Үкімет • 21 Маусым, 2023

Республикалық бюджет есебі бекітілді

217 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Кеше Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтті. Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша депутаттар Конс­ти­ту­циялық соттың «Қазақстан Республикасындағы конс­ти­туциялық заңдылықтың жай-күйі туралы» жолдауын тыңдады.

Республикалық бюджет есебі бекітілді

Конституциялық сот төрағасы Эльвира Әзімова 2022 жылғы конституциялық реформаның нә­тижесінде Конституциялық сот құрылып, азаматтарға осы органға қорғау үшін жүгіну құқығы беріл­генін атап өтті.

«Бес ай ішінде үш мыңнан астам азамат өз құқықтарын конс­ти­туциялық қорғауға жүгінді. Бұл цифрлар азаматтардың жаңа органға деген жай ғана қызығу­шы­лығының дәлелі емес, өтініш беру­шілердің әрқайсы­сының өз құ­қықтарын қорғау ниетін растайды. Бұл ретте Қазақстан заңнамасында Конституциялық сотқа жүгінгенге дейін құқықтық қорғаудың барлық басқа құра­лын қолдану туралы талап жоқ», деді Э.Әзімова.

Азаматтың конституциялық жүгіну институты қоғамның, мем­лекеттік аппараттың және азамат­тың конституциялық құқықтық сана мен құқықтық мәдениет деңгейін арттыруды талап етеді. Жолдау қорытынсы бойынша Пар­ламент Конституциялық соттың жолдауын назарға алу туралы шешім қабылдады.

 

Экономика жанданып келеді

Бұдан кейін Үкіметтің және Жоғары аудиторлық палатаның 2022 жылғы рес­пуб­ликалық бюд­жет­тің атқарылуы туралы есеп­терін бекіту жөніндегі мәселе қа­рал­ды. Бірінші болып Премьер-министрдің орын­басары – Қаржы министрі Ерұлан Жамау­баев баяндама жасады. Ведомство басшысы елдегі ахуал туралы баяндай келе, был­тыр пандемиядан кейін экономиканың жан­дана баста­ғанын жеткізді. Мәселен, ішкі жалпы өнім көлемі 3,3 пайызға өскен. Сондай-ақ Жоғары аудиторлық палатаның Үкімет есебіне берген негізгі ескертулерін түсіндірді.

«Жоғары аудиторлық палата салық жеңілдіктері есебінен бюд­жетке түспеген қомақты қара­жат­ты көрсеткен. Бұл ретте, осы са­лық жеңілдіктерінің көбісі стандартты болып табылады және жалпы әлемдік тәжірибеге сәйкес келетінін атап өту керек. Дегенмен салық жеңілдіктерін айқындау, оңтайландыру және мониторингтеу бо­йынша Жоғары аудиторлық палатаның ұсынымдары Үкіметтің жұмысында, сондай-ақ жаңа Салық кодексін әзірлеу шеңберінде ес­ке­ріледі. Қорытындысында экспорт­тық-импорттық статистикадағы ал­шақтық және көлеңкелі эконо­мика бойынша қабылданған ша­­ра­лардың жет­кіліксіз әсері ту­­ра­­лы көрсетілген. Жалпы, әлем­­дік тәжірибеде барлық ел­дер­де тауарлардың сыртқы сауда­сы­ның кедендік статистикасы де­ректерінде әріптес елдермен сәй­кес­сіздіктер бар. Бұндай алшақ­тықтың негізгі себебі сыртқы сауда статистикасын қалыптастырудың әдістемелік ерекшелігінде. Де­ген­мен ал­шақ­тықтарды азайту мақсатында бірқа­тар жүйелі ша­ра қабылданып жатыр. Тауар­ларға арналған декларациялар­ды бақылау және шығару үшін кедендік функцияларды орталық­тандыру жүзеге асырылды», деді Е.Жамаубаев.

Сондай-ақ министр кеден саласын тәр­тіп­ке келтіру бойынша атқарылып жатқан жұмысқа тоқталды. Мәселен, былтыр тек Қытайдан келетін тауарлар бо­йынша бюджетке 465 млрд теңгеге кедендік төлем мен салық түскен. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 60 пайызға артық. Көлеңкелі экономика деңгейін төмендету үшін кешенді жұмыс атқарылып жатқанын да жеткізді. Соның аясында кейінгі 4 жылда бюджетке қосымша 3 трлн теңгеден аса қаражат түскен.

«Ұлттық қордың қаражатын үнемдеу саясатын жалғастыру мақ­сатында респуб­ликалық бюджетке берілетін трансферттер қаражатын біртіндеп азайту жалғасады. Сон­дай-ақ Ұлттық банкпен бір­лесіп, оның инвестициялық кіріс­терін арттыруға қатысты шаралар қа­был­данып жатыр. Бұл Мем­лекет басшысының Ұлттық қор­дың қаражатын 2030 жылға қарай 100 млрд долларға дейін жеткізу жөніндегі тапсырмасын орындауға мүмкіндік береді. Қа­зіргі уақытта қолданыстағы 10 ұлт­тық жобаның іс-шараларын Мемлекеттік жос­парлау жүйесіне және өзге де құ­жаттарға интегра­циялау бойын­ша жұмыс аяқталып қалды. Нақ­ты салаларды дамытуға бағыт­тал­ған 2029 жылға дейінгі 15 тұ­жырымдама бекітілді. Олар Пре­зиденттің сайлауалды бағдар­ламасын іске асыру жоспарымен үйлестірілген. Сондай-ақ жаңа фор­­маттағы «Жайлы мектеп», «Ауыл­­дағы денсаулық сақ­тауды жаң­­ғырту» ұлттық жобалары бе­кі­­тіл­ді. «Қолжетімді интернет» жо­ба­сы әзірленді», деді Е.Жа­мау­баев.

Ведомство басшысы Жоға­ры ауди­тор­лық палатаның ұсы­нымына сәйкес бюджеттің атқары­лу мониторингі реттеле­тінін атап өтті. Әсіресе инвестициялық жо­­балар бойынша бақылау кү­шей­тілмек. Сондай-ақ Үкімет Дү­н­ие­жүзілік банкпен бірлесіп, ква­зимемлекеттік секторды рефор­малау бойынша кешенді жұмыс­тар жүргізіп келеді. Бұл ретте ди­видендтік саясат та қайта қарас­тырылады. Квазимем­лекеттік сектор субъектілері қаражатының иге­рілуіне мониторинг жүргізу жә­не олардың есептілігіне қатысты мәселе жаңа Бюджет кодексінде ескеріледі.

 

Жобалардың құны асыра бағаланады

Бұдан кейін Жоғары ауди­тор­лық палата төрағасы Наталья Годунова баяндама жасады. Оның айтуынша, 2021 жылғы рес­­­публикалық бюджетті орындау туралы есептің қорытындысы бо­йынша 33 ұсыным берілген. Баян­дамашы өз сөзінде мемлекеттік орган­дарға сырттан тиімсіз қарыз тартқаны үшін салынатын айыппұл мөлшерін арттыруды ұсынды.

«Үкімет бюджет тәуекелдерін айқын­дап, 2050 жылға дейінгі мем­лекеттік қар­жы­ның ұзақмерзімді тұрақтылығына талдау жасады. Қарыз саясатында біртіндеп тәр­тіп пайда болып келе жатыр. Сыртқы қарыздарды тиімсіз тартқаны және оларды уақытылы игермегені үшін лауазымды тұл­ғалардың дербес әкімшілік жауапкершілігі енгізілді. Мұн­дағы 100 АЕК мөлшеріндегі айыппұл сомасын кө­бейту керек деп санаймыз. Салық түсім­дері­нің болжау тәсілдері өзгерді. Осы тәсілдер 2024-2026 жылғы бюд­жет кезеңін­де қалай жұмыс іс­тей­тінін көрсетеді. Осы кезге дейін квазимемлекеттік сектор субъек­тілерінің қолма-қол ақ­ша­ны бақы­лау шоттарындағы пай­даланылмай­тын қаражат мә­селесі шешілген жоқ. Мем­ле­кеттік меке­мелер эскроу-шоттар­ды жұмыс­тарды нақты орындамастан пайдалануын қоймай келеді. Мемлекет-жекеменшік әріптестігі саласында ашық­тық жоқ. Бұл сыбайлас жемқорлық тәуе­кел­дерін, сәй­кесінше инвес­торларды тар­туда қиындық туын­датады. Ал мемлекет-жеке­мен­­шік әріптестігі аясын­дағы кон­курстық рәсімдердің веб-порта­лын пилоттық режімде іске қосу енді ғана жоспарға еніп отыр», Н.Годунова.

Жоғары аудиторлық палата төрағасы­ның сөзіне сүйенсек, бюд­жет есебінен іске асатын жоба­лар­дың құнын асырып баға­лау белең алып тұр. Оның айтуынша, ми­нистр­ліктер жеңілдетілген несие мен пре­ференцияларды, кепіл берілген борыш­ты ұсыну кезінде аталған мемлекеттік қолдау өнді­рістерді кеңейтіп, жұмыс орын­дары­ның санын көбейтетінін негіз етіп көрсетеді.

«Ал көрсеткіштер көп сұрақ туын­дата­ды. Қаражат бөлінген жылы нәтиже бола қоймайтыны түсінікті. Бірақ орта мерзім­мен 3-5 жыл ішінде нәтижесі көрінуі керек қой. Сондай-ақ бюджетті тиімсіз қолдану тенденциясын ауыз­­дықтау да қосымша кіріс кө­зі бола алады. Төрт жыл бұрын жо­­балау-сметалық құжаттамада жоба құ­нын асырып көрсету дең­гейі – 30 пайыз, ал оның жалпы сомасы 1 трлн теңге бол­а­ды деп есептеген болатынбыз. Қазір жоба­лар­дың қымбаттауы жалпы сипат алып отыр. Оның жалпы сома­сы тіптен қомақты. Осыған бай­­ланысты әсіресе Индустрия жә­не инфрақұрылымдық даму министрлігі тарапынан ақылға қонымды шаралар, ал мемлекеттік сараптама тарапынан қатаң бақы­лау керек», деді Н.Годунова.

Бірлескен отырыс кезінде де­путат Ұласбек Сәдібеков те баян­­дама жасап, республикалық бюд­­жеттің атқарылуының негізгі тұс­тары мен өзекті мәселелеріне тоқ­талды. Оның айтуынша, Үкі­мет тарапынан шешімін таппай отыр­ған тағы бір маңызды мәсе­ле – салықтық жеңілдіктердің көптігі.

«Жоғары аудиторлық палата­ның баға­лауы бойынша 2018-2021 жылдар ара­лығында бюджетке толық түспеген қаражат көлемі 30 трлн теңгеден асады. Реттеуші нормативтік-құқықтық база әлсіз болғандықтан, салықтық әкім­ші­лен­дірудің қабылданатын шаралары да тиімсіз болып отырғанын атап өткім келеді. Басқаша айтқан­да, салықтық жеңіл­­діктер бар, бі­рақ олар дұрыс баға­лан­­байды. Олар­дың қажеттігі мен тиім­ділі­гін ешкім негіздеп айта алмай­ды, салықтық жеңілдіктер бо­йынша мониторинг пен талдау жүр­гі­зілмейді, тіпті олар­дың қолда­нылуы да бақыланбайды. Ұсыны­латын жеңілдіктер көлемі жыл сайын артып келеді, осы бұрын енгізілген жеңілдіктерден біздің экономикамыз қандай пайда көрді? Бұл сұрақтың жауабы жоқ», деді Ұ.Сәдібеков.

Депутаттың айтуынша, жос­пар­лау сапасының төмен болуы мен бюджет қаражатын тиім­сіз пайдалану әлі күнге дейін жал­ғасып келеді. Осы орайда Ұ.Сә­дібеков бюджетті 8 қайтара түзе­ту оның сапасы төмен еке­нін алға тартты. Бюджеттік бағдар­лама­лардың әкімшілері бюджетті формалды түрде атқарады.

 

Екі фракция қарсы шығып, қалғаны қолдады

Бірлескен отырыста депутаттар мем­лекеттік қарызды азайту үшін қандай қадамдар жасалып жатқанын сұраған. Премьер-министр мемлекеттік борышты азайту мәселесі Үкіметтің тұрақты назарында тұрғанын айтты.

«Қарыз сомасы қауіпсіз дең­гейде тұр. Ішкі жалпы өнім­ге шақ­қанда 24,7 пайыз­­ды құрай­ды. Мемлекеттік қарызды азай­­ту және соған қатысты бюджет шы­­ғын­­да­рын төмендету мә­се­ле­сін шешу үшін Үкімет бір­қа­тар шара қабылдады. Бірін­ші­ден, республикалық бюджеттің тапшы­лықты кезең-кезең тө­мен­детуі еске­рілген. Бұл өз ке­зегін­де жаңа қарыз­дарды алу­ды шек­тейді. Екіншіден, бюджет кірі­сін ұлғайтуға екпін қойылған. Бұл тұрғы­да салық әрі кеден са­ласындағы әкімші­лендіру ары қарай жетілдірілмек, яғни цифрландыру жалғасады. Мәселен, был­тыр­ғы жылдың қорытындысы бойынша республикалық бюджет­тің кірісі 42 пайыз­ға өсті. Ал биыл да өсім 40 пайыз шамасында болады деп жоспарланған», деді Ә.Смайылов.

Оның айтуынша, қарызды ішкі на­рық­тан теңге валютасында алуға екпін қойы­лып отыр. Бұл өз кезегінде валюта саласындағы тәуекелдерді азайтуға мүм­кін­дік береді. Осы орайда Үкімет басшысы алдағы 5 жылда мемлекеттің қарызы қауіп­сіз деңгейде болатынын атап өтті.

Талқылау барысында «Рес­публика» фракциясының же­тек­шісі Айдарбек Қожа­назаров Мә­жі­лістің бұған дейінгі жалпы отырысында республикалық бюд­жеттің атқарылуына қатысты бір­қа­тар ұсыным бергенін атап өтті.

ЖСДП фракциясының же­тек­шісі Асхат Рахымжанов таяу­­­да өткен Мәжілістің жалпы отыры­сында 2022 жылға ар­­нал­­­ған рес­публикалық бюд­жет­­тің ат­қа­рылуы туралы есеп­­тер­­ді қабыл­дауға қарсы екенін мә­лім­дегенін еске салды. Оның ай­туынша, партияның көзқара­сы өзгермеген. Депутаттар мемле­кеттік бюджетті пайдалану тиімді­лігін арттыру үшін азаматтарды көбірек тартудың маңызына тоқталды.

«Ақ жол» партиясы Үкіметтің есебін қол­­дамайтынын және оған қарсы дауыс беретінін айтты. Фрак­ция жетекшісі Азат Перуашев қарсы дауыс беруге кіріс­тер­дегі күмәнді жетістіктер, бюджетті жос­парлаудағы жауапсыздық, мұнайдан тыс бюджет тапшылы­ғының артуы, Ұлттық қор­ды талан-таражға салу сынды себептер негіз болғанын мәлімдеді.

«Amanat» партиясы фракция­сы Үкімет­тің 2022 жылғы рес­публикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебін аталған ескертулер­мен бекітуге болатынын жеткізді. Фрак­ция жетекшісі Елнұр Бей­сен­баев бюджет қаражатын игеру­ді емес, нақты нәтижеге қол жет­кізуді басты индикатор ретінде қарастыру керегіне тоқталды.

Парламент палаталарының бір­лес­кен отырысында Қазақстан Республикасының орнықты дамуы саласындағы ұлттық мақ­саттар мен міндеттердің іске асыры­луын мониторингілеу жөніндегі парламенттік комиссия құрамы бекітілді. Бірлескен ко­мис­сия құ­рамына Сенаттан – Мәулен Әшім­­­баев, Ольга Перепечина, Ас­қар Шә­кі­ров, Сүйіндік Алдашев, Нұр­төре Жү­сіп, Әли Бектаев, Нұрлан Бекназаров, Сер­гей Карплюк, Ақмарал Әлназарова; Мәжі­лістен – Альберт Рау, Нұртай Сабильянов, Аян Зейнуллин, Павел Казанцев, Асхат Рақым­жанов, Асқар Сады­қов, Ерлан Стам­беков, Гауһар Та­на­­шева, Динара Шүкіжанова енді.

Сондай-ақ бірлескен отырыс­та ­Пар­ламент «Прокуратура туралы» ҚР ­Конс­титуциялық заңына өзгеріс­тер мен толықтырулар ен­гізу туралы» Конс­ти­ту­ция­лық заң жобасын екі оқы­лым­да қарап, қабылдады. Заң жобасының бас­ты мақсаты – заңсыз иемденілген және шығарылған активтерді қайтару тетігін құру жөніндегі мәселелерді шешу. Сон­дықтан Мәжіліс депутаты Абзал Құспан аталған Конституциялық заң жобасын қабылдау уәкілетті органның активтерді қайтарудағы қызметінің белсенділігіне ықпал ететінін айтты.