Жаңаарқа ауданының тұрғыны Ерсін Тәжмағанбетов жертөледе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде жерге көмілген тапаншаға ұқсас затты тауып алған.
Аудан тұрғыны бірден полицияға хабарласып, табылған затты өткізген. Облыстық полиция департаментінің жедел-криминалистерінің сарапшылары жүргізген зерттеу барысында бұл қарудың бір ғасырға жуық тарихы бар екені белгілі болды.
Полицейлер қаруды тапсырған азаматқа алғысын айтты. Табылған тапанша тарихи жәдігер ретінде алдағы уақытта облыстық музейге тапсырылады.
Айта кетейік, Намбу 14 тапаншасы 1925 жылы Намбудың 4 тип тапаншасының дизайны негізінде жасалған Жапон тапаншасы. Намбу тапаншалары 1920-1940 жылдардағы Жапон императорлық армиясының негізгі жеке қаруы болған, олар Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғанға дейін шығарылды.