Ауыр атлетика федерациясы таратқан мәлімет бойынша допингпен ұсталған спортшылардың қатарында 2018 жылы Ашғабаттағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, 2021 жылы Ташкентте өткен жаһан біріншілігінің жеңімпазы, 2020 жылғы сары құрлық додасының екі дүркін қола және күміс жүлдегері, сонымен қатар Азия чемпионы деген дардай атағы бар Арли Чонтей, жуырда ғана Оңтүстік Кореяның Чинджу қаласында ұйымдастырылған Азия чемпионатының алтын медаль иегері, жастар арасындағы Азия чемпионы және әлем чемпионатының күміс жүлдегері, мамандар тарапынан Париж Олимпиадасында ел қоржынына жүлде салуы мүмкін деген спортшылардың қатарында болған 23 жастағы Нұрғиса Әділетұлы, ересектер арасындағы әлем және Азия чемпионатының қола жүлдегері Алексей Чуркин, Азия чемпионатының қола және күміс жүлдегері Артем Антропов, былтырғы жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатының жеңімпазы Денис Полубояринов, сонымен қатар жасөспірім қыздар арасындағы Азия чемпионатының күміс жүлдегері Алина Колиушко мен қола жүлдегері Екатерина Алякина бар.
«12 маусымда Ауыр атлетика федерациясы Халықаралық тестілеу агенттігінен (ITA) еліміздің ұлттық құрамасының спортшысы Артем Антроповтың допинг-сынамасы оң нәтиже көрсеткені туралы хабарлама алды. Спортшы допинг сынаманы 12 мамырда Оңтүстік Кореяда өткен Азия чемпионатынан кейін тапсырған болатын. Ал өзге спортшылардан допинг сынама сәуір айында жарыстан тыс жағдайда алынып, оның ішінде алты ауыр атлетіміздің қанынан тыйым салынған препарат табылғаны анықталып отыр. Бүгінгі күні спортшылар допингке қарсы ережелерді бұзғаны туралы хабарлама алды. Оларға тағайындалатын жаза түрі әрқайсысы қолданған препаратын және толық тергеудің нәтижесі бойынша қабылданады. Жоғарыда аталған спортшылардың барлығы қазіргі уақытта спорттық іс-шаралар мен оқу-жаттығу жиындарынан уақытша шеттетілді.
Федерация «таза спорт» саясатын ұстана отырып, оқиғаны тәуелсіз тексеру үшін комиссия құрды. Тергеу кезеңінде комиссия құрамы спортшылардың допингті кез келген тамақ түрі арқылы абайсызда пайдаланғанын немесе допинг екенін біле тұра қасақана қолданғанын анықтайды. Тексеру үшін спортшылардан дайындық кезеңінде жеген, қабылдаған спорттық тамақтары мен витаминдерінің үлгілері алынды. Сондай-ақ спортшыларға «Б» сынамасын қайта тапсыруға мүмкіндік жағын беру де қарастырылып жатыр», делінген хабарламада.
Сонымен қатар федерация спортшыларды тергеу жұмыстарынан бөлек, жұмысына салғырттық танытқаны үшін еліміздің ерлер және әйелдер құрама командаларының бас жаттықтырушыларын қызметінен босату туралы министрлікке өтініш жолдағаны белгілі болды.
Допингке қарсы ұлттық орталығының мәліметі бойынша жыл басынан бері 14 тау көтерген «толағайымыз» допингпен ұсталып отыр. Наурыз айында Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Игорь Сон бастаған жасөспірімдер арасындағы әлем және Азия чемпионы Рахат Бекболат, жасөспірімдер арасындағы әлем және Азия чемпионатының қола жүлдегері Абылай Әуелханов және тағы басқа спортшыларымыздың да допинг қолданғаны анықталып, төрт жылдан сегіз жылға дейін спорттан шеттетілген болатын.