Несие • 22 Маусым, 2023

Автобусқа арналған автонесие

6047 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жылдық 4 пайыздық ­мөл­­шерлемемен беріле­тін же­ңілдетілген автонесие бағ­дарламасының сипаты ­ауысты. Енді аталған бағ­­дарлама аясында қо­ғам­дық көліктерді сатып алуға несие беріледі. Қа­зірге дейін револьверлік жүйе бойын­ша жиналған 100 млрд теңге қаражат қо­ғамдық көлікті сатып алуға жұмсалмақ.

Автобусқа арналған автонесие

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Индустрия және инфра­құрылымдық даму министрі Марат Қарабаевтың айтуынша, өңірлердегі автобус парктері әбден тозған. Сондықтан қара­жатты солай қарай бағыттау туралы шешім қабылданыпты.

«Бірқатар өңірлерде, Талды­қорғанда, Оралда болдық. Жер­гілікті атқарушы орган өкілдері негізінен автопарктің ескіруі мә­селесін көтереді. Еліміз бо­йын­ша 10 525 автобус болса, со­ның 45 пайызы – ескірген кө­лік­тер. Мысалы, Қостанайда ес­кі­ру көлемі 90 пайызға жетсе, Тал­дықорған мен Оралда – 70 пайыз. Сондықтан қолда бар қаражатты мейлінше тиімді пайдалану керек болып тұр. Осы­ған байланысты қаржыны қо­ғамдық көлікті не­сие­леуге бағыттамақпыз. Елімізде қоғамдық көлікті күн сайын 9,3 млн адам пайдаланады. Біздегі басты басымдық – солардың қажеттілігін қанағаттандыру», деді министр.

Бағдарлама аясында жеңіл­детілген автонесие берудің нелік­тен тоқтатылғанын вице-министр Ілияс Оспанов та түсіндірді.

«Бізде екі бағдарлама бар. Оның бірін – Қазақстан Даму банкі, екіншісін – Өнеркәсіпті дамыту қоры дайындайды. Енді Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы жүзеге асырылатын бағдарламаға өзгеріс енеді. Біздің алдымызда қаражатты тиімді пайдаланудың жолын табу туралы міндет тұр­ды. Ақша бар, бірақ ол бәріне жет­пейтін еді. Міндетіміз – күн сайын қоғамдық көлікті пайдаланатын 9,2 млн адамды сапалы автобустармен қамтамасыз ету. Жергілікті атқарушы орган­дармен жиналыс өткізіп, ұсы­ныстарды сараладық. Қазіргі уақытта 2 мың автобусқа өтінім бердік. Соның тең жартысы Алма­ты әкімдігінен келді», деді Ілияс Оспанов.

Өнеркәсіпті дамыту қорының хабарлауынша, елде автобус са­тып алуға арналған несие бағ­дарламасы бұрыннан бар. Жұмыс істеген бес жыл ішінде 3,5 мың­нан астам жаңа автобус қо­сыл­ған. Енді жеңілдетілген авто­несие бағдарламасынан ауыс­қан қосымша қаражат қоғам­дық транспорт сатып алу жүйесіне тың серпін береді.

«Егер жеңілдетілген автонесие беру бағдарламасы бойынша ай сайын 120 адамды машина­мен қамтамасыз етуге болатын болса, қаражатты қайта бөлген жағдайда бір айда 15 мыңға жуық жолаушы тасымалдайтын 20 автобус сатып алуға болады. Жаңа автобустар бейнебақылау камераларымен, бейнежазба жүйесі­мен, кондиционерлермен, маршрут көрсеткіштерімен, мүгедектерге арналған механикалық пандус­тармен жабдықталған және жолаушыларды қауіпсіз және жайлы тасымалдаудың барлық талаптарына лайық жасалған. Сонымен қатар сатып алынатын электр автобустары мен сығымдалған газбен жүретін автобустар ат­мос­фераға зиянды заттардың шы­ғарылмауы есебі­нен қалалардағы экологиялық жағ­дайға тиімді», делінген қор­дың ресми хабарламасында.

Өнеркәсіпті дамыту қоры бас­­қарма төрағасының орынбасары Ринат Ғаппаровтың айтуынша, жаңа қаражаттың бөлінуі арқасында жылына 700 авто­бус­ты жаңарту мүмкіндігі туады.

Қолданыстағы автобустарды лизингтік қаржыландыру бағ­дарламасының шарттары: ли­зинг­тік қаржыландыру мерзімі – 7 жылға дейін; лизинг бойынша бастапқы жарна – лизинг нысанасы құнының кемінде 15%-ы; жылдық сыйақы мөлшерлемесі –7%.

Елімізде жылдық 4 пайыз­­дық жеңілдетілген автонесие бағ­­­дар­ламасы 2022 жылғы 16 мамыр­­да басталған. Алайда басталға­лы несиеге өтінім қабылдайтын платформа дұрыс жұмыс істей алған жоқ. 6 ақпанда қанатқақты жоба өтінім қабылдай бастады, бірақ жаңа порталдың жұмыс істеу ұзақтығы 18 секундқа ғана созылды.