Футбол • 18 Маусым, 2023

Үміт сыйлаған үш гол

860 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы келесі жылы Германияда жалауы желбірейтін Еуропа чемпионатының финалдық кезеңіне шығуға тағы бір маңызды қадам жасады. Бұл жолы Магомед Адиев шәкірттері сырт алаңда Сан-Марино құрамасымен кездесіп, қарсыластарының қақпасына жауапсыз­ үш гол соқты. Кезекті үш ұпайды қоржынға салған жерлестеріміз Н тобында алты ұпаймен Даниядан кейінгі екінші орынға көтерілді. Ал Еуропа бірін­ші­лі­гіне әр топта алғашқы екі орындағы құрамалар жолдама алатыны белгілі.

Үміт сыйлаған үш гол

Италияның Парма қаласы Эннио Тардини стадионындағы кездесуде Қазақ­стан құрамасы осы іріктеу кезе­ңін­дегі ең маңызды әрі ең қиын ойынын өткізді деп айтуға болады.

Италиядағы матч­тың­ бірінші таймында жерлестеріміз қағаз жүзіндегі алаң қожайындарының қор­ға­ныс­ кілтін таба алмай, біраз қара терге түсті. Оның үстіне бұл матчта Магомед Адиев бірқатар кадрлық қиындыққа тап бо­лып, бір ғана шабуылшымен ойнауға мәж­бүр болды. Ұлттық құраманың не­гіз­гі шабуылшысына айналған Абат Айым­бе­тов Даниямен өткен ойындағы қызыл қағазының салдарынан бұл ойында әріптестеріне көмектесе алмады. Десе де шабуылшылардың орнын жоқ­тат­пай­тын қорғаушыларымыз Эннио Тар­дини стадионындағы матчта да мер­гендігімен көзге түсті. Ойынның 37-ми­нутында Ян Вороговский есеп ашып, ел құрамасын есепте ал­ға­ шығарды.

Екінші таймда Магомед Адиев алаң­ға Бақтиер Зайнутдинов, Эльхан Аста­нов, Арман Кеңесов секілді жас әрі креа­тивті ойыншыларды шығарып, бірін­ші таймдағы сүреңсіз ойынды жандан­ды­ра түсті. Сөйтіп, жерлестеріміз матч аяқ­тал­ғанға дейін тағы екі гол соғып, ойын­да­­ғы басымдығын ұлғайтты. Алдымен 64-минутта команда капитаны Асхат Тағы­­берген пенальтиден мүлт кетпесе, матчтың соңғы секундында ұлттық құра­маның көшбасшысы Бақтиер Зайнут­ди­­нов дәлдік танытып, кездесудің нүк­те­сін қойды. Осы голының арқасында Зайнут­динов ұлттық құрамада соққан гол­дар санын 12-ге жеткізіп, әйгілі ша­буыл­­шы Виктор Зубаревпен теңесті.

Осылайша, Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңіндегі үш ойында алты ұпай жинаған жерлестеріміз турнир кес­тесінде екінші орынға көтерілді. Бірақ қуануға әлі ерте. Өйткені Н тобында Дания мен Қазақстаннан бөлек, Финляндия мен Словения құра­ма­­­сының еншісінде де үш ойыннан ке­йін алты ұпай бар. Бұл дегеніміз, бір топ­тағы төрт құраманың да жолдамадан үміті бар.

Топтағы өзге ойындарға тоқталар бол­­сақ, үшінші турда Дания құрамасы өз алаңында Солтүстік Ирландияны қа­был­дап, 1:0 есебімен жеңіске жет­се, Фин­ляндия футболшылары Словенияны тізе бүктірді – 2:0. Төр­тінші турда Адиев шәкірттері Бел­фастта Солтүстік Ирлан­ди­я­мен кез­деседі. Бұл ойын маусымның 19-нан 20-на қараған түні өтеді. Соны­мен­ қатар төртінші турда Дания Сло­ве­нияға қонақ­қа барса, Финляндия өз­ алаңында Сан-Мариноны қа­был­дайды.