Спорт • 21 Маусым, 2023

Алтын белбеу үшін айқасады

333 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Біз бұған дейін 23 маусымда Алматыда Ural FC пен Naiza промоушендерінің бірлескен турнирі өтетіні және сол жарыстың басты жекпе-жектерінде Ғалымжан Жасы­ланов (Қазақстан) пен Вячеслав Дацик (Ресей) және Дәурен Ермеков (Қазақстан) пен Руслан Шами­лов­тің (Ресей) шеберлік байқасатыны жайында жазған едік.

Алтын белбеу үшін айқасады

Жуырда ғана аталған жарыстың карды тағы бір қызықты бәсекемен толықты. Атап айтсақ, супер жеңіл салмақтың (53 кило) алтын белбеуін қазақтың қос қыраны – Қазыбек Сағын мен Бағдат Жұбаныш өзара сарапқа салады. Бұл есімдер спортсүйер қауымға жақсы таныс. 29 жастағы Қазыбек Алматыда іргета­сы қаланған DAR Pro Team клубының намысын қорғайды. Кезін­де ол – қоян-қолтық айқастан әлемнің үш дүркін чемпионы атан­ды. Аралас жекпе-жектен төрт кездесу өткізіп, барлығында айқын басымдық танытты. Былтырғы жылдың қараша айында Ақтө­беде өткен турнирде Сағын ағылшын файтері Джон Шинкті қыл­қындырып тастап, Naiza лигасының чемпиондық белбеуін иеленді.

Бағдат Қазыбектен екі жас кіші. Ол – Ақтөбенің «Еркін күш» клубының мүшесі. Осыған дейін қазақ спортшысы әуесқойлар арасында табысты өнер көрсетіп, 10 кездесудің барлығында жеңіске жетті. Кәсіпқойлардың са­йысында да Жұбаныш өзін жақсы қырынан көрсетіп, екі қарсыласын да «қылқындыру» әдісімен жеңді. Тағы бір айта кетерлігі, қандасымыздың ММА-дан үш дүркін әлем чемпионы деген дардай атағы бар.

Жоғарыда есімдері аталған қос саңлақ осыдан бірнеше жыл бұрын ММА-дан өткен әлем чемпионатының финалында күш сынасты. Аса шиеленісті өткен сол жекпе-жекте­ Бағдат Жұбаныш төрешілердің шешімімен жеңіске жеткен еді. Енді өзінің чемпиондық атағын сақтап қалу үшін ол барын салатыны анық. Ал Қазыбек Сағын осы жолы өзінің мықтылығын мойындатып, алтын белбеуді иеленетініне сенімді. Сол себепті де бұл қарымта кездесу Қазақстанның барша жанкүйерінің ерекше қызығушылығын тудырып отыр.