«Өздеріңізге мәлім, Қазақстан Республикасы өзінің мүмкіндіктеріне орай достас Сирия халқын және сирияішілік реттеу процесін қолдауға күш-жігерін салып келеді. 2017 жылғы қаңтардан бастап бүгінгі күнге дейін кепілгер елдер – Иран, Ресей және Түркияның мәмілегерлігімен, сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымының қолдауымен Сирия жөніндегі халықаралық кездесудің 20 раунды ұйымдастырылып, оның он сегізі Қазақстанда өткізілді. Қазақстанда өткен Сирия жөніндегі Астана форматы шеңберіндегі келіссөздердің деэскалация аймақтарын құру, жанжалдасушы тараптар арасындағы қантөгісті тоқтату және адам шығындарын азайту тәрізді бастапқы мақсаттары бүгінгі күні толықтай орындалды», деді Қ.Тұмыш.
Сондай-ақ спикер Астана процесі алты жылдың ішінде Қазақстанның бітімгерлік бағытындағы әлеуетін көрсеткенін атап өтті. Сирия халқы үшін қиын да тағдырлы кезеңде Астана процесінің барлық қатысушыларының елеулі үлесіне ризашылық білдірді.
«Біз барлық қатысушылардың жақсы ниеттері мен бітімгершілік күш-жігерлерін жұмылдыру арқылы осы асыл миссия мәлімделген жоғары мақсаттарға қол жеткізеді деп сенеміз. Бүгінгі таңда Сирия төңірегіндегі ахуал түбегейлі өзгеруде. Оның бір дәлелі болып араб мемлекеттерінің Дамаскпен дипломатиялық байланыстарын жандандыруға ұмтылысы, ал нақты көрінісі – Сирияның Араб мемлекеттері лигасына оралуы. Сонымен қатар осы 20-шы халықаралық кездесу шеңберінде Сирия-Түркия қатынастарын қалыпқа келтіру бойынша «Жол картасы» жобасын дайындау барысын талқылау мақсатында Иран, Ресей, Сирия және Түркия сыртқы істер министрлері орынбасарларының консультациялары нәтижелі өтті», деді Қ.Тұмыш.
Сыртқы істер министрінің орынбасары Астана процесі өз міндетін аса абыроймен атқарғанына тоқталды. Осы келіссөздер нәтижесінде Сирия аймақтағы оқшауланудан біртіндеп құтылып келеді.
«Осы ретте аталған қол жеткізілген жетістіктерді, оның ішінде Сирияның араб отбасына қайта оралуын назарға ала отырып, Сирия бойынша бүгінгі кезекті 20-шы отырысты Астана процесі шеңберіндегі соңғы іс-шара деп ресми жариялаймыз», деді Қ.Тұмыш.
Осыдан кейін Астана процесіне қатысушылардың бірлескен мәлімдемесі қабылданды. Құжатта кепілгер мемлекеттер – Иран, Ресей және Түркия әлемдегі және аймақтағы жағдайдың дамуын қарастырып, Сирия дағдарысын тұрақты реттеуге жәрдемдесудегі Астана процесінің жетекші рөліне тоқталды.
«Сирия Араб Республикасының егемендігіне, тәуелсіздігіне, бірлігі мен аумақтық тұтастығына, сондай-ақ БҰҰ Жарғысының мақсаттары мен қағидаттарына өздерінің мызғымас адалдықтарын қуаттады және бұл принциптерді жалпыға бірдей сақтау және құрметтеу қажет екенін атап өтті.
2023 жылғы 20 маусымда Астанада Ресей Федерациясы, Иран Ислам Республикасы, Сирия Араб Республикасы және Түркия Республикасы Сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары арасында өткен консультациялардың сындарлы сипатына назар аударады.
Соның нәтижесінде Түркия мен Сирия арасындағы қарым-қатынастарды қалпына келтіру бойынша жол картасы дайындалады (төрт елдің қорғаныс министрліктері мен арнайы қызметтерінің жұмысымен келісім жасалады). 2023 жылғы 10 мамырда Мәскеуде өткен Сыртқы істер министрлерінің және 2023 жылғы 25 сәуірде Қорғаныс министрлерінің төртжақты кездесулерінде қол жеткізілген уағдаластықтарды орындау үшін осы саладағы белсенді күш-жігерді жалғастырудың маңызына екпін береді», делінген бірлескен мәлімдемеде.
Сонымен қатар терроризммен күресу, сириялықтардың қауіпсіз, ерікті және лайықты оралуы үшін тиісті жағдай жасау мәселесі де көрсетілген. Саяси процесті жандандыруға, аталған елге гуманитарлық көмектің кедергісіз жеткізілуіне басымдық беруді де атап өткен.
«Терроризмнің бүкіл түрі мен көрінісіне қарсы күресуге, сондай-ақ Сирияның егемендігі мен аумақтық тұтастығына нұқсан келтіретін, көршілес елдердің ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіруге бағытталған сепаратистік жоспарларға, оның ішінде трансшекаралық шабуылдар мен инфильтрацияға қарсы тұру мақсатында ынтымақтастықты жалғастыруға бел байлады. Сирияның түкпір-түкпірінде түрлі атау жамылып әрекет ететін лаңкестік топтар мен оларды жақтаушылардың әрекеттерін, соның ішінде бейбіт тұрғындардың құрбан болуына әкеліп соқтыратын азаматтық инфрақұрылым мен ішкі көші-қон лагерлеріне жасалған шабуылдарды айыптайды. Кепілгер мемлекеттер Сирияның солтүстігіне қатысты қолданыстағы барлық келісімдердің толық орындалуы қажеттігін атап өтті.
Идлиб деэскалация аймағындағы жағдайды егжей-тегжейлі қарастырды. Ондағы және көршілес өңірдегі жағдайды, соның ішінде гуманитарлық жағдайды тұрақты қалыпқа келтіру үшін одан әрі күш салуға келісті. Олар Идлиб бойынша барлық қолданыстағы келісімдерді толық орындау арқылы тыныштықты сақтау қажеттігін атап өтті», делінген бірлескен мәлімдемеде.
Бір қызығы, келіссөзге қатысушылардың көпшілігі мұндай шешімді күтпеген екен. Мәселен, Ресей президентінің Сириядағы ахуал жөніндегі арнайы өкілі Александр Лаврентьев журналистерге берген сұхбатында мұны жасырған жоқ. «Шынымды айтсам, бүгін біз үшін күтпеген жағдай болды. Бұл – Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ұсынысы. Астана алаңы жеткілікті деңгейде өз міндетін атқарды деп санап отыр», деді А.Лаврентьев.
Ирандық делегацияны бастап келген дипломат, Сыртқы істер министрінің орынбасары Али Аскар Хаджи журналистерге берген сұхбатында Астана процесі ауқымды жұмыс атқарғанын атап өтті.
«Сирия мен Түркия арасындағы қарым-қатынасты қалыпқа келтіру мақсатында Сирия, Түркия, Иран және Ресей Сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары деңгейінде екінші кездесу өткіздік. Қазіргі таңда Сириядағы тұрақтылық пен қауіпсіздік бұрынғыға қарағанда жақсарған. Сыртқы саясатта елеулі өзгерістер орын алды. Аталған мемлекет көптеген араб елдерімен дипломатиялық қарым-қатынастарын қалпына келтірді, Араб лигасына қайта оралды. Осы уақыт ішінде Сирия мен Түркия арасындағы қарым-қатынастарды қалыпқа келтіру үшін әскери, қауіпсіздік және сыртқы істер министрлері деңгейінде әртүрлі деңгейде көптеген кездесу өтті. Сыртқы істер министрлеріміздің Сирия мен Түркия арасындағы екіжақты қарым-қатынастарды қалыпқа келтіруге арналған жол картасының жобасын әзірлеуге уағдаласуын ескеріп, бұл кездесу өте сәтті өтті деп есептейміз. Біз диалогті қамтамасыз еттік, пікір алмастық. Біз әртүрлі идеялармен таныстық және әрине Сирия, Сирия және Түркия арасындағы қарым-қатынастарды қалыпқа келтіру үшін жол картасын әзірлеу процесі басталды. Бұл жұмыс жалғаса береді», деді А.Хаджи.