Күрес • 21 Маусым, 2023

Жастардың жүлдесі қомақты

294 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қырғызстанның бас шаһары – Біш­кекте күрес түрлерінен жастар арасында өткен Азия біріншілігінде (U-23) Қазақстан құрамасы мол олжаға кенелді.

Жастардың жүлдесі қомақты

Әсіресе отандық грек-рим күресі шебер­лерінің табысы толғай болды. Финалға шық­­қан тоғыз балуанның төртеуі бас жүл­дені қанжығасына байлады. Олар – Құр­ман Аза­мат (60 кило), Елдос Кәмелов (63 кило), Ислам Умаев (97 кило) және Мақ­сат Сайлау (87 кило). Ербол Камалиев (55 кило), Асаухат Мұхамадиев (63 кило), Сы­­рым Сәрсен (67 кило), Ислам Евлоев (82 кило) және Джохар Узаров (130 кило) ше­шуші тұста ұтылып, күміс медальды қана­ғат тұтты. Нәтижесінде, жерлестеріміз жал­пы­командалық есепте бірінші орынды олжалады.

Сол секілді еліміздің еркін күрес ше­берлері де Азия біріншілігінің теңдессізі деп танылды. Бішкекте Ризабек Айтмұхан (92 кило) мен Юнус Гафуров (98 кило) қарсы келгендерді қоғадай жапырып, жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Ерасыл Мұхтарұлы (57 кило), Әсімжан Дас­танбек (61 кило) және Абылай Совет (125 кило) күміс алса, Ақбар Кұрбанов (65 кило), Ілияс Ерболатов (74 кило) және Нұрдәулет Қуанышбай (79 кило) қола медальды мойындарына ілді.

Бұрымдылардың бәсекесінде Ирина Куз­нецова (62 кило) алтыннан алқа тақса, Эллада Махяддинова (50 кило) мен Зейнеп Баянова (55 кило) күміспен күптелді. Ал Ни­луфар Раимова (57 кило), Альбина Кайыр­гелдинова (65 кило) және Іңкәр Жанатаева (76 кило) үздік үштікті түйіндеді.