облысы. Ондағы әйгілі Сарайшық қаласында атақты хандарымыз ордасын тіккен. Мен Ұлттық құрылтайдың келесі отырысын осы шежірелі аймақта өткізуді ұсынамын. Елімізде лайым жақсылық көп болсын!», деп түйіндеді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Иво