Жоба • 19 Маусым, 2023

Жаңа аудандар жаңа жобаларға жол ашады

1797 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Бұл күнді де шығыс жұрты ұзақ күтті. Тым ұзақ... Осыдан 25-26 жыл бұрын шекара шебіндегі Катонқарағай Үлкен Нарынға қараса, Қытаймен шектесіп жатқан Марқакөл ауданы Күршімге, Мақаншы Үржарға қарап кетіп, тұрғындары жұртта қалғандай күй кешкен.

Жаңа аудандар жаңа жобаларға жол ашады

Суретті түсірген автор

Басшылықтың назары да, халықтың базары да орталыққа ауған. Күні кеше Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Түркіс­танда өткен Ұлттық құрылтайда жоғарыда аталған аудандарды қалпына келтіру туралы шешім қабылдағанын айтып, елді шын қуантты.

«Шекара маңындағы елді мекендердің ахуалы жеріміздің тұтастығына және еліміздің аман­дығына тікелей ықпал етеді. Шын мәнінде бұл – стратегиялық маңызы бар мәселе. Өкінішке қарай, шекара шетіндегі кейбір елді мекендерде халық саны күрт азайып кетті.

Бұл – шындық. Бұған бір кездері аудандарды біріктіру жөніндегі шешімдер де ықпал ететіні сөзсіз. Біз былтыр Абай, Ұлытау және Жетісу облыстарын құрдық. Бұл шешім аймақтардың дамуына тың серпін берді. «Amanat» партиясы бірқатар шекаралас ауданды қалпына келтіру туралы бастама көтергендігі туралы білесіздер. Үкімет менің тапсырмаммен бұл мәселені пысықтады. Мен соған сәйкес Катонқарағай, Марқакөл және Мақаншы аудандарын қалпына келтіру туралы шешім қабылдадым», деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің бұл сөзін естіген ел, әсіресе Катон, Марқа, Мақаншы өңірінің тұрғындары қуаныштан мала­қайларын аспанға атты. Аң­саған армандары да осы еді. Ол де­геніміз – ат төбеліндей ұлт бола оты­рып бөліну, жекелену емес. Аудан мәртебесінің қайтарылуы – қа­зы­надан бөлінген қаржының өз қазан­дарына түсіп, өз мақсаттарына жұмсау. Яғни жол салу, көшелер­ді жарықтандыру, су тарту тағысын тағы. Екіншіден, орталықтан 200-300 шақырым жерде жатқан жұрт тілдей қағаз үшін ауданға сабылмайды. Әлбетте, орталық – орталық­та, қақ ортада болуға тиіс шығар. Әйтпесе ту түкпірдегі Аршаты елі 200 шақырымдай жердегі аудан ор­талығы Үлкен Нарынға сабылады. Сол сияқты Марқакөлдің Балықты бұлақ, Шанағатты секілді жырақта жатқан ауыл тұрғындары да 300 шақырымды күн жүріп, Күршімге баруға мәжбүр. Жол сайрап жатса бір сәрі. Марқакөл ауылына дейін асфальтсыз тау жолымен титықтап жетуге тура келеді. Одан бері Күр­шімге дейінгі жолдың асфальт деген аты болмаса, ойылып кеткен. Жол­дың әуресін көрген соң-дағы сау­­дагерлер алыс ауылдарда азық-тү­лік бағасын әдеттегіден қымбатқа қоя­ды. Сол секілді отын-көмір баға­сы да шарықтап тұр. Тоқетерін айт­сақ, орталықтан алыс жатқан аудан тұрғындары үшін ешқандай же­ңіл­дік қарастырылмаған еді. Енді аудан мәртебесі қайтарылған соң, тір­­шілік қайта жанданады деген үміт бар елде. Тек шынайы жүзеге асатын бағдарламалар қабылданса екен. Олай дейтініміз, «Ақ бұлақ», «Бір қабатты Шығыс» секілді бағ­дарламалар аясында атқарылған жұмыстардың сапасы сын көтермей қалып жатқанына жұрт куә.

– Жиырма бес жылдан бері қол жайып, Құдайдан тілегенімізді Пре­зидентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев орындады. Катонқарағайлықтар болып, ол кісіге мың алғыс айтамыз! Қуаныштарыңыз құтты болып, ұза­ғынан сүйіндірсін, жерлестер! – дейді катонқарағайлық ардагер журналист Жәнібек Қызыр.

Иә, Алтай тауының күнгейі мен теріскейінде жатқан қос аудан тұр­ғындарының қуаныштарында шек жоқ. Кешелі бері бір-бірінен сүйінші сұрасып, арқа-жарқа болып жатыр. Алайда аудан мәртебесі берілгені­мен, нақты жүзеге асатын жоспарлар болмаса, жас мамандардың ауылға баруы екіталай. 

– Мұндайда қазақ «ақ түйенің қарны жарылған күн» дейді. Катон­қарағай мен Марқакөлдің қайта аудан болып құрылуын ұзақ күттік. Жатсақ-тұрсақ тіледік. Қазіргі таң­да 25 мыңнан 7 мыңдай ғана халық қалды. Әлі де көш тоқтаған жоқ. Ауылдар тозып кеткен соң көш­пе­генде қайтеді? Ендігі кезекте Пре­зидент шешімін тез жүзеге асыр­масақ, қалған халықты ұстай алмай қалуымыз мүмкін. Аудан­мен қатар өндіріс ошақтарын қай­та құруымыз керек. Марқаның ма­ңайында Қар­шыға және Маңқа дей­тұғын екі бір­дей кен орыны жұмыс істеп тұр. Бір кеніштен ғана аудан бюджетіне миллиардтаған салық түседі. Бірақ одан Марқакөлге бір тиын пайда жоқ. Аудан болсақ, өз қаржымызды өзіміз мақсатты түр­де игеріп, әлеуметтік әл-ауқатты арт­тыруға жұмсар едік. Біздің жақ – туризм мен ауыл шаруа­шылығын дамытуға қолайлы өңір. Сол үшін де кәсіп дөңгелетемін деген жастарға жеңілдетілген несиелер, гранттар берсе дұрыс болар еді. Жалпы, шекара шебіндегі аудан тұрғындарына қандай да жеңілдіктер қарастырылса, жастар тартылар еді. Тағы бір айтарым, келетін басшылар ауданды көтереміз деп келу керек, – дейді Марқакөл ауылының тұрғыны, зейнеткер Абзал Мұхамеджанов.

Рас, Катонқарағай, Марқакөл өңірлерінің туризм мен ауыл­шаруа­шылық саласын дамытуға әлеуеті жетеді. Тек жүйелі жұмыс, адал басшылар қажет. Басқасын айтпаған­да, Марқакөл мен Катонқарағайды жал­ғап жатқан Ирек асуы – туристер үшін таптырмас маршрут. Қазірдің өзінен қара күзге дейін саяхатшылар сабылады да жатады. Аудандар құрылып, аяғынан нық тұруы үшін географиясына қарай халыққа пайдалы бағдарламалар жасалса, құба-құп болар еді.

Парламент Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильяновтың пікірінше, қазіргі Абай мен Шығыс Қазақстан облыстарында сапасыз салынған, жөнделген жолдар жетерлік. Жоба­лардың құнын өсіру белең алып кет­кен. Көзбояушылық, жемқорлық жайлап алған. Кәсіпкерлікпен айналысамын деген азаматтарға қол­дау жоқтың қасы. Сондықтан бағдар­ламалар өз деңгейінде нәтиже бер­мейді. Жергілікті бюджеттегі қара­жаттың қалай жұмсалып жатқаны толық тексерілмейді. Осы мәселені  ескерген депутат Нұртай Салихұлы Жоғары аудиториялық палатаға жер­гілікті бюджетті тексеру өкілет­тілігін беру туралы ұсыныс жасап, заң жобасына енгізуге мұрындық болыпты. Ұсыныс қазір талқылануға өтіпті.

Егер пәрменді заңдар күшіне еніп жатса, есеп үшін ғана жүзеге асып жатқан бағдарламаларға тұсау са­лы­нып, халық үшін пайдалы әрі са­палы жобалар қолға алынар еді. Жаңа құрылатын аудандарға жана­шыр­лықпен жасалған жаңа жоба­лар ке­рек-ақ. Ең алдымен, ден­сау­лық сала­сының сапасы артып, маман­дар тар­тылса, ем іздеген аға­йын­дар қалаға ша­былмас еді. Со­дан кейін білім беру ме­кемелері жо­ғары деңгейде жұмыс істеп, ауыл­дарда түрлі үйірме ашыл­са, жас отбасылар өз аудандарына қо­ныс аударар ма еді. Айтқандай, «жұ­мыс ұсынамыз» деп қана жас­тарды ауыл­ға шақырғанымызбен, ниет біл­діретіндер некен-саяқ (себебі қа­ла­лық жерде жоғары білімді ма­ман­­дарға жұмыс көп). Сондықтан да жұ­­мыспен қатар жайлы баспана, қо­мақ­ты көтерме ақы ұсынылуға тиіс шығар. 

Ең бастысы, шеткері жатқан аудандар Мемлекет басшысының наза­рына ілініп, шешім жасалды. Ендігі қамданатын қадам – жалынды жастардың ауылдарына жана­шырлық жасап, халық санын қайта қалпына келтіруге үлес қосуы, туған жерде қызмет қылуы.

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Катонқарағай – Марқакөл