Саясат • 20 Маусым, 2023

Жалған статистика жарға жығады

1757 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Мәжілісте қант қызылшасы өндiрiсiн ұлғайту, жеміс-көкөніс өнiмдерi импортын алмастыру, оларды өңдеу және сақтау мәселелері бойынша Үкімет сағаты өтті. Жиын барысында осы бағыттағы өзекті проблемалар талқыланды.

Жалған статистика жарға жығады

Үкімет сағатында кіріспе сөз сөйлеген Мәжіліс төрағасының орынбасары Альберт Рау биыл инфляция 21,3 пайызды құрап, рекордтық деңгейге жеткенін атап өтті. Ал осы кезеңде көкөніс 27,9 пайызға қымбаттаған.

«Үкімет пен әкімдіктердің әлеу­меттік маңызы бар азық-тү­лік тауарлары бағасын өсірмеу жөніндегі қабылдаған шаралары нәтиже бермей отыр. Оның үстіне картоптың да, қанттың да, пияздың да бағасы негізсіз ойнақшып тұрады. Бұл жағдайдан шығудың бірден-бір жолы – еліміздегі азық-түлік өнімдері өндірісін дамыту. Жеміс-көкөніс өнімдерімен, оның ішінде қантпен өзін-өзі толық қамтамасыз ету», деді А.Рау.

Бұдан кейін Ауыл шаруашы­лығы министрі Ербол Қарашөкеев баяндама жасады. Оның келтірген деректеріне сәйкес кейінгі 3 жыл­­да көкөніс дақылдарының егіс алаң­ы 10,5 мың гектарға ұл­ғай­ды. Осылайша, жалпы көлемі 169,7 мың гектарды құрап отыр. Со­ның ішінде сәбіз алқабы 1,0 мың гек­тарға, қияр алаңы 2,1 мың гек­­тарға, пияз 4,5 мың гектарға ұл­ғайды.

«Көрсетілген кезеңде көкөніс дақылдарының орташа өнімді­лігі артты. Мәселен, 2019 жылы 260,5 ц/га­ өнім түссе, 2022 жылы 271,4 ц/га көбейді. Өз кезегінде көкөніс дақылдарының жалпы өнімі 653 мың тоннаға ұлғайып, 2022 жылдың қорытындысы бойынша 4,8 млн тоннаны құрады. Оның ішінде әлеуметтік маңызы бар да­қылдардың жалпы түсімі артты. Пияз 187,8 мың тоннаға (1 114,0 мың тонна), сәбіз түсімі 17,2 мың тонна (621,4 мың тонна), қияр 74,1 мың тонна (568,7 мың тонна), қызанақ 10,7 мың тонна (801,2 мың тонна) болды. Картоп өндіру бо­йын­ша да жағдай осындай. Кейінгі үш жылда егіс алаңы 7,6 мың гектарға ұлғайды. 2022 жылдың қорытындысы бойынша 198,9 мың гектарды құрады. Өнімділік 203,4 ц/га­-дан 205,3 ц/га-ға дейін артты. Жалпы, алым 168,4 мың тоннаға ұлғайып, 4,1 млн тоннаға жетті», деді Е.Қарашөкеев.

Министрдің айтуынша, би­ыл­­ көкөніс дақылдары 173,5 мың гек­тарға, картоп 197,6 мың гектар­ға егілген. Бұл ішкі нарықты қам­та­масыз етуге жеткілікті. Мау­сы­м­аралық кезеңде халықты өнім­мен қамтамасыз ету үшін бір­қатар шара қа­былданған екен. Біріншіден, жыл сайын ерте пісіп-жетілетін дақыл­дардың алаңы ұл­ғайып келеді. Екіншіден, жылы­жайда өсірілетін көкөністерді жеткілікті мөлшерде өндіруге ба­сымдық беріледі.

«2022 жылдың қорытындысы бойынша жылыжайлардың алаңы 1,2 мың гектарды құрады. Жылы­жайда өсірілетін қызанақ пен қияр­­дың жалпы өнімі 177,5 мың тоннаға жетті. Кейінгі үш жылда өнер­кәсіптік жылыжайлардың алаңы 31,7 гектарға ұлғайып, 2022 жыл­дың қорытындысы бойын­ша 218,9 гектарға теңесті», деді Е.Қа­рашөкеев.

Бұдан бөлек, сала басшысы жылыжайға қатысты өзекті мә­селелерді атап өтті. Мәселен, фер­мерлік жылыжайлар алаңының төмендеуі байқалады, соңғы 3 жыл ішінде 62 гектарға төмендеген. Сондай-ақ көмірмен қамтамасыз ету мәселесі туындаған.

«Көкөністер мен же­містерді сақтайтын қажетті ин­фрақұры­лым құру жұмыстары жүргізі­ліп жатыр. Мемлекет бас­шысы­ның тапсырмасы бойынша 2021 жылдан бастап 2025 жылға де­йін көкөніс қоймаларын салу және жаңғырту жөніндегі кешен­ді жоспар әзірленіп, іске асырылады. 2021-2022 жылдарға ар­налған кешенді жоспар шең­берінде жоспардағы жалпы қуат­тылығы 181,5 мың тонналық
36 жо­баның орнына жалпы сақтау кө­лемі 200,8 мың тонна болатын 37 жоба іске асырылды, яғни жос­пар 110 пайызға орындалды», деді Е.Қарашөкеев.

Сонымен қатар министр бау-бақша шаруашылығының жай-күйін баяндады. Оның айтуынша, нарықты алмамен толық қам­­тамасыз ету көзделген. Осы бағытта 2014 жылдан бастап ин­вес­тициялық субсидиялар ен­гізіле отырып, өнеркәсіптік алма бақ­тарының алаңы 21,7 мың гек­тардан 28,9 мың гектарға дейін өскен. Ал ұйымдасқан шаруа­шы­лықтардағы жалпы өнім 92 мың тоннадан 205 мың тоннаға жеткен.

«Жалпы, аталған кезеңде бар­лық алма бағының алаңы 30,3 мың гектардан 35,7 мың гектарға дейін ұлғайтылды. Жалпы өнім 157 мың тоннадан 267,9 мың тон­наға дейін артты. 2024 жылға қа­рай алманың жалпы өнімі 352,5 мың тоннаға дейін жеткізу жос­парланған. Бұл ішкі нарықтың қажеттіліктерін толық қамтамасыз етеді», деді Е.Қарашөкеев.

Бұдан бөлек, көшет және тұ­қымдарға қатысты мәліметпен бө­лісті. Осы орайда, ауыл шаруа­шы­­лығы дақылдарының селек­циясы мен тұқым шаруа­шылы­ғын да­мытудың 2024-2028 жылға ар­налған кешенді жоспарының жобасы әзірленгенін атап өтті. Сон­дай-ақ суды үнемдеу бо­йынша атқарылып жатқан жұ­мыстарға тоқталды.

«2022 жылы су үнемдеу технологиялары қолданылатын жерлер 21 мың гектарға ұлғайтылды, нақты орындалуы 105 пайызды құ­рады. Биыл мұндай жерлердің аума­ғын 300 мың гектарға дейін жет­­­кізу көзделіп отыр. Ал 2030 жылға қарай алаңдар 750 мың гек­тар­ға дейін жетеді», деді Е.Қа­ра­шөкеев.

Бұдан бөлек, сала басшысы қант өндірісін дамыту ша­раларына тоқталды. Кейінгі бес жылда қант қы­зыл­шасының орташа жалпы өнімі 450,0 мың тоннаны құраған. Сондай-ақ 2026 жылға қарай егіс алаңын оң­түстік өңірлерде 38 мың гектарға дейін ұл­ғайту көздел­ген. Осылайша, им­порт көлемі 17 пайызға дейін азаю­ға тиіс.

«Фермерлерді қолдау және фермерлер үшін оны өндірудің рен­табельділігін арттыру мақса­тында биыл қант қы­зыл­шасын сатып алу бағасы, сондай-ақ субсидия мөлшері ұл­ғай­тылды. Мәселен, қант за­уыт­­тары тоннасына 15 мың теңге, ал мемлекет 25 мың теңге суб­сидия­ төлейді. Бұдан басқа, мем­ле­кеттік қолдау шараларын же­тілдіру жөніндегі жұмыс шең­берінде қызылша жинайтын комбайндарды, сепкіштер мен сабақ­кескіштерді сатып алуға өтем­ақы нормативін 50 па­йызға дейін арттыру мәселесі пысық­та­лып жатыр», деді Е.Қарашөкеев.

Бұдан кейін сөз алған Мәжі­лістің Аграрлық мәселелер коми­те­тінің төрағасы Серік Егізбаев салаға қатысты бірқатар мәселені атап көрсетті. Депутаттың айтуын­ша, орталық мемлекеттік органдар және жергілікті атқарушы органдардың осы бағыттағы сала­аралық іс-әрекеттері үйле­сімсіз әрі тиімсіз жұмыс істейді.

«Экология министрлігі – сумен қамту, Энергетика министрлігі – энергия тасымалдағышарды уақ­тылы жеткізу және ауыл шаруа­шылығы тауар өндірушілерді қол­дайтын тарифтер, Сауда министр­лігі – импорт және экспорт, сауда желілерімен өзара іс-қимылды ұйымдастыру мәселелері бойынша Ауыл шаруашылығы ми­нистр­лігімен бірлесіп ор­тақ ше­шім қабылдамайды. Әкім­діктер әлеуметтік кәсіпкерлік кор­по­ра­циясының тиімді жұмы­сын және бірінші кезекте ауыл­да сер­вистік-дайындау желі­лерін ұйым­дастыруды дұрыс жолға қоймаған. Ауыл шаруа­шылығы ми­нистрлігі шаруалар­дың мүд­десін қорғайтын және мемле­кеттік органдардың жұмысын үйлес­тіретін ықпал­ды орган бола алмай отыр», деді С.Егізбаев.

Депутаттың айтуынша, ста­тис­­каның анық әрі дәл болмауы Үкімет қабылдаған шаралардың тиім­­ділігін жоққа шығарады. Бұл бүкіл ауыл шаруашылығы са­ла­­сындағы жүйелі проблемаға айнал­ғанын атап өтті.

«Статистикалық деректер са­­ладағы нақты ахуалды, іс­тің мән-жайын көрсетпейді. Ауыл­ шаруашылығы өнімдерін өн­ді­руге қатысты статистика­да асы­ра сілтеу­шілік бар. Мұн­дай жағдайға әкімдіктер қызметін бағалаудың нәтижесінде олар­дың арасында көп жылдан бері қа­лыптасқан өзара жасырын бә­секелестік ықпал етіп отыр. Жер­­гілікті атқарушы орган­дар­дың қызметіне осылай баға беру­ден бас тартып, жұмыс тиім­ді­лігін баға­лаудың басқа әдіс­те­ріне көш­кен дұрыс. Үкімет ста­­тис­ти­калық деректердің анық­ты­ғын қамтамасыз ету үшін мәлі­мет­­терді жинау мен есепке алу жол­дарын қайта қарау қажет деп есеп­тейміз», деді С.Егізбаев.

Сондай-ақ депутат ауыл ша­руашылығын дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға қарамастан, саладағы түйткілді мәселе көп екенін атап өтті. Мәсе­лен, әлі күнге көшеттерді сырт­тан импорттаймыз. Тыңайт­қыштар да негізінен шетелден тасы­мал­да­нады. Оның үстіне, шет­ел­ден әкелінген тауарлардың кей­бірі карантин талаптарына сай емес. Депутат қант бойынша да жағдай күрделі екенін атап өтті.

«Үкімет 2022 жылы жалпы бюджеті 495 млрд теңге болатын қант саласын дамытудың кешенді жоспарын қабылдады. Былтыр 3,6 млрд теңге көлемінде субсидия игерілді, биыл 14,1 млрд теңге бөлінді. Алайда осындай қомақты мемлекеттік қолдауға қарамастан, даму үрдісі теріс динамиканы көр­сетіп отыр. Мысалға, 2020 жылы отан­дық шикізат негізінде ішкі сұра­ныстың 9 пайызы қамта­ма­сыз етілсе, 2021 жылы – 7 па­йыз, ал 2022 жылы 6 пайызға дейін төмендеді. Парадокс: ақшаны кө­бі­рек игереміз, өнімді азырақ ала­мыз», деді С.Егізбаев.

Жиында көтерілген мәселелер бойынша ұсыным әзірленіп, Үкі­метке жолданады.