Пікір • 18 Маусым, 2023

Кітап оқу – зиялылық белгісі

1067 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Әділетті Қазақстан – Адал азамат» Ұлттық құрылтайының екінші отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев осынау тарихи даму кезеңіндегі идеологиялық жұмыстардың негізгі бағыттарын атап көрсетті.

Кітап оқу – зиялылық белгісі

Мемлекет басшысы мәде­ни мұраны сақтау мен насихат­­тау, өскелең ұрпақты тәрбие­леу мәселелеріне кеңінен тоқтал­ды. Ұлттық идеологияны қалып­тастырудың тиімді құралының бірі – кітап шығару ісімен тығыз байланысты екенін баса айтты.

Бізде басқа елдердің шетелдік өнімдері басым – әдеби кітаптардың 90 пайызға жуығы сырттан келеді. Бұл үрдістің салдары қандай болатыны айтпаса да түсінікті. Пре­зидент: «Ұлттық мүддеге сай келетін кітаптарды көптеп басып шығару өте маңызды. Смартфон баланың қолындағы кітаптың орнын баспауы қажет», деп атап көрсетті. Мемлекет басшысының ай­туынша, бүгінде еліміздің мектеп кітапханаларында 130 млн кітап бар. Алайда олардың ара­сында көркем әдебиеттің үлесі шамалы.

Президенттің «кітап оқитын халық қана нағыз зиялы бола алады» деген пікіріне толық қосы­ламын. Сондықтан өскелең ұрпақ­тың кітап оқуға деген қызығу­шылығын оятуға бар күш-жіге­рімізді саламыз.

Жазушылар одағы «Балалар кітапханасы» жаңа бағдарламасын жүзеге асыруға үлес қосуға әзір. Қазақ әдебиетінің түрлі кезеңі мен жанрын қамтитын кітап­тардың арнайы тізімін жасауға белсене атсалысуға дайынбыз.

Мемлекет басшысының тәу­лік бойы жұмыс істейтін пре­­зи­денттік кітапхананы салу туралы ұсынысы да жазушылар қауымынан қолдау тапты. Бұл кітаптарды қолжетімді етеді және қоғамда кітап оқуға деген қызығушылықты оятуға көмек­теседі. Ел Президенті Қазақстан Жазушылар одағының ұлттық идеология мен жаңа қоғам­дық этиканы қалыптастыру, соның ішінде кітап оқитын ұлтты дамыту сияқты маңызды істерге белсене атсалысуы керегіне назар аударды.

Бұл мәселелерде біз Мемле­кет басшысымен толық ынтымақ­тасамыз. Қазақ әдебиетінің дамуына ұдайы қолдау көрсетіп жүргені үшін одақ атынан, жеке өз атымнан алғыс айтамын. Заманауи авторлардың шы­ғар­малары сұранысқа ие болуы керек, сөреге шаң жинамауға тиіс. Бұл мәселе бо­йынша да жұмыс істейтін боламыз.

Сондай-ақ Мемлекет басшы­сы оқырмандарды рухани азық бере алатын тың туындылар күтіп тұрғанын қадап айтты. «Қазақ­станның халық жазушысы» ата­ғының қайтарылуы Жазушылар одағының жұмысына жаңа серпін беретініне сенімдімін. Бұл жоғары баға өзекті, қызықты, танымал туын­дылар жасаған авторларға ғана беріледі.

Президент ұсынған бастамалар – қоғамның барлық күші жұмыл­дырылуға тиіс үлкен жұмыстың бір парасы ғана. Шығармашылық зиялы қауым, жазушы қауым өкіл­дері болып жатқан тарихи өзгеріс­терден шет қалмауы керек. Біз Әділетті Қазақстанды құруға қа­тысу ісіндегі жоғары жауапкер­шілікті түсінеміз.

Жазушылар одағы жаңа қо­ғамдық әдеп пен жаңа даму пара­дигмасын қалыптастыру мәселе­лерін шешуге белсене атсалысады.

 

Мереке ҚҰЛКЕНОВ,

Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы