Статистикаға көз жүгіртер болсақ, футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы да, ішкі чемпионатта доп тебетін командаларымыз да бұған дейін Ұлыбритания жерінде өткен бірде-бір ойында жеңіске жетпеген екен. Мәселен, 2008 жылы біздің жігіттер «Уэмблиде» Англия құрамасынан – 5:1, 2019 жылы Глазода Шотландиядан 3:1 есебімен жеңілген. Сондай-ақ Еурокубок бәсекелерінде бақ сынап жүрген «Астана», «Қайрат», «Шахтер» командалары әр жылдары Біріккен Патшалықтың «Селтик», «Абердин», «Манчестер Юнайтед» сияқты клубтарымен кездесіп, Британиядағы барлық ойында алаң иелерінің мықтылығын мойындауға мәжбүр болып жүр еді.
Осындай сәтсіз ойындар сериясынан кейін көп жанкүйер кешегі матч алдында жерлестеріміз тең нәтижеге қол жеткізсе, біз үшін өте тәуір жетістік болар еді деп болжам жасаған-тын. Алайда біздің футболшылар жанкүйерлерге үлкен тосынсый дайындап қойған екен. Белфасттағы 19 мың жанкүйерге арналған «Уиндзор Парк» стадионындағы тартысты кездесуде отандастарымыз Солтүстік Ирландия құрамасымен жасыл алаңда алғаш рет жолығып тұрса да, алаң иелерін соңғы минутта сан соқтырып кетті. Ел құрамасы сапынан кездесудегі жалғыз әрі жеңіс голын ойынның 88-минутында Абат Айымбетов соқты. «Астана» клубының шабуылшысы допты өз аймағымыздан қабылдап, бір өзі қарсылас команданың үш футболшысын оңай алдап өтіп, допты Бэйли Пикок-Фаррел қорғаған қақпаға дәл бағыттады – 1:0.
Осылайша, Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңінде қатарынан үшінші ойында жеңіске жеткен жерлестеріміз Н тобының турнир кестесінде тоғыз ұпай жинап, Финляндиямен бірге көш бастады. Суоми елінің өкілдері бұл турда Сан-Маринодан 6:0 есебімен басым түсті. Ал Дания мен Словения бір-бірімен тең ойнап (1:1), жеті ұпаймен үшінші және төртінші орындарға орналасты.
Магомед Адиев шәкірттері келесі тур ойындарын күзде өз алаңымызда Финляндия (7 қыркүйек) және Солтүстік Ирландия (10 қыркүйек) футболшыларымен өткізеді.