Балалар • 21 Маусым, 2023

Туған елге саяхат

339 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Еліміздің өңірлерінен іріктелген ең дарынды балалар кеше Елордадағы Нұрлы жол вокзалынан «Самұрық-Қазына» АҚ 15 жылдығына орай ұйымдастырылған «Туған елге саяхат» сапарына аттанды. Іс-шара аясында 10-15 жас аралығындағы 600 бала жаз мезгілінде еліміздің көрікті жерлерін аралап, экскурсиялық пойызда ұмытылмас демалыс өткізеді.

Туған елге саяхат

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

Астана – Байқоңыр – Түркістан – Алматы – Бурабай  –  Астана бағытымен сапарға аттанған бала­лар­дың алғашқы легін шығарып салу рәсіміне «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Ләззат Сүлеймен, Қор құрамындағы портфельдік компаниялар басшылары, балалар және олардың ата-аналары қатысты.

чсм

«Бүгін – біз үшін де, балалар үшін де тарихи күн. Өйткені еліміздің болашағы саналған жас жеткіншектеріміз алғаш рет үлкен сапарға аттанып бара жатыр. Олар табиғаты таңғажайып жерлерді аралап, еліміздің көрікті мекендерін көзбен көріп қайтады. Сондықтан балаларға бұл сапардан үлкен әсер алып, демалыстан көп күш-жігер жинап қайтыңыздар деп тілек айтқым келеді. Сапарларыңыз сәтті болсын!», деді Нұрлан Жақыпов.

вап

Ләззат Сүлеймен елімізде тарихи орындар мен заманауи сәулетпен үйлестірілген табиғаттың бірегей ескерткіштері көп екенін айта келіп: «Ұшса құстың қанаты талатын кең-байтақ Отанымыздың көрнекті орындарына бару сіздер үшін тарихи және сәулеттік ескерткіштерді зерттеудің жаңа бастамасы болатынына сенімдімін», деді.

Саяхатқа аттанғандар арасында Қазақ­станның түкпір-түкпірінен «Өз өңірімді өркендеткім келеді» шығар­машылық байқауының жеңім­паздары, сондай-ақ «Самұрық-Қазына» АҚ ком­паниялар тобы­ның өндірістік кәсіп­орындары қызмет­керлерінің балалары бар.

Жобаның басты мақсаты – бала­лардың танымын арттырып, болашақ мамандықты таңдауға бағдарлау, өз хал­қының мәдениетіне,   қоршаған ортаға құрметін күшейту дейді ұйым­дас­тырушылар.

Мәселен, Байқоңыр қаласында балалар «Қорқыт ата» мемориалдық кешеніне барып, ғарыш айлағының мұражайымен танысып, зымыран макетін ұшырып көреді. Өрендердің танымдық саяхаты ел көлемінде арнайы бағдарлама бойынша жалғасады.