АКРА халықаралық шкала бойынша Үкіметтің ұзақмерзімді несиелік рейтингін ұлттық және шетелдік валютада ВВВ+ деңгейінде, қысқамерзімді несиелік рейтингін ұлттық және шетелдік валютада S2 деңгейінде растады. Сондай-ақ ұзақмерзімді несиелік рейтинг бойынша валюталық болжам «тұрақты». Болжам бойынша 12-18 айлық көкжиекте рейтингтің өзгермеуі ықтималдығының үлесі жоғары.
Бағалаудың оң факторларына: жалпы экономикалық тұрақты динамика, әлеуетті деңгейдегі нақты өсім, құрылымы қолайлы мемлекеттік қарыздың қалыпты деңгейі, сарабдал ақша-несие саясаты, институционалдық орта маңызының күшеюі жатады. Сонымен бірге агенттік шолуында экономиканың квазимемлекеттік секторының елеулі шартты міндеттемелері, өнеркәсіп секторын әртараптандырудың төмен деңгейі, сыртқы сауда шеңберіндегі негізгі тауар топтарына жоғары тәуелділік, жоғары инфляция теріс факторлар ретінде көрсетілген.
Республикамыздың BBB+ деңгейіндегі тәуелсіз несиелік рейтингіне мемлекеттік борыштың төмен деңгейі, Ұлттық қордағы өтімді активтердің және халықаралық резервтердің жеткілікті көлемі сынды түбегейлі негіздемелер ықпал еткен. Несиелік рейтингке қысым жасайтын факторлар экспортты әртараптандырудың төмен деңгейі, шартты міндеттемелерді іске асыру тәуекелі, сондай-ақ экономикадағы инфляцияның созылмалы сипаты болып отыр.
Былтыр күрделене түскен сыртқы саудадағы экспорттық шикізат өнімдерін тасымалдау мен логистикадағы тәуекелдер ішінара төмендейді. Сондай-ақ АКРА 2023-2024 жылдары елімізге инфляцияның жоғарылауы, қатаң монетарлық саясат және ұлттық валютаның аздап әлсіреуі тән болады деп болжайды.
Агенттіктің есептеуінше, 2023-2024 жылдары мемлекеттік бюджет тапшылығы өткен жылдың соңындағы ЖІӨ-нің 2,7-2,5%-ын құрайды. Мемлекеттік борыш деңгейі өткен жылдың соңындағы 22,9%-бен салыстырғанда (елдің монетарлық билігінің борышын есепке алмағанда) ЖІӨ-нің 22,5-23,1%-ын (Ұлттық банк берешегін есепке алмағанда) құрауы мүмкін. Агенттік бағалауынша, біздің ел үшін бұл деңгей қалыпты, өйткені болашақта қарсы циклдік бюджет саясатын қолдану мүмкіндігін сақтайды. Елдің Бюджет кодексінің кепілді трансферттің мөлшерін айқындау бөлігінде жаңа бюджеттік ереже бекітіліп, ол контрциклизмді күшейтуге бағытталған. Осы ережеге сәйкес кепілді трансферттің мөлшері кесу бағасы кезінде ҰБ-ға болжамды түсімдерден аспауға тиіс. Бұл жаңашылдық фискалдық маневрдің мүмкіндіктерін кеңейтіп, экономиканың ықтимал сыртқы күйзелістерге төтеп беруіне көмектеседі.
Ұлттық қор трансферті бюджеттің теңгерімділігін қамтамасыз етуде әлі де маңызды рөл атқарады. Бірақ оны орта және ұзақмерзімді перспективада бюджеттік мақсаттарға пайдалануды қысқарту көзделген. Ағымдағы жылғы сәуірдегі жағдай бойынша ҰҚ активтері өткен жылғы ЖІӨ-нің 26%-ын құрады. Сондай-ақ ол ел бюджеті үшін сенімді «қауіпсіздік көпшігін» қамтамасыз ете отырып, мемлекеттік қарыздың шамамен 110%-ын (ҰБ қарызын есептемегенде) жапты. Агенттік бюджет шығыстары құрылымындағы пайыздық төлемдер үлесінің ұзақмерзімді өсу үрдісін атап көрсеткен. Бұл бюджеттік құбылмалылық тәуекелімен бірге несиелік рейтинг бойынша болжамға қысым жасайды. Іс жүзіндегі кейбір тәуекелдер әлі де квазимемлекеттік сектордың шартты міндеттемелерімен байланысты, ал сектордың өзі белсенді жаңғыру сатысында.
Еліміздің сыртқы позициясының тұрақтылығы ағымдағы операциялар шотының оң динамикасы, негізінен тікелей инвестициялармен ұштасатын қаржы шоты бойынша міндеттемелер құрылымы, сондай-ақ халықаралық резервтердің жеткілікті көлемі есебінен қамтамасыз етіледі. 2022 жылы тауарлар импортын алтын-валюта резервтерімен жабу коэффициенті он айға жуық уақытқа жалғасты. АКРА орташа экономикалық белсенділік аясында ағымдағы жылы импорт көлемінің аздап өсуін, тиісінше, импортты елдің алтын-валюта резервтерімен жабу көрсеткішінің біршама өсуін болжайды.
Қоғамдық институттардың әлсіздігі, мемлекеттік билік институттары қызметінің төмендігі және мемлекеттік басқарудың салыстырмалы түрде төмен сапасы бизнес-ахуалға теріс әсер етеді. Дегенмен агенттіктің атап өтуінше, кейінгі кездері еліміздегі қоғамдық және мемлекеттік институттар оң өзгерістерді бастан кешіріп жатыр. Бұл ретте АКРА саяси бәсекелестіктің күшеюін, институттардың жаңаруын және 2022 жылғы конституциялық реформаларды атап өтеді. АКРА сонымен қатар Реформалар жөніндегі жоғары кеңес пен Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттіктің құрылуын оң бағалайды. Өйткені бұл еліміздің мемлекеттік басқару жүйесін реформалауға ден қойғанын көрсетеді.
Қаңтар оқиғасынан кейін мәлімделген реформалар шеңберінде елде инвестициялық саясаттың жаңа тұжырымдамасын енгізу, халықтың табысын арттыру бағдарламасын әзірлеу, квазимемлекеттік секторға көзқарасты қайта қарау, мемлекеттік басқарудың кешенді реформасын және бюджетаралық қатынастарды реформалауды жүргізу, мемлекеттік компанияларды жекешелендіру бағдарламасын пысықтау, импортты алмастыруды күшейту, тауар қауіпсіздігі мәселелерін шешу, сондай-ақ әлеуметтік кодексті қабылдау ұсынылды. Мәлімделген реформалар аясында оң нәтижелерге қол жеткізіліп, мемлекеттік институттардың сапасын арттыруға күш-жігер бағытталып отыр.
АКРА тәуелсіз моделінің базалық бөлігіне сәйкес еліміздің индикативтік рейтингі ВВВ деңгейінде айқындалған. Бірқатар модификаторлар индикативті несие ұпайын арттыруға мүмкіндік береді. Оларға халықаралық шкала бойынша тәуелсіз эмитенттерге несиелік рейтинг беру әдістемесімен анықталған экономикалық өсу әлеуеті, тәуелсіз қорлар, валюта режімінің тұрақтылығы, соңғы саяси шешімдер, сыртқы қарыздың тұрақтылығы сияқты модификаторлар жатады. Теріс түзету шартты міндеттемелер және оларды іске асыру тәуекеліне сәйкес жасалды.
Жоғарыда көрсетілген модификаторларды ескере отырып, Қазақстанның индикативтік несиелік рейтингі жоғарылайды. Қорытынды несиелік рейтинг ВВВ+ деңгейінде айқындалады. Қорытынды несиелік ұпайларды түзете алатын аналитикалық түзетулер мен шектеулер болмауына байланысты шетел валютасындағы ұзақмерзімді рейтинг ВВВ+ деңгейінде расталды.
Мемлекеттік басқарудың тиімділігіне және ұзақмерзімді кезеңдегі мемлекеттік институттардың тұрақтылығына айтарлықтай оң әсер ететін саяси реформалар, мемлекеттік қаржының ұзақмерзімді тұрақтылығын және экономикалық өсу әлеуетін едәуір арттыратын жүйелі әлеуметтік-экономикалық шешімдер қабылдау оң рейтингтік әрекетке әкелері сөзсіз. Ал оған кері жағдайдың туындауы банк секторындағы ахуалдың айтарлықтай және күрт нашарлауы, экономикалық белсенділіктің айтарлықтай және ұзақмерзімді төмендеуі, ұлттық валютаның күрт әлсіреуі және мемлекеттік қарыз құнының өсуімен байланысты болуы мүмкін.