Әдебиет • 20 Маусым, 2023

«Жасай бер, жайнай бер, Астана!» республикалық жыр мүшәйрасы мәреге жетті

542 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Астана қаласының 25 жылдық мерей тойына арналған «Жасай бер, жайнай бер, Астана!» атты аламан жыр жарысына республикамыздың түкпір-түкпірінен белгілі жыр жүйріктері бастап, жас талапкерлер қостап 100 ден аса ақын қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Жасай бер, жайнай бер, Астана!» республикалық жыр мүшәйрасы мәреге жетті

Тәуелсіздіктің алтын белгісі - Астананы жырға қосып, азаттықты жарқырата ашу оңай шаруа емес екені екінің біріне белгілі. Алайда мүшәйра жүлдесінен үміткерлердің көп ізденіп, көп толғанғаны көңіл қуантады. Ақындардың көпшілі Астананы жалаң жырлап, жұқа ойдан ары аса алмағаны байқалады. Алайда «алуан-алуан жүйрік бар әліне қарай жүгірер» дегендей Астананы өзінше жырлап, өрнекті өлеңдерімен суырыла шапқан таланттар көп болды.

Мүшәйраға түскен шығармалардың ішінде көлемді дастандар да болды. Конкурс шартында поэма болмағандықтан ол шығармалар қазылар алқасының талқысына ұсынылмады.

Белгілі қаламгерлерден құралған қазылар алқасы мүшәйраға қатысқан шығармаларды сұрыптай келе 12 ақынға бәйге берді.

ҚР Жазушылар одағының хатшысы, Астана қаласы филиалының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Дәулеткерей Кәпұлы қазылар алқасына төрағалық етті. Құрамда Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Несіпбек Айтұлы болды. Несіпбек Айтұлы мүшәйраны ұйымдастырушы ретінде төрт ай бұрын жарияланған мүшәйраға түскен өлеңдерді қатаң іріктеп, додаға түскен жырлардың бағыт-бағдарын бағамдады. Сыни көзқараспен іріктелген жетпістен астам өлең қазылар алқасының талқысына түсті. Қазылар құрамында ҚР Жазушылар одағының мүшесі, Мәдениет қайраткері, ақын Сұраған Рахметұлы, Филология ғылымдарының докторы, ақын Бауыржан Жақып, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Жанболат Аупбаев болды.

Сарапшылар барынша сын көзбен қарап, талғам таразысына салып, бәйгеге қатысқан әр өлеңге көркемдік тұрғыдан баға беріп, әділет биігінен көрінуге тырысты. Мүшәйра төл Астанамызға арналғандықтан өлеңдердің ойлары тұнық, парасты биік, мазмұны жан-жақты болуын қадағалап, баға жетпес Тәуелсіздік ұғымын асқақтата жырлауды басты назарда ұстады.

Сонымен қазылар алқасы ақылға салып, кеңесе келе бас бәйгені «Астананың аспаны» деген топтама өлеңдері үшін белгілі ақын, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ғалым Жайлыбайға беруді жөн санады.

Бірінші орын жас ақын, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Арман Шеризаттың «Азаттық мұнарасы» атты өлеңіне берілді.

Екінші екі орынның бірі қазақтың қабырғалы ақыны, Мұрат Шаймаранның «Топырақ» атты топтама өлеңдеріне бұйырды.

Екінші орынның екіншісі «Тәуелсіздік көшесінің тұрғыны» өлеңі үшін белгілі ақын, Республикалық «Түркістан» газетінің бас редакторы Бауыржан Бабажанұлының қанжығасына байланды.

Үшінші үш орын белгілі ақындар Дүкен Мәсімханұлының «Астанам менің айбыным» өлеңдер топтамасына, Елена Әбдіхалықованың «Астана. Бастау» өлеңдер топтамасына, Әбдіғани Бәзілханның «Бөгенбайдың Қараөткелі» толғауына берілді.   

Бес ынталандыру сыйлығы Шырын Толқынова (Алматы облысы) Ұларбек Нұрғалым (Астана), Назгүл Бердіқожа (Қызылорда), Бақытжан Раисова (Өскемен), Бағдат Мүбәрак (Алматы) қатарлы ақындарға бұйырды.