Кәсіпкерлеріне қарқынды қолдау көрсетуді қолға алған «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауының өңірлік кезеңі өтті. Отандық өнімнің сапасын арттыру, ел нарығын бәсекеге қабілетті тауармен толықтыруға бағытталған жыл сайын ұйымдастырылатын шараға облыстағы 60 кәсіпорын, Ресейдің Астархань облысы думасының төрағасы Игорь Мартынов бастаған делегация, Маңғыстау облыстық кәсіпкерлер палатасы өкілдері мен еліміздің Ұлытау, Абай, Қостанай, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан облыстары мен Алматы қаласының бір топ кәсіпкерлері, бизнес қолдаушылары қатысты. Өңір басшысы Нұрлан Ноғаев әр кәсіпкер ұсынған тауарлар көрмесін аралап, қолдауын білдірді.
Байқау «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар», «Халыққа арналған үздік тауарлар» және «Үздік азық-түлік тауарлары» үш аталымы бойынша жүргізіліп, әр аталым бойынша үш-үштен - тоғыз жеңімпаз айқындалды. Жеңімпаздар арнайы жүлдемен марапатталды.
«Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» аталымы бойынша «КазАзот» АҚ, «Каскор-машзавод» ЖШС және «ОСС Қазақстан» ЖШС жеңімпаз атанды. Ал «Халыққа арналған үздік тауарлар» аталымында жеке кәсіпкерлер Әсел Жекенова, Илес Жұмаханұлы, Алдаберген Тіленбаев жеңіске лайық деп танылды. Сонымен қатар, «Үздік азық-түлік тауарлары» аталымы бойынша «Жаңаөзен сүт зауыты» ЖШС, «Korkem Alem» ЖШС, «MAGA-BREAD» ЖШС үздік шықты.
Расында да, шағын бизнесті дамыту және нығайту – мемлекеттің басты тапсырмаларының бірі. Қазір республикалық және жергілікті көлемде кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетілуде. Мәселен, өңірде тіркелген шағын және орта бизнес субъектілерінің саны өткен жылмен салыстырғанда 28% өсіп, 87 мыңға жеткен. Ашылған кәсіпкерліктердегі жұмыспен қамтылғандардың саны 23% өсіп, 155 мың адамға жетіп отыр. Салтанатты шарада жеңімпаз атанған барлық кәсіпкерлерді құттықтаймын. Оларға республикалық байқауда сәттілік тілеймін», деді облыс әкімі Нұрлан Ноғаев.
Өңірлік байқаудың 9 жеңімпазы «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауына жолдама алды.
Маңғыстау облысы