Спорт • 19 Маусым, 2023

61 медаль бұйырды

223 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елордада қоян-қолтық ұрыстан ересектер арасындағы VII әлем чемпио­на­ты өз мәресіне жетті. Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында­ ұйымдастырылған дүбірлі додада жер-жаһанның 32 елінен келген 312 спортшы бақ сынады. Олардың қатарында әлем мойындаған майталман жерлестеріміздің де бар екенін айта кеткен жөн.

61 медаль бұйырды

Үш күнге жалғасқан әлем чемпионатында Қазақстан ұлттық құрамасының спорт­шылары екі бағдарлама қоры­тын­дысы бойынша 61 медаль олжалап­ (21 алтын, 19 күміс және 21 қола), жалпы­ко­мандалық есепте бас жүлдеге ие болды. Екі спортшы арасындағы жекпе-жек тү­рінде ерлер – 8, әйелдер – 6 және 2 аб­со­лютті салмақта күш сынасты. Бұдан бө­лек, өзін-өзі қорғау бағдарламасында ер­лер – 11, әйелдер 8 салмақта кім мық­тыны анықтады. Тағы бір айта кетер­лігі, жарыс қожайыны ретінде ең көп спортшыны (65 адам) Қазақстан құра­ма­сы қосты.

Сонымен қатар 7 алтын, 7 күміс және 15 қола медальді қоржындарына салған Ресей құрамасы жалпыкомандалық есепте екінші орынға ие болса, үздік үштікті Өзбек­стан спортшылары түйіндеді. Олар­дың еншісінде 25 жүлде бар (7 алтын, 6 күміс, 12 қола). Кейінгі орындарға Мол­дова (1 күміс, 1 қола), Қырғызстан (6 қола)­ мен Таиланд (3 қола) құрамалары жай­ғасты.

Жарыстың жабылу салтанатында Мә­дениет және спорт министрі Асхат Оралов, Мемлекеттік күзет қызметінің бас­шысы, Қазақстан қоян-қолтық ұрыс қа­уымдастығының президенті, генарал-майор Сәкен Исабеков, Халықаралық қоян-қолтық ұрыс федерациясының пре­зиденті Сергей Астахов қатысып, жүл­де­гер­лерді марапаттады.

«Бүгінде еліміз бойынша қоян-қол­тық­ ұрыстың 500-ге жуық секциясы жұмыс істейді, онда 22 мың­нан астам адам осы спортпен шұғылданады. Жек­пе­-жек түрлері Қазақстанда өте танымал, сондықтан бұл спорт түрінің елі­мізде болашағы зор деп білемін. Халық­аралық қоян-қолтық ұрыс федерация­сы­на, сондай-ақ бүкілқазақстандық қоян-қолтық ұрыс қауымдастығына және оның президенті – Мемлекеттік кү­зет қызметінің бастығы, генерал-майор Сәкен Исабековке айрықша алғыс айт­қым­ келеді. Мұндай турнирлердің спорт пен­ саламатты өмір салтын насихаттауға қоса­тын үлесі орасан зор, сондықтан біз осындай жарыстарды елімізде мүм­кін­ді­гін­ше жүйелі түрде өткізу үшін жұмыс іс­тейміз», деді А.Оралов.

Жалпы, қоян-қолтық ұрыс – күш қо­л­данатын бірнеше спорт түрінің қо­сындысынан шыққан. Жекпе-жек тү­рін­де екі спортшы бір-бірімен күш сынас­са, өзін-өзі қорғауда жекелей және жұп­тық­ сында шабуылдан қалай қорғану ке­ре­­гі көрсетіледі. Мұнда әр жаттығу 5 қор­ға­ныс­ әдісінен топтастырылған.