Статистикаға жүгінсек, Grand Slam турнирінде Қазақстан құрама командасының мүшелері жеті рет қана жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілген екен. Бір алтын және төрт жүлдеден артық алған кезіміз жоқ. Бұл жолы әнұранымыз бір-ақ мәрте шырқалғанымен, медаль саны мол болды. Соның нәтижесінде Астанадағы доданың жалпы командалық есебінде жерлестерміз төртінші орынға табан тіреді. Алдымызда – Испания (2 алтын+1 күміс+2 қола), Италия (2+0+0) және Франция (1+2+4) құрамалары. Үздік бестікті Жапония (1+1+0) дзюдошылары түйіндеді.
Қазақ елінің беткеұстар балуандары арасынан аталған жарысқа тек Елдос Сметов (60 кило) пен Әбиба Әбужақынова (48 кило) ғана қатыспады. Олар әлі де ескі жарақаттарынан толықтай айықпаған көрінеді. Сол себепті қос саңлақ бұл турнирден босатылды. Азия ойындарының жеңімпазы Дидар Хамза да (90 кило) бұл жолы бой көрсеткен жоқ. Қалған мықтылардың төрт көздері түгел болды.
Біздің дзюдошылар арасынан Мағжан Шамшадин асқан шеберлік танытты. Ол 2015 жылы жастар арасында әлем чемпионы атанғанда қуанбаған қазақ жоқ еді. Сол кезде білікті бапкерлердің өздері «Бұл баланың болашағы жарқын» десіп жатты. Бірақ бәрі біз күткендей болмады. Ересектер дуында Мағжанға өзін мойындату қиынға соқты. Сыр бойының сайыпқыраны ұзақ уақыт бойы дүбірлі додаларда үздіктер санатынан көріне алмады. Ал осы жолы ол керемет өнер көрсетті. 60 кило салмақта сынға түскен Шамшадин әзербайжандық Нәдір Талибов, өзбекстандық Бахром Ботуров, тәжікстандық Мерзод Суфиев және франциялық Седрик Револды ұтып, жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді.
66 кило салмақта күрескен Ғұсман Қырғызбаев ақтық сынға дейін алқынбай жетті. Тұсаускер кездесуінде соқыр жеребе оны ресейлік Яго Абуладземен жолықтырды. Дәл осы балуаннан қандасымыз 2021 жылы Будапеште өткен әлем чемпионатының финалында ұтылған еді. Бұл жолы Ғұсман кеткен есені қайтарып, атақты қарсыласын голден-скорда алып ұрды. Одан кейін моңғолиялық Нармандах Баянмұңх, әзербайжандық Камран Сулейманов және өзбекстандық Мұхиддин Тилововты тізе бүктірді. Финалда Қырғызбаевтың испаниялық Гарсия Торнеге әлі жетпеді.
Тағы бес жерлесіміз жеңіс тұғырының үшінші тұғырына көтерілді. 73 кило салмақтың қола медалін Жансай Смағұлов пен Данияр Шамшаев өзара сарапқа салды. Екеуінің жас айырмашылығы – бақандай тоғыз жас. Жансай – 30-да, Данияр – 21-де. Бұл бәсекеде жас жолбарыстың мысы басым болды. Шешуші тұста ширақ қимылдаған Шамшаев қарсыласының сәл кәдіріп қалған сәтін ұтымды пайдаланып, Смағұловқа сан соқтырып кетті. Осы салмақ дәрежесінің екінші қола медалі Асқар Нарқұловқа бұйырды. Күні бүгінге дейін көзге түспей, әлемдік рейтингте ТОП-100-дікке ене алмай жүрген 23 жастағы қазақ балуаны Астана төрінде өзін жақсы қырынан көрсетті. Ол ұлыбританиялық Оливер Шорт, IJF-тің тізімінде 12-орында тұрған өзбекстандық Шахрам Анадов, Еуропа чемпионы, косовалық Акил Гякова және жастар арасындағы әлем біріншілігінің күміс жүлдегері, грузиялық Георгий Терашвилиден басым түсті. Бұл – әзірге Асқардың спорттық мансабындағы ең қомақты табыс.
100 кило салмақ дәрежесінің қола жүлдесі үшін қазақтың қос қыраны таласты. Алғашқысы – екі бірдей Олимпиадаға қатысып, Азия ойындары мен чемпионатында жүлдегерлер қатарына қосылған 32 жастағы Ислам Бозбаев. Екіншісі – жасөспірімдердің Дүниежүзілік Универсиадасының жеңімпазы, 22 жастағы Бекарыс Сәдуақас. Бұл тартыста сақа спортшының мерейі үстем болды. Еліміздің ерлер құрамасының қоржынына тағы бір қоланы Ғалымжан Қырықбай салды. Алыптармен айқасқан қазақтың нар тұлғалы жігіті шешуші тұста жастар арасындағы әлем чемпионы, грузиялық Саба Инанейшвилиді қос жауырынымен жерге қадады.
Әйелдер арасындағы жарыста аса жеңіл салмақтағы Ғалия Тынбаева қола медаль үшін тартыста жеңіліс тапқаннан кейін енді бізге жүлде бұйырмайтын шығар деп ойладық. Айтқандай-ақ, татамиге шыққан бұрымдыларымыз бірінен кейін бірі ұтылып жатты. Алайда жарыстың соңғы күні Ақерке Рамазанова жергілікті көрермендерді бір қауантып тастады. 22 жастағы қазақ қызы бастапқы екі бәсекеде әлемдік рейтингте өзінен әлдеқайда жоғары тұрған екі қарсыласынан басым түсіп, жартылай финалда нидерландтық Марит Капске жол берді. Одан кейін франциялық Карен Стивенсонды ойсырата ұтып, қола медальді мойнына ілді. Дәл сол Стивенсон соның алдында ғана біздің Кәмиля Берліқашты жолынан ығыстырған еді.
«Qazaqstan Barysy Grand Slam 2023» турнирінің деңгейі жоғары болғаны соншалық, атағы алысқа жайылған балуандардың кейбірі жүлдеге қол жеткізе алмай, елдеріне еңселері езіліп қайтты. Олардың қатарында Олимпиада чемпиондары – Фабио Базиле (66 кило), Хасан Қалмұрзаев (81 кило), Пинот Марго (70 кило), Олимпиаданың күміс жүлдегері, әлем чемпионы Гурам Тушишвили (+100 кило), Олимпиаданың күміс және әлем чемпионатының бес дүркін жүлдегері Телма Мантейро (57 кило), әлем чемпионы Яго Абуладзе (66 кило), әлем чемпионатының жүлдегерлері – Хуссейн Қалмұрзаев (90 кило), Тома Никифоров (100 кило), Ушанги Кокаури (+100 кило) және тағы басқа сақа спортшылар бар.